Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысты. Президент сессияға қатысушыларды сайлаудың аяқталуымен құттықтап, жаңа құрамдағы Мәжіліс депутаттарына табыс тіледі. Өткен шақырылым депутаттарына ойдағыдай қызмет атқарғаны үшін ризашылығын білдірді.
Кешенді реформалар
жалғаса береді
«Бес жылға жуық уақытта Парламент қабырғасында 410 заң қабылданды. Депутаттар өздерінің заңға бастамашылық ету құқығын пайдаланып, 60-қа жуық заң жобасын дайындады. Бұл – осыған дейінгі бес шақырылым депутаттарының бастамаларын қоса алғаннан да көп. Жаңа депутаттар алдыңғы әріптестерінің осы қарқынын сақтай отырып, анағұрлым жемісті жұмыс істеуі қажет.
Себебі бәрімізді зор міндеттер мен ауқымды істер күтіп тұр. Құрамы жаңғырған жаңа Мәжілістің қызметке кірісуі еліміз үшін символдық мәні бар екі оқиғамен тұспа-тұс келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі межесіне қадам бастық.
Сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмі ширек ғасырлық белеске жетті. Осы тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттар ел үмітін ақтап, Отанымызға адал қызмет етеді деп кәміл сенемін.
Өткен сайлау еліміз үшін дамудың жаңа парағын ашты. Осы маңызды оқиға мемлекеттілігіміздің тұғыры берік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстан қоғамының жоғары саяси мәдениетін және азаматтық кемелдігін танытты. Барлық өңірдегі дауыс беру нәтижесі мемлекеттің стратегиялық бағдарын халқымыз жаппай қолдайтынын байқатты.
Біз болашаққа сеніммен бет алу үшін қажетті алғышарттарды бірге жасадық. Саяси ұстанымдарымыз әртүрлі болса да, міндетіміз – бір. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанды қуатты елге айналдыру», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың көп партиялы жаңа құрамы қоғамдағы саяси бәсекенің артқанын көрсететініне назар аударды. Сондай-ақ халықтың белгілі бір бөлігінің мүддесін көздейтін басқа да партиялар сенім мандатына ие болғанын жеткізді.
Осы орайда егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басар тұста ел-жұртымыз бұрын-соңды кездеспеген жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келгеніне тоқталды. Өйткені дүние жүзі мүлде жаңа дәуірге бет бұрды. Өркениеттің даму жолы мен әлемдік құрылымның түп негізі түбегейлі өзгеріске ұшырай бастады.
«Келешекте сынақтар мен сын-қатерлер аз болмайды. Дегенмен барлығымыздың ең басты міндетіміз – пандемияның салдарын еңсеру. ХХІ ғасырдың жиырма бірінші жылы барша адамзат үшін бетбұрыс кезеңіне айналмақ. Бұл жыл алдағы онжылдықтың басты бағдарын айқындайды. Мұндай күрделі жағдайда уақыттан ұтылуға және бір сәтке де босаңсуға болмайды.
Жылдың басында сайлау өткізу арқылы қиындықтармен күресіп қана қоймай, жаңғыруға жол ашып, жаңа серпінге ие болдық. Осы қарқынды сақтап, бағдарымыздан жаңылмау өте маңызды.
Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру.
Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз. Олардың әрқайсысы ел тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдауға өздері тікелей қатысатынын білгені жөн. Ортақ іске үлес қосып жатқанын сезінуі маңызды.
Мен ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мәні осында. Біз ұлттың жасампаздық әлеуетін пайдаланған жағдайда ғана алға басып, табысқа жете аламыз. Реформаларды сапалы заңдар арқылы жүргізу – ұзақ мерзімді жетістікке жетудің басты шарты. Мен жаңарған депутаттық корпус өзіне жүктелген бұл міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін», деді Президент.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның стратегиялық бағдары – айқын. Басты мақсат – озық дамыған елдердің қатарына қосылу. Қ.Тоқаев дамыған елдің ұғымы ең алдымен дені сау, білімді және бақуатты жұртты қамтитынын атап өтті. Сондықтан мемлекеттің басты міндеті – азаматтарымыздың толыққанды дамуына, әл-ауқатының артуына және жайлы тұрмысына жағдай жасау.
