ҚАРАКӨЗ — «ШАПАҒАТ» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ

Наурыз мерекесі күні облыс әкімдігі ғимаратында салтанатты шара өтіп, Мемлекет басшысының Жарлығымен қоғамдағы бірлік пен бейбітшілікті сақтауға үлес қосып, қоғамдық қызметке белсенді атсалысқан бірқатар азаматтарды облыс әкімі Оңдасын Оразалин мемлекеттік мадақтармен марапаттады.  Олардың қатарында қаламыздағы І.Үргенішбаев атындағы орта мектебі жанындағы «Ақ жүрек» еріктілер тобының жетекшісі Қаракөз Қалназарова да бар. Ол — «Шапағат» медалінің иегері атанды.

Марапат иесін аудан әкімі Жанболат Жидеханов та  қабылдап, құрмет көрсетті.

— Ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген жастардың атқарып жатқан жұмыстары менің де назарымда. Бұл ретте волонтер топтары да мәдени және басқа да іс-шаралардың басы-қасынан табылады.

Еріктілердің еңбегі өз деңгейінде бағаланады,  мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар да бар. Соның бір жарқын көрінісі сіздің «Шапағат» медалін иеленуіңіз. Алдағы уақытта да қоғамның белсенді жасы ретінде талай істің бел ортасында жүретініңізге сенім білдіре отырып, сізге шабыт пен шығармашылық табыстар тілеймін, — деп Қаракөз Қалназарованы Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат табыстады.

Өз кезегінде Қаракөз Бақытқалиқызы: «Маған берілген марапат, жалпы аудан жастарына берілген биік баға деп білемін. Сондықтан еліміздің дамуына, гүлденуіне үлес қосуға әрқашан  дайынбыз», деді.