ЕРЖІГІТТІҢ ЖЕҢІСІ

№1 мектеп-гимназиясының 7 «ә» сынып оқушысы Ержігіт Тұралы (суретте жоғары қатарда ортада) спортты жанына серік еткен өрендердің бірі. Ол спорттың бокс түрінен түрлі деңгейдегі додаларда бақ сынап, аудан абыройын асқақтатып жүр. Жақында Ақтөбе қаласында өткен 2008-2009 жылдары туылған кіші жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионатында 36 кг  салмақ дәрежесінде бірінші орынды жеңіп алды.

Былғары қолғап түйістірудің қыр-сырына деген қызығушылық оған ағасы Оралханнан жеткенін айтады. Бүгінде облыс орталығындағы Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандырылған мектеп-интернат колледжінде  1 курста оқитын Оралхан Тұралин де былғары қолғаптан спорт шеберлігіне үміткер. Жүлделері де баршылық.

«Балаларымыздың спорттан жақсы жетістіктерге жетуі — жаттықтырушыларының еңбегі және өздерінің ынтасы», дейді ата-анасы. Осы орайда Ержігіттің жаттықтырушысы Серікқали Давленовке олардың айтар алғыстары шексіз. Биылғы балалар жылында Ержігіт Тұралының қол жеткізген бұл жүлделері өзі оқып жатқан мектебі үшін де үлкен абырой.

Өз тілшімізден.