Уақыт жылжып, жас үлкейген сайын балдәурен шағың сағымға айналып, сол бір шуақты сәттерден асыл достардың жүзін алдыңа елестеткің келеді. Балғын шақтағыдай түгелімен қарттықтың асқар шыңына да бірге жеткенде ғой шіркін деп, қиялдайсың. Арамыздан жүзін бақиға бұрған Юнис досым есіме түскенде осылай армандап, оңашада ой орманында адасамын. Біздің достығымыз қара сирақ ойын баласы кезден қаланды. Қатарластардың барлығы— үлкенге құрмет деген қағиданы берік ұстанатын-ды. Әкем Сыражадиннің беделі болар, үйімізге елге сыйлы кісілер көп келуші еді. Дастарханымыздан дәм татып, ұзақ уақыт көшелі әңгімелер айтатын.
Әсіресе, қазаққа белгілі қайраткер жазушы Ілияс Есенберлиннің маңдайымыздан талай сипағанын әлі күнге дейін мақтанға балайтыным да сондықтан…
«…1951 жылдың жазы. ҚазГУ-дің бірінші курсын ойдағыдай аяқтап, көтеріңкі көңіл күймен қызыл вагонмен елге, Шалқарға келдім. Бір аптадан кейін Бершүгір тауы етегіндегі көп ұлт өкілдері тұратын көмір Шахтасы поселкесіне жол тарттым. Онда, шахтада крепильщик болып істейтін Жалекен Жолымбетов аға тұратын-ды.
Аға бірден: — Шахтаны басқаратын осында аса білікті, инженер-геолог Ілияс Есенберлин деген азамат тұрады. Бар. Сәлем бер, көп нәрсені айтады; деді де:Ол рабкооп бастығы Сыражадин Әспеновтің үйінде тұратын-ды қазір», деп жазыпты мақаласында қарт журналист Шалқарға белгілі ақсақал Тауман Төреханов (№20. 19.05.2021 жыл. «Шалқар» газеті).
Сонау дүрілдеген кезін айғақтайтын қазір бір белгісі қалмаған киелі жұрт — Шахтаны көргенде көңіл құлазиды. Сол көңіл айдынындағы сеңді осында бірге ойнаған ақпейіл достарға деген сағыныш сезімі бұза алады. Төріңе шықса төредей болып көрінетін жастық шақтан сырымыз бүгілмеген Юнис Ыбырашұлының орыны мен үшін бір бөлек.
Юнекеңді 1956 жылы осы Шахты поселкесіндегі мектептің 1-ші класына бірге қабылданғаннан жақсы білемін. Үйіміз көрші тұрды. Оның әкесі Шахтадағы МТС-та желілік партком хатшысы, менің әкем рабкооп председателі қызметтерін атқарды. Бірінші кластан төртінші класқа дейін екеуміз мектепке бірге барып, қайтып, үздік оқыдық. Бірінші класқа барарда 1956 жылы 30 тамызда менің інім Исағұл туылды, қазан айында Юнистің інісі Юсуп туылды.
Бір жылдан кейін жазда екеуін велосипедке мінгізіп алып жүретін едік. Ауылда екеумізде ғана велосипед болды, онда «Школьник», менде «Орленок» велосипеді. Төртінші кластан кейін олар басқа жаққа көшіп кетті. 8-класқа дейін Юнис маған хат жазып тұрды. Бала кезден аудандық газетке оның мақалалары шығып тұрды. «Мақалаңды оқыдым» деп бір сөзбен мен хат жазатынмын. Содан кейін ол хатты үдететін. Үйінде екі әжесі болды. Анасы өте жақсы адам еді. Үйдің іші- сыртын ойнап астаң-кестеңін шығаратын едік, сонда анасы бір қабақ шытпайтын. Шахтада ол кезде орыстар, шешендер, немістер, кәрістер, басқа да ұлт өкілдері көп болды. Поселкенің ортасында өзен бар. Соған жазда шомыламыз. Қыста мұз қатқанда коньки, шаңғы тебеміз, хоккей ойнаймыз. Юниспен достығымыз оқу бітіріп келгеннен кейін Шалқарда жалғасты. Ол аудандық комсомол комитетінде, мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында қызметте жүргенде бірге жүріп, бірге араластық.