Осыған байланысты 2025 жылға қарай әрбір азамат үшін тиімді институционалдық және инфрақұрылымдық орта қалыптастыру көзделіп отыр. Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы Сабақтастық, Әділдік және Өрлеу қағидаттарына негізделеді. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар басымдыққа мән берілмек.
«Бірінші. Біз құқықтық мемлекетті дамыту және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайту үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Бұл – өте өзекті міндет. Соған орай мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізу айрықша маңызды. Осы бағыттағы реформалар жүйені байыппен орталықсыздандыруды, мемлекеттік аппаратты жаңғыртуды, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруды және барлық үдерісті цифрландыруды қамтиды. Сол арқылы мемлекеттік аппарат барынша ықшам, ашық әрі тиімді, ал шешім қабылдау үдерісі икемді және айқын болады.
Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес. Бұл – аксиома, ақиқат. Осы орайда сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізуіміз керек. Мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға және Жоғарғы сот Төрағасының тікелей өзі күш салып жатқанына қарамастан, сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйткілдер бар.
Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Сондықтан сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал. Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ сот қызметі туралы ақпарат қоғам үшін неғұрлым қолжетімді болғаны жөн.
Құқық қорғау органдарының жұмысын да барынша өзгерту қажет. Бұл мәселе жөнінде Жолдауымда нақты айттым. Біз азаматтармен өзара қарым-қатынастың сервистік моделін енгіземіз. Қоғамдық қауіпсіздік жаңа цифрлы технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.
Парламент заң үстемдігі, адал бәсеке және жекеменшікті қорғау қағидаттарының құқықтық негізін нығайта түсуі керек. Сонда бұл қағидаттар мүлтіксіз орындалатын болады. Бүгінде бірқатар заңнамалық ұсыныс бойынша жұмыс істеліп жатыр. Дегенмен, әлі де көптеген тың бастама көтеріп, заңдар қабылдау қажет», деді Мемлекет басшысы.
Мәжіліске өту шегі
5 пайыз болады
Президент екінші басымдық ретінде күшті және инклюзивті қоғам құрудың негізгі құралы тиімді әлеуметтік саясат екенін айтты. Сонымен қатар әлем «білім экономикасына» қарай жылжып бара жатқанын атап өтті.
«Соңғы жылдары білім беру саласын реформалауда ілгерілеу бар. Сонымен қатар осыған дейін қордаланып қалған бірқатар мәселені шешу қажет. Әртүрлі әлеуметтік топтар мен аймақтар арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту – маңызды міндет. Бұл ретте қайта оқыту және қызметкерлердің біліктілігін тұрақты түрде жетілдіру бойынша жаңа саясат қажет. Осы мақсатта арнайы ұлттық жоба әзірлеп, іске асыру керек», деді Президент.
Мемлекет басшысы отандық денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмысының аса маңызды екеніне тоқталды. Бұл мәселенің, әсіресе пандемия жағдайында анық байқалғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қамсыздандыру саясатын қайта жаңғыртып, мемлекет көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауға басымдық беруі тиіс екенін жеткізді. Әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі бағыттарының бірі – отандық зейнетақы жүйесі. Мемлекет басшысы аталған жүйенің әділетті, тұрақты, халықтың мүддесіне сай құрылуы қажет екенін атап өтті.
Ұлттық экономика тұрақты дамымай, халықтың әл-ауқатын арттыру мүмкін емес. Президент белгілеген басымдықтың бірі осы. Мемлекет басшысы Үкіметке экономикалық белсенділікті қолдауға бағытталған контрциклды макроэкономикалық саясатты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыруды міндеттеді.
