ВОЛОНТЕРЛАР ЖЫЛЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Ауданымызда биылғы Волонтерлар жылы қорытындыланды. Кейде тарихтағы үлкен жетістіктердің артында қарапайым игі істер, адамдарға көмектесуге деген ұмтылыс тұрады. Осындай ізгіліктер биылғы 2020 жылғы төтенше жағдай кезінде еріктілердің көмегімен жасалған жұмыстардан көруге болады. Бұлардың барлығы әлеуметтік мәселенің шешілуіне қосылған үлкен үлес еді.
Ерікті жастармен атқарылған қайырымдылық істер аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденованың есебінен де, ол туралы көрсетілген бейнероликтен де байқалды және көптің көңілін жадыратты.
Рәсімде сөз алған аудан әкімі Жанболат Жидеханов жиналған қауымды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Биылғы волонтерлар жылы Шалқар жастарының ел-халық үшін көптеген игі істерді атқарғанын атап өтті. Бүкіл әлемге, ел басына түскен ауыртпалық — індет кезінде жастарымыз, жасы үлкен ағаларымыз, сыртта жүрген жерлес бауырларымыз қолдан келген көмектерін аямағанын тілге тиек етіп, осындай азаматтарға, аудан жастарына шын жүректен алғысын айтты. Және волонтер жылы аясында жастарға қолдау білдірген бірқатар ел азаматтарына «Жомарт жүрек» төсбелгісін табыстады. Оның ішінде кәсіпкерлер, шаруа қожалық иелері, мектеп басшылары бар. Мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүруіне үлестерін қосқан, төтенше жағдай кезінде көмек көрсеткен ұжымдарға, құқық бұзушылықтың алдын алған азаматтарға, бірқатар мектеп басшыларына «Жыл үздігі — 2020» аталымы бойынша марапаттар тапсырды. Іс-шараларға үздіксіз қатысып, қайырымдылық көмек көрсеткен топтар «Үздік волонтерлық топ» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Осындай игі шараларға үлестерін қосқан бірқатар сала мамандары да «Үздік волонтер» төсбелгісін иеленді.
Ақтөбе облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Елеусіз Нұрғалиев мұқтаж жандарға көмек көрсетуде үздік еңбек үлгісін көрсеткен Шалқар еріктілеріне ризашылығын білдірді. «Шалқардың 500-ге жуық еріктілерінің жұмысы көптің көңілінен шықты. Аудандық жастар ресурстық орталығының биылғы жұмысы облыс бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болуы да тегіннен тегін емес» деді.
«Шапағат» волонтерлық тобының жетекшісі Айсәуле Бекет аудан жастарының қай кезде де ел сенімін ақтап, аянбай еңбек ететініне сендірді.