Соңынан аудандық атқару комите-тінде ол жауапты хатшы, мен төраға орынбасары болып, қатар қызмет істедік. Аудан басшылары біздерге саяси науқандарды, Жоғары, жергілікті Кеңес сайлауларын сеніммен тапсыратын. Республикадан, облыстан келетін лауазымды қонақтарды күтіп алып, қызмет жасап шығарып салуды ұйымдастыруды біздерге жүктейтін.
1974 жылы комсомол комитетінде бірінші хатшы, одан соң аупартком мүшесі, бюро мүшесі болды. Осы кезеңдерде шұбартаулықтардың бастамасымен Қазақстанда қойдың санын 50 млн.-ға жеткізу бастамасымен ауданымызда да екпінді жұмыстар жүрді. Сонау Шұбартау еліне барып, ондағы белсенділердің тәжірибесін көріп, Шалқардан комсомол жастар бригадасын құрғандардың бірі —Юнис болатын. Ол жұмыс барысында үлкенмен де кішімен де тең сөйлесті, қарапайымдылығымен көптің тілін таба білді. Осындай қасиетімен комсомол жастар бригадасының жетекшілері, үш мәрте «Ленин» орденінің иегері атанған Ысқақ Абдуллин, еңбегімен есімі елеулі Сайын Қуанышкереев сынды алдыңғы толқын ағаларының еңбегін ерекше бағалап, көпке үлгі етті. Ол кезде Шалқар ауданының 8 кеңшарында 400 мыңдай қой болды. Бригадада еңбек ететін жастардың алатын айлығы басында 37 сом болса, кейіннен 90 сомға көтерілді. Қандай істе де өзіңе сенімді әріптес, ақылшы ағаларың болмаса шаруаның қисыны келе қоймайды. Бұл ретте Юнекеңді қуаттайтын Ахметжан Төребаев, Саудағазы Есбосынов, Серікбай Бақтыбаев, Жәңгір Бимаханов, Еламан Мәмбеталин, Қалмақан Төлеуов сынды, т.б. марқасқа ағалары болды.
1986 жылдан бастап мен ШЧ-3 мекемесінде, ал ол ЭЧ-7 мекемесінде бас бухгалтер болып қызмет істедік. Осы жерде жүріп, жоғарыдан берілген тапсырмаларға сәйкес қосалқы шаруашылықтарды аштық. Үкімет қаулысына орай «Тұрғын үй — 91» бағдарламасы шеңберінде бірқатар жұмыстарды қолға алдық. Юнис үйлерді жекешелендіруге көп еңбек сіңірді. Тіпті аудан кеңшарларына демеушілік жасадық.
Іскер адамның артында ізгілікпен өрілген ізі қалатыны даусыз. Юнис еске түссе көзі тірісінде Шалқар үшін жасаған жұмыстары көз алдыңда тізіледі. Теміржолдың белді мекемесінде есепші бола жүріп, ауданның қоғамдық іс-шараларынан да қалыс қалмады. Жергілікті теміржолшыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, әлеуметтік ахуалын көтеру мақсатында Шалқар қаласы іргесінен Жомарт кеңшарын құруға біркісідей атсалысты. Қазір сол Жомарт ауылында 23 үй бар, тәуелсіздік жемісімен көгілдір отынмен де қамтылды.
Юнис теміржол саласында жүріп, Шалқар көлі жанынан инкубатор тауықтар, қаз-үйректер өсіріп, өлке жұртшылығы үшін тың шаруашылықты қолға алды. Мал өнімдерін өткізу мақсатында терілерін өңдеп, тондар тігіп, балық аулау ісін де алға қойды. Тізе берсек, оның тың идеялардан туындаған бастамалары көп еді. Ой сүзгісіне салады да жұрт қолдайтын бір істі тәуекелмен бастап кететін. Мұндай «батырлық» көбінің бойынан табылмайтыны шындық.
1986-1994 жылдар аралығында Ақтөбе жол бөлімшесінде, Батыс Қазақстан теміржол басқармасында тоқсан сайын есеп тапсырғанда бірге барып, бірге жүрдік. Ол жылдары да қызықты болды. Мені «верховный главный бухгалтер», оны «главнейший главный бухгалтер» дейтін.