«Еңбек нарығының тез өзгеруін ескере отырып, жұмыс күшінің өнімділігі төмен секторларды экономиканың неғұрлым өнімді бағыттарына бет бұруын қолдау қажет. Бұған дейін айтқанымдай, еліміздің өнеркәсібі икемді және қазіргі өзгерістерге бейім болуы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аумақ пен кеңістік тұрғысынан еліміздің теңгерімді дамуы басты басымдықтың бірі. Бұл ретте барлық өңірлерді біртұтас экономикалық кеңістік арқылы байланыстыратын аса маңызды салаларды дамытуға баса назар аударылады. Атап айтқанда, көліктік, энергетикалық және цифрлы инфрақұрылымдарға басымдық берілмек.
«Өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық беріледі. Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді.
Жергілікті өзін өзі басқаруды әрі қарай жетілдіру үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдетіп, өкілді және атқарушы органдардың дербестігін арттыру маңызды. Осы орайда мен мәслихат депутаттарына мына мәселені баса айтқым келеді. Сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз сайлаушылардың мүддесін қорғайтын сапалы әрі салмақты шешімдер қабылдауға ықпал етуі керек. Қолға алынған өзгерістердің жедел және табысты жүзеге асуы жергілікті жердегі жұмыстың тиімділігіне тікелей байланысты», деді Қ.Тоқаев.
Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Президент биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтетінін мәлімдеді.
«Тағы бір маңызды қадам – ауыл әкімдерін сайлау. Биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады.
Алайда мұнымен де шектеліп қалмауымыз керек. Саяси жүйені орнықтырып, шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың ықпал етуін күшейте түсу үшін тың серпін қажет. Бұл бағытта реформалардың екінші бөлігін әзірлеу барысында ауқымды жұмыстар жасалды. Онда барлық партиялардың, соның ішінде кеше Парламентке өтпей қалған саяси күштердің де ұсыныстары ескерілді және болашақта да назарымызда болады. Ұлттық кеңес мүшелерінің және басқа да беделді сарапшылар мен белсенді азаматтардың идеялары, бастамалары қамтылып отыр.
Біз осы жолғы сайлау науқаны карантин шектеулеріне қарамастан қаншалықты қызу өткеніне куә болдық. Кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген, білімді, білікті азаматтар да бар. Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуға тиіс көптеген өзекті мәселені дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр.
Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді. Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық. Сондықтан саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады», деді Мемлекет басшысы.
Президент мұндай қадам елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізетінін атап өтті. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік бермек. Соған сәйкес болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасауға мүмкіндік бар. Қ.Тоқаев осы мақсатта электронды үкіметтің мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.
«Парламенттің заң шығарумен қатар бақылау функциясы да бар екенін білесіздер. Оның тиімділігі халықаралық тәжірибеде дәлелденген. Осы аса маңызды құзыретті тиімді пайдалану қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмінің институционалдық негізін едәуір орнықтырады. Бұл менің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – жауапты Үкімет» деп аталатын саяси формуламмен үндесіп жатыр. Депутаттар халықтың мүддесін іс жүзінде қорғап, әрдайым табандылық танытуға тиіс», деді Президент.
Мемлекет басшысы азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдау мәселелерін де ұдайы назарда ұстау қажеттігін айтты.
«Өздеріңіз білесіздер, жыл басында мен кейбір заңнамалық актілерге қоғамдық кеңестер қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті заңға қол қойдым. Сол арқылы қоғамдық кеңестердің өкілеттігін едәуір күшейттік.
Енді, азаматтық белсенділікті арттыру жолында тағы бір маңызды қадам жасалады. Бұл – талқыланып жатқан «Қоғамдық бақылау туралы» заң. Біз онлайн-петиция институтын да заң жүзінде ресімдеуіміз керек. Бұл бастамалардың мақсаты – мемлекет қызметінің тиімділігін арттыру, шешім қабылдауға азаматтық қоғамды тарту.
Мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру – негізгі міндеттің бірі. Үкімет 2020 жылы Жастарды қолдау жөнінде кешенді жоспар қабылдады. «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты ұлттық жоба, мемлекеттік жастар саясаты және волонтерлік қызмет туралы заңдар дайындалып жатыр.
Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда «Жастардың даму индексін» енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады.
Қайырымдылық қызметін жүйелі қолдау мәселесі де басты басымдық болып отыр. Бұл саладағы ынталандыру шаралары қарапайым әрі нақты болуы керек. Соған сәйкес қайырымдылық шараларына және волонтерлік жобаларға атсалысатын бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға түрлі жеңілдіктер берілуге тиіс», деді Қ.Тоқаев.
Адам құқықтары толық қорғалуы тиіс
Мемлекет басшысы адам құқықтарын толық қорғау мемлекеттің басты мақсатының бірі болып қала беретінін атап өтті. Бұл ретте азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды.
«Біздің басты мақсатымыздың бірі – адам құқықтарын толық қорғау. Бұл ретте азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан.
Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!
Тағы бір мәселе – адам құқығын қорғау саласы дәйекті түрде жетілдірілуге тиіс. Оны институционалдық және ұйымдастыру жағынан нығайта түсуіміз қажет. Мысалы, бізде омбудсмен институты бар. Бірақ ол әзірге өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отыр. Сондықтан жақын арада Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдауымыз керек.
Бұл заң аталған институттың қызметін барлық бағыттар бойынша реттейді. Тиісті мамандар болмаса және ұйымдастыру жұмыстары жасалмаса, омбудсмен қызметін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қиынға соғады.
Адам құқықтарына байланысты негізгі мәселелер өңірлерде байқалып отыр. Жергілікті биліктің үстінен арыз-шағымдар көп түседі. Сондықтан омбудсмен институтын, ең алдымен, аймақтарда күшейту қажет. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің аппаратын нығайтуымыз керек.
Сонымен қатар біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн. Ерекше күтімге мұқтаж балалардың инклюзивті дамуы мәселесін назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Білім беру мекемелеріндегі тиісті қызметтердің тиімділігін арттыру үшін нормативтік база қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Әлеуметтік маңызы жоғары осындай мәселелерді шешу мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Оған бүкіл азаматтық қоғамның атсалысуы қажет екенін бәріміз түсінуге тиіспіз», деді Қ.Тоқаев.
Президент ұсынылған бастамалар қазір күн тәртібінде тұрған ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың бір бөлігі ғана екенін айтты. Депутаттар бұл жұмысқа белсене қатысып, Үкіметпен сындарлы қарым-қатынас орнатуы қажет деп санайтынын жеткізді.
«Ұсынылған бастамалар – қазір күн тәртібінде тұрған ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың бір бөлігі ғана. Оның көптеген бағыты бойынша қажетті заң жобалары талқыланып жатыр. Депутаттар бұл жұмысқа белсене қатысып, Үкіметпен сындарлы қарым-қатынас орнатуы қажет деп санаймын.
Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек. Азаматтардың наразылығын туғызуы мүмкін даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнату – басты талаптың бірі.
Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек. Заң нормаларын әзірлеу барысында біреулердің жеке мүддесіне бола лобби жасауды түп-тамырымен жою қажет. Сіздер, ең алдымен, сайлаушылардың сұранысын басшылыққа алып, тәуекел мен қатердің бәрін де саралауға тиіссіздер. Депутаттар әрдайым қоғам тынысын аңғарып, тамырын дөп баса білгені жөн», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент – ел мүддесі үшін аянбай қызмет ететін қайнаған жұмыс ортасы деді. Сонымен қатар депутаттарға халқымыздың оң өзгерістер күтетінін әрдайым есте ұстаған абзал екенін айтып, шешім қабылдау кезінде асқан жауапкершілік танытуға шақырды.
«Egemen Qazaqstan».