АРДАГЕРЛЕР — АҚЫЛ, КЕҢЕС КЕНІШІ

Халқымыздың ел билеу дәстүрінде бұрыннан бұқара мен билік арақатынасын қалыптастыруда абыройлы қызмет атқарған өз институты болған. Ол өмірден көргені мен түйгені мол игі жақсылардың басы қосылған ақсақалдар кеңесі.

Тәуелсіз мемлекетімізде қарттарға құрмет қағидасы уақыт ағымымен жанданып, тағылымы тарих таразысынан түскен емес. Ақсақалдың алдын кеспей, қартқа қарап бой түзеудің мәні терең екені даусыз.  Қазіргі алдыңғы саптан орын алып, төрден көрінетін ардагерлеріміздің дені — екі қоғамның куәгерлері. Олар кешегі келмеске кеткен Кеңестік кезең мен Тәуелсіздік жылдардың қарыштап дамуын көзбен көрген, тынымсыз еңбектің майталмандары.  Тәжірибелері таудай, көпке қадірлі жандар қай кезде де қолға алынар істі байыппен бажайлап, салмақты ой елегінен өткізіп, шаршы топта кесімді сөзін айтады. Үш онжылдықты артқа тастаған азат елімізде атқарылған әрбір нәтижелі іс ел үлкендерінің батасымен басталып, халық игілігіне жарады десек те болады.

Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған сындарлы саясаттарында ел қазынасы қариялардың орнын әрдайым айрықша атап, қоғам назарынан тыс қалдырмауға күш салып келеді. Осы айдың басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауының жетінші бағытында зиялы қауым өкілдеріне үлкен сенім артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болуы үшін ортақ міндеттер жүктеді. «Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастамақ. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тиып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттерден айырылмауымыз керек», деген Президент сөзінің астарында үлкен мән, ажырата білгенге астарлы ой тұр. Бұл тұжырымның, біздерге, яғни, ардагерлер қауымына да бағытталғаны айдан анық. Шынында да қазір ақпараттың да тасқындап тұрған кезеңі. Сан-қилы, сенімі таяз жаңалықтар саналарға орнығу үшін жас талғап жатқан жоқ. Кейде үлкендерің де дәйексіз деректерге иланып, сабырға сусап отыратыны бар. Бұндай ақпарат ағынына «жеріктіктен» салиқалы түйін, үлкенге тән үлгілі ұстаным шықпайтыны белгілі.

Сондықтан мынадай жылдамдығы зор қоғамда үлкендігімізді білдіріп, ақсақалдықтың жүгін аудырмай алып жүрудің өзін өзімізге үлкен сын деп жүрекпен қабылдағанымыз жөн. Қадірі артық осы ұстанымдар ұрпақтары-мызға сабақтасса, елдің берекесі де мерекесі де мол болары анық. Ардагерлер үшін кейінгі буынға ұлттық руханиятымызды түлететін құндылықтарды ұғындырудан өзге артық бағыт та мақсат та жоқ  болар. Өлке-мізде қартайсада қайраткерлік қарымын жо-ғалтпай, игілікті істің басы-қасынан табылуды өздеріне парыз санайтын жасы үлкендер, шүкір баршылық.   

Бүгінгі күні аудан бойынша тыл ардагерлерінің саны —171, зейнеткерлер — 5 076, мүгедектер —1 043, Ауған соғысының ардагерлері — 42, асыраушысынан айрылғандар — 372-ні құрайды. Мемлекеттен көрсетілетін қолдаулардың игілігіне бұл санаттағылардың барлығы да кенелуде. Ардагерлер кеңесіне биылғы қарттар мерекесі тағы бір жақсы жаңалығын ала келді. Аудан әкімі Жанболат Жидехановтың қолдауымен аудандық ардагерлер кеңесі қала орталығындағы «Анаға тағзым» ғимаратына көшіріліп, жаңа мекен-жайдың ардагерлер үшін қай жағынан да тиімділігі арта түсті.

Иә, қариясын сыйлап, төбесіне көтерген елден қасиет-кие айналып өткен емес. Өлке-мізде ардагерлерді ардақтау мақсатында жыл сайын дәстүрге айналған іс-шаралар ұйымдастырылып, жергілікті билік тарапынан ізгі қадамдар толастаған жоқ. Болашақта да осы бағыттан ауытқымаймыз. «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа кісі сені сыйлайды» деген халық даналығы бар.

Осындай тәлімі зор қағидаларды бүгінгі ұрпаққа нақыш бояуын солғындатпай жеткізетін қазыналы қарттарымыз әрдайым аман болсын. Әлемді алаңдатқан кесірлі індеттен құтылып, баршамызды саналы ұрпағымызбен баянды ғұмыр кешуге жазсын.

Мереке құтты болсын!

Елубай ТӨЛЕПБЕРГЕН, Шалқар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.