ӨНЕРІ ӨРГЕ ЖҮЗГЕН АСЫЛАН

Ауданымызда қазақ халқының асыл мұрасы — қолөнерді насихаттап, түрлі ұлттық бұйымдарды жасап жүрген, он саусағынан өнер тамған жандар аз емес. Сондай жандардың бірі — Асылан Төретаев. Ол 1994 жылы Тоғыз орта мектебінің табалдырығын аттап, 2005 жылы аяқтайды. Сол жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп,  2009 жылы бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады.

Еңбек жолын 2009 жылы Шалқар қаласындағы №4 орта мектебінде бейнелеу өнері және сызу пәні мұғалімі болып бастайды. 2018 жылға дейін осы мектепте ұстаздық етумен қатар, 2012-2014 оқу жылдары аралығында аудандық көркемсурет лицейінде жетекші маман қызметін қоса атқарады. 2018 жылдан бері аудандық  Оқушылар сарайының  қолөнер үйірмесінде балаларға ұлттық өнердің қыр-сырын үйретіп келеді.

Осы орайда оның жұмыс барысымен танысу мақсатында шағын шеберханасына бас сұққанымда, қолөнерші қызу жұмыс жасап отыр екен. Мені жылышыраймен қарсы алып, әп дегеннен-ақ әңгімесін бастап кетті.

— Менің бұл салаға келуіме әкем себепші болды. «Әке көрген оқ жонар…» демекші, сурет салып қана қоймай, түрлі материалдарды, темірлерді құрастырып, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасай білетін. Ауылдық жерде қаладағыдай үйірмелер жоқ болғасын, сурет салуды мектеп қабырғасында жүргенде үйрендім. Сабақта отырған кезде де қағаздарды шимайлап, дәптердің бетіне суреттер салатынмын. Бір күні бастауыш сыныптағы ұстазым Күләш Жүсіпова жылқы малы туралы диктант жаздырды, жазып болғаннан кейін өздерің тексеріп шығыңдар деген кезде, дәптердің бетіне сол жылқыны бейнелеп салып қойыппын. Ұстазым кең жүректі жан, ұрысудың орнына күліп жіберді. Солай бәрін бір мәз қылғаным бар. 5-6 сыныптарда бейнелеу өнері пәнінен сабақ берген ұстазым Серіктес Садықова «Суретті жақсы саласың», деп үнемі мені қолпаштап отыратын. Сондай-ақ мектептегі қабырға газетінің әдемі безендірілуіне де атсалыстым.

Білім ордасында жүргенде ұлағатты ұстаздарым сурет салуға деген ерекше қабілетімді байқап, бұл өнерге мені ұштай білді. Ал анам Батима Абдулдаева ұстаз болғасын, мәртебелі мамандыққа деген құрметім бала кезден қалыптасты. Сөйтіп, суретші боламын деген асқақ арманым орындалып, ұстаздық қызметке келдім, — дейді А.Төретаев.

Асылан Қайратұлы мектепте, көркемсурет лицейінде ұстаздық ете жүріп, оқушыларды сурет өнеріне баулып, үлкен тәжірибе жинақтайды. Одан кейін Оқушылар сарайына ауысып, шығармашылығының жаңа тынысы — қолөнермен шұғылдануға бел буады.

 Әрине, қолөнерші болу үшін, адамға ең бірінші шыдамдылық керек, асықпай жан-жақты ізденіп, зерттеп алуың қажет. Өзіндік қиындығы бар бұл салаға ешкім тосыннан келе бермейді, келген күнде де ерекше қабілетің болмаса, жақсы дүние жасап шығаруың мүмкін емес.

Өзім жетекшілік ететін «Атамұра» қолөнер үйірмесінде 31 бала бар,  оларды әр топқа бөліп оқытып, қолөнер бұйымдарын жасауға үйретемін. Дегенмен шәкірттерімнің барлығы қолөнерші болып кетпесе де, бала кезінен осы өнерге жақын болып, замандастарына дәріптесе, ұлттық құндылықтарымыз жоғалмайды деп ойлаймын.

Енді қолөнер саласының бір түрі — мүсіншілік қырыма тоқтала кетсем,  мүсін жасауды осы өнер ордасына келгеннен кейін қолға ала бастадым. Мүсінді жасар алдында көп ізденемін, өйткені, әрбір детальдарын ескермесең, сәтті шықпайды. Сондықтан әр жасаған туындымды жанды бейнеше елестете алатындай болсын деп көп еңбек етемін. Мүсіншіліктен басқа, таңсық дүние болғанымен мүйіздерді, сүйектерді өңдеп, одан түрлі бұйымдар,  кәдесыйлар  жасаймын.

Мақтан етер ерекше жұмыстарым да бар. Қазақтың жігіті мен қызы бейнеленген топиарлық мүсінімді Наурыз мерекесінде мекемеміздің алдына орналастырды. Одан бөлек, «Анаға тағзым» орталығы алдында орын тепкен  «Ана мен бала»,  «Қобыз», «Сәукеле» еңселі мүсіндерінің алдымен эскизін дайындап алдым. Содан кейін дизайн үйірмесінің жетекшісі Қуаныш Есіркегеновпен бірге сол мүсіндерді жасадық. Қазіргі күні бірлесіп қолға алған туындыларымыз  қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік беріп тұр, — дейді қолөнер үйірмесінің жетекшісі.

Қолөнерші сан алуан көздің жауын алатын бұйымдарын халыққа насихаттау үшін көрмелерге қатысып тұрады. Осы жылдың наурыз айында «Aqtobe» телеарнасының «Жастар кеші көңілді» атты мерекелік хабарында өз қолынан шыққан туындыларын  көрсетіпті.

Еңбекқор жанның еңбегі еленіп, 2020 жылы «Жұлдыздар аллеясы» республикалық шығармашылық фестиваль-байқауында бас жүлде мен «Мың бала» интеллектуалды білім сайтының ұйымдастыруымен өткен білім саласы қызметкерлеріне арналған «Жылдың үздік мұғалімі» атты шығармашылық байқауында «Үздік сабақ жоспары» номинациясы бойынша І орынды иеленген.

Осы жылы «Мың бояулы әлем: қазақ ұлттық І халықаралық бейнелеу өнері мен қолданбалы қолөнері» байқауынан І орын алып, жұмыстары жинаққа еніпті. Білім беру саласындағы тынымсыз шығармашылық еңбегі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстары үшін Ақтөбе облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ,

«Шалқар».