АУҒАННЫҢ ОТТЫ ЖАЛЫНЫ

№1 мектеп-гимназиясында ауданның білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 33 жыл толуына орай «Ауғанның отты жалыны» атты Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті. Оған мектеп мұғалімдері мен жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

Аталған білім ордасының директоры Мұхтар Оңғаров шараның мақсатына тоқталып, оқушыларға елі үшін соғыста от кешкен ағалардың өшпес ерлігін үлгі етуге үндеді. Одан кейін сөз алған аудандық интернационалист-жауынгерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Пірімжар Төлеген, ауған соғысының ардагерлері Амантай Төлеш, Әбуғали Ахмет, Есет Ахметов, Жексенбай Алдияров, Панабек Есқалиев, Убайхан Искаков, Рамиль Ахметжанов ауған даласындағы естеліктерімен бөлісіп, елімізде тек қана тыныштық болсын деген тілектерін білдіріп, жастарды отаншыл азамат болуға шақырды.

Ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Мейрамбек Сақып өскелең ұрпақтың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін арттыру мақсатында 2005 жылы туылған білім алушыларға осы бөлімге тіркелгендігі туралы куәлікті салтанатты түрде тапсырды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери патриоттық тәрбие жөніндегі тапсырмасын басшылыққа ала отырып, жастар арасында Қарулы Күштердің имиджін көтеру және әскери қызметті насихаттау бойынша өткізілген бейнероликтер байқауына жұмыстарын жіберіп, белсенділік танытқаны үшін Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, подполковник А.Утарбаевтың Алғыс хатымен мектеп-гимназия  директоры Мұхтар Оңғаров пен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мақсат Қанатбайды марапаттады.

Бұдан соң ауған соғысының ардагерлері пневматикалық винтовкадан нысананы көздеп атуды көрсетті.

Ауданның білім бөлімінің бас маманы Дидара Ақмалай жастарымыз осы соғысқа қатысқан жауынгерлерді әрқашан құрмет тұтатынын, сол бағытта насихаттау шаралары білім беру орындарында жалғаса беретінін айтып, бүгінгі шараға қатысқан ардагерлерге білім бөлімі басшысының атынан Алғыс хатын тапсырды.

Шарада Сұлтанбек Жұбаныш «Тәуелсіз елдің ұланымын», Нұрқанат Мұқанбетжанов «Отан» атты патриоттық әндер шырқап, жиналған көпшілікті бір серпілтіп тастады.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».