Облыстың білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Жания Исатаева жұмыс сапарымен ауданымызда болды.
Сапар барысында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізіп, білім саласына қатысты тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Одан кейін қаламыздағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базаларымен танысып, педагогикалық ұжымдарымен кездесті.
— Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті білім беру ұйымдарының мемлекеттік міндетті білім беру стандарты талаптарының орындалуына, заңнамалардың сақталуына бақылау жасайды. Педагогтардың, ата-аналардың сұрақтары бойынша да жұмыстар жүргіземіз.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылы 27 желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Бұл заңда педагогтардың мәртебесі артып қана қоймай, ұстаздардың жалақылары жыл сайын 25 пайызға өсіп, материалдық жағынан да қолдауларға ие болды. Сонымен қатар, аталған заңның мақсаты — педагогтардың жүктемесін азайту, оларды жөн-жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, құқықтары мен міндеттерін заңдық тұрғыда шешу. Мұғалімнің кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде ар-намысына тиетін сөздер айтып, құрметтемеушілік танытатын болса, заңмен жауапкершілік қарастырылған. Заңның талаптары бұзылған жағдайда біздің департамент тексеру жұмыстарын жүргізіп, дәлелденсе, тиісті шараларды қолданады.
Сондай-ақ, заңда көзделген педагогикалық әдеп мәселесіне тоқталсақ, ұстаз білімділігі мен біліктілігіне қоса, мәдениеттілік жағынан да идеал болуы керек. «Мұғалімдерге құқықтық және материалдық тұрғыдан қолдаулар көрсетіліп жатыр, оларға қойылатын талаптар күшейтіле ме?» деген қоғам тарапынан сұрақтар туындап жатады. Әрине, қай кезде де педагогтарға қойылатын талап өте жоғары. Алдағы уақытта жоғарғы және орта арнаулы оқу орнын бітірген адам бірден педагог бола алмайды. Алдымен олар ұлттық біліктілік тестінен өткеннен кейін, білім беру мекемесіне конкурсқа қатыса отырып, жұмысқа орналасады. Бұл дегеніміз ұстаз болатын мамандарға нақты міндеттер қойылып отырғандығын көрсетеді.
Тағы да қосарым, мұғалімдердің педагогикалық этика нормаларын бұзғаны үшін де заңда жауапкершілік енгізілген. Дәлірек айт-қанда, педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер білім беру ұйымдарында құрылды, яғни кеңес мүшелері мұғалімдердің педагогикалық этиканы сақтау мәселелерін қарастырады. Жалпы алғанда, әрбір білім беру ұйымы баланың қауіпсіз, қолайлы әрі сапалы білім алуына жағдай жасауы керек. Осы бағыттағы мәселелердің шешімін табу үшін жергілікті атқарушы органдармен жұмысымызды әрі қарай да жалғастыра береміз, — дейді департамент басшысы Б.Күзембаева.
Облыстан келген меймандар аудан әкімі Жанболат Жидехановпен кездесіп, департамент қызметінің негізгі бағыттары, білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау шаралары туралы және ауданның білім беру саласындағы мәселелерді талқылады.
Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ,
«Шалқар».