1993 жылы қазанда ол Ақтөбе жол бөлімшесіне қаржы бөлімінің бастығы болды. Өмір бізді о бастан табыстырып қойған секілді. Аупартком ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Б.Алагөзов 1974 жылы мені аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшылыққа ұсынды. Мен өз мамандығыммен «жұмыс істеймін» деп, комсомолға барудан үзілді-кесілді бас тарттым.
Сол кезде ұсынылған Ю.Шәңгірбаев аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына өтіп кетті. Содан кейін 1981 жылы ол аудандық атқару комитетінде жоспарлау бөлімінің төрағасы болып ауысып, мен сол орынға келдім. 1993 жылы қазан айының 15-терінде Ақтөбе теміржол бөлімшесінде қорытынды есеп тапсырып жатқанымда мені жол басқармасы бастығының бірінші орынбасары Кеңес Тәжібеков шақырып алып, «Ақтөбеге (НОДФ) жол бөлімшесіне қаржы бөлімінің бастығына» адам іздеп жатырмыз, өзің сияқты өзіміздің жігіттерден кім бар деді. Мен ойланбастан «Менің досым Шәңгірбаев Юнис бар, оның балалары Ақтөбеде оқиды» дедім.
Ол кісі: «ешкімге айтпа, өзім хабарын беремін» деген. Мен қуанышым қойныма сыймай, Юниске жеткенше таксимен бөлімге келіп, есеп беріп жатқан оны оңаша шақырып алып: «НОДФ болуыңмен құттықтаймын», дедім. Ол «есің дұрыс па, ана есеп баланс бермей жатыр, тұра тұр артынан сөйлесеміз», деп жұмыс істеп отырған жеріне кетті.
Мен барып: «Любовь Викторовна, у нас важная события, разрешите нам здавать отчет завтра, мы обмывать пойдем» деп «Елек» қонақ үйіне барғанымыз есімде… Артынан Қотыртасқа жүрген жерінен түн ортасында маған телефон соғып: «Мені шақырып жатыр, не істеймін» деді.
«Не істейсің, әдемі киініп алып жолға шығасың» десем, «ойнамасайшы» деді ол менен мәнді жауап күтіп…
1995 жылы жанұямызбен Сарыағашта,1996 жылы Бейбітті оқуға түсіргенде, бүкіл бала-шағамызбен Алматыда демалдық. Соңғы рет 1998 жылы қыркүйек айында Ұран Бақтыбай атамызға Бозойда ас бергенде, Шалқарға келді. Депоның «Уазигімен» мен алып барып қайттым. Қайтарда Ұзақбай екеуі біздің үйде болды. Түнгі пойызға дейін күліп-ойнап, қалжыңдасып, үшеуміз өткен-кеткенді әңгімеледік. Оның атап өтер тағы бір қасиеті — мәмілегерлігі. Жазылған шағымдарды жігін жатқызып, шаруаны шешуге шебер еді.
Еңбегімен ел құрметіне бөленіп келе жатқанда ол 1999 жылы 50-ге қараған шағында өмірден өтті. Ел ауызында жиі айтылатын «орны бар оңалар» деген сөздің қасиеті мол екен. Осы қағиданы Юникеңнің балалары айқындап келеді. Саналы ұл-қыздар сыйлаған алтын құрсақты ана — Кәдір де айналасына қадірлі болды. Отағасын жоқтатпай, әулет түтінін түзу түтетті. Тәңір үкімін кім өзгерткен бірақ?! Аяулы жарының да дәм-тұзы 70-тен асқан тұсында таусылып, өткен жылдың жазында мәңгілік мекеніне сапар шекті.
Өткінші өмір… Апталдай азаматтар келмеске кеткенімен, кісілік болмысы жылдар өткен сайын биіктей береді екен. Досымыздың ізін жалғар ұрпақтары ата-ана тәлімімен әлі талай биіктерден көріне беретініне сенеміз. «Елім», «Туған жерім», деп перзенттік парыздан жырақтамаған абзал азаматтың өнегелі жолын насихаттау елдігіміздің белгісі. Есімін биіктерден көрсету ұрпақ алдындағы борышымыз.
Дәулетияр ӘСПЕНОВ, Шалқар ауданының Құрметті азаматы.