Шалқар аграрлық-техникалық колледжінде №2 қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Өмірді сүйген адам өнерді сүйеді» атты импровизация кеші өтті. Оған аудандық оқушылар сарайы «Атамұра» қолөнер шеберлерінің жетекшісі Асылан Төретаев, В.Н.Цеханович атындағы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дәулет Дәрібаев, Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің оқытушысы Орынбасар Әуезханов сынды өнерлі жастар мен аталған колледждің студенттері қатысты.
Кітапханашылар Роза Әбдікова мен Шыражан Сәрсенбаева шараның мақсатына тоқталып, студенттерді кеш қонақтарымен белсене пікірлесуге шақырды. Адал еңбектері арқылы шаршы топтан көрініп жүрген өнерлілердің өнегелі жолдарын кейінгілерге паш етуді мақсат еткен шарада шақырылған меймандар өздерінің өнер жолындағы жетістіктерін кеңінен әңгімеледі.
Ауданда қолөнер ісімен есімі көпке танылған жастардың бірі — Асылан Төретаев. Оның бірнеше туындылары әр деңгейдегі қолөнершілер көрмелеріне қойылып, жүлделерге ие болып жүр. Осы кездесу барысында ол ісмерлік өзіне қаннан берілген қасиет екенін айта келіп, студенттерге мүсіндердің жасалу және мал сүйектерінен түрлі көрнекіліктер мен кәдейсыйларды жасау жолдарын көрсетті.
Аталған спорт мектебінің директоры Дәулет Дәрібаев өзінің спортқа деген алғашқы қызығушылығын және осы салада бағындырған жетістіктерін қызықты етіп әңгімелесе, күйші Орынбасар Әуезханов домбыраның қадір-қасиеті һәм күй мен жырдың қазақ мәдениетінде алар орны жайында мағыналы ойымен бөлісті. Өмірдегі таудай жетістіктер өзің сүйген іске қалыптасқан ынта мен жігер арқылы келетіндігі жастарға түсіндірілді.
Шалқар аграрлық-техникалық колледжінің психологы «Менің өмірлік жолым», «Шынайы бейнең» тақырыптарында сергіту сәттерін өткізіп, қатысушыларды жақсы әсерге бөледі.
Шара барысында №5 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Бекзат Құдайбергенов ақын Мұқағали Мақатаевтың жырларынан өлең оқып, көпшіліктің құрметіне бөленді.
Кеш қонақтары өнердің қыр-сырына үңіліп, оны тарих тағылымына терең бойлатуды көздеген мағыналы шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді. Және жастармен осылай еркін пікір алысуда өрбитін шаралар жиі болса екен деген тілектерін жеткізді.
Мұхтар МЫРЗАЛИН.