Әбдіғалым ишан Рысмағанбетұлы 1865-1914 жылдары Шалқар өңірінде өмір сүрген. Әбдіғалым ишан Бұхара, Хорезмде білім алған. Қажылыққа барған. Сол кезеңдегі кедергілерге қарамастан Бегімбет пен Бозой елді мекендері арасында орналасқан Қаратөбел жерінде мешіт, медресе салып, жас буынға дәріс берген. Қазіргі таңда атамыз салған медресе сақталмағанмен, медресенің тұрған орны, қорымы бар.
Әбдіғалым ишан 1865 жылы бұрынғы Ақмешітте (қазіргі Қызылорда облысы Арал ауданы Құланды елді мекенінде) дүниеге келген. Ертеректе Арал теңізінің жағасы мен Ырғыз, Борсық құмының арасы — Қабақ руы ұрпақтарының жазда жайлауы, қыстыгүні қыстауы болған мекен.
Ишан өзі туған ауылында алғаш мұсылманша сауатын ашып, хат таниды. Кейіннен Ташкент шаһарындағы Көкілташ медресесінде білімін жалғастырып, сондағы талап бойынша сынақтан өтеді, имамдық атаққа ие болады. Жергілікті халық ишанның дінге беріктігін, халқына сіңірген еңбегін, білімдарлығын бағалап, Шалқар өңірі Бозой аулынан 60 шақырым жерде орналасқан Құланды (бұрынғы атауы— Төбебұлақ) елді мекенінде орналасқан мешітті Әбдіғалым ахунның атымен атап келген. Мешіт 1995 жылы ауыл азаматы Алдоңғар Қалуетұлының басшылығымен халық қаражатына тұрғызылған. Осы мешіт заңды түрде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тізіміне енгізілген.
Араға 26 жыл салып өткен жылы Әбдіғалым ахунның мешіті сол ауылдың әкімі мен жастарының басшылығымен және олардың мұрындық болуымен жасалған іс-шаралар арқасында сол елді мекен тұрғындары мен бала кезінен мешіт туралы ата-анасынан естіп-біліп өскен азаматтардың қаражатына күрделі жөндеу жұмысы жасалды.
Атамыз Әбдіғалым ишан Рысмағанбетұлы көптеген шәкірт тәрбиелеген. Олар Бердімағамбет Бегейұлы, Жанаман Сейітімұлы, Бейбітәлі ақын, Дәулет ақын, Зағит, Қасым, Бердіқожа, Үсен, Жалтума ақын, Жиенқұлұлы, Әбдіжамил, Әбдітәуап. Бүгінде Әбдіғалым ақсақалдан өрбіген ұрпақ бір қауым елге айналды. Әбдіғалым ишан ұлы Әбдіоқап Бұхара, Хорезмнен діни білім алған. Әбдіоқап атамыз 1925-1928 жылғы байлар мен діни қайраткерлерді қудалау кезеңінде заманында запыран құсқан сұрапыл саясаттың құрбаны болып, 28 жасында дүниеден озған деген мәлімет қана бар. Әбдіғалым ишан ұлы Әбдіжамил (1900-1969 ж.ж.). Әбдіжамил Бұхара, Хорезмнен білім алған және қажылыққа барған, осы күнгі Шалқар қаласында мешіт имамы болып қызмет атқарған. Әбдіғалым ишан ұлы Әбдітәуап (1912-1982 ж.ж.) Бұхара, Хорезмнен білім алған, қажылыққа барған, осы күнгі Шалқар қаласында мешіт имамы (1970 ж.-1982 ж.) болып қызмет атқарған.
Осы естелік өскелең ұрпақ Ақтөбе өңірінде медресе салып, тарихта белгілі бір із қалдырған тұлғалардың бірі — Әбдіғалым ишан Рысмағанбетұлын тани жүрсін деген мақсатпен жазылды.
Махмут ӘБДІҒАЛЫМ.