АЯҚДОП ШЕБЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Өткен аптада аудандық дене шынықтыру, сауықтыру кешенінде №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұқтар Құлтасбайдың ұйымдастыруымен «Таланттарды бірге ашамыз» атты мерекелік кеш өтті. Онда «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары, жерлестеріміз, шабуылшы Тәуіпбек Орналин мен қақпашы Мұхамбет Тамабай келешек аяқдоп ойынына машықтанып жүрген жасөспірімдермен кездесіп, тартымды сұхбат өткізді. Кәсіпқой футболшылардың шеберлік сабақтарына қатысты. Мақсаты — Шалқар жерінде дүниеге келген талантты аяқдоп шеберлерін келешек жасөспірім спортшыларға таныту.
Осы мерекелік кешке аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Джуманов, спорт ардагерлері Хайдар Тоғызбаев, Мұхтар Түсібеков және В.Н. Цеханович атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт меткебінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Серік Жоламанов қатысты.
«Ақтөбе» спорт клубының ойыншылары Т.Орналин мен М.Тамабай өздерінің кәсіпқой спортқа келу жолдарын әңгімеледі. «Алдарыңа мақсат қойып, соған жету жолында тер төгіп, еңбектенсеңдер бір нәтижесі болады. Сондықтан да қайтпай алға ұмтылып, шеберліктеріңізді арттыра беріңіздер» деп жасөспірім спортшыларға ақыл-кеңестерін берді. Сөйтіп, аяқдопшы боламын деп жүрген жас балғындарға доп шекіп, шеберлік өнерлерін көрсетті.
Өз кезегінде жас спортшылар кәсіпқой ойыншыларға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оның жауаптарын ден қойып тыңдады. Футбол деген ұжымдық ойынның ерекшеліктері, өздерінің дайындық жасау кестелері, жаттығу кезіндегі қойылатын талаптар, оны орындаудағы жауапкершіліктер жөнінде тартымды әңгімелер өрбітті.
Шындығында осы жылы екі ойыншы да «Ақтөбе» командасының құрамында шебер ойын өрнегін көрсетіпті. Оның дәлелі — «Ақтөбе» командасы бірінші лигада чемпион болып, премьер лигаға көтерілуі.
Бұдан соң спорт ардагерлері Х.Тоғызбаев пен М.Түсібеков сөз алып, өздерінің естеліктерімен бөлісті. Сонау 80-90 жылдарда бүгінгідей мүмкіндік жоқ кезде шалқарлық спортшылардың өте шебер ойын көрсеткенін әңгімеледі. Допты көшелерде, алаңдарда теуіп, шеберлігін шыңдаған аудан жастары сол кезеңде «Былғары доп» жүлдесі үшін 20-25 команда болып сайыстарға түседі екен. 1986 жылы Шалқар футбол командасы облыстың ауыл шаруашылығы спартакиадасына қатысып, бірінші орын алыпты. 1990 жылы да шалқарлық футболистер облыстық біріншілікке қатысып, керемет ойын көрсеткен. Ақтөбе қаласының «Мен!» деген «Ақтөберентген», «Нефтяник» командаларын тізе бүктіріп, «Актюбсельмаш» командасымен тең ойнаған. Сөйтіп, Ақтөбе қаласының жанкүйерлерін мойындатқан екен. Кезінде «Ақтөбе» командасына, республикалық командаларға дейін шақырту алған шалқарлық Алхам атты футболист болған. Оның інісі Анвар деген азамат та алымды футболшы болыпты. Ол кезінде облыстық спорт комитетінде қызмет істеген, Ресей командаларына бапкер болған екен.
Өткенді осылай еске алған спорт ардагерлері Шалқар жерінен шығып, облыстық команданың құрамында ойын көрсетіп жүрген Тәуіпбек пен Мұхамбетті мақтан тұтатынын айтты. Тіпті, Тәуіпбектің Қазақстан құрамасына дейін шақырту алуы оның футболшы ретінде келешегінің зор екенін тілге тиек етті.
Халықаралық дәрежедегі төреші Серік Жоламанов сөз алып, жалпы шалқарлық спортшылардың жетістіктерін әңгімеледі. Жасөспірім ойыншыларға алдыңғы буын аға спортшыларды үлгі етті. Елімізді мойындатқан бапкер, қарапайым теміржолшы В.Н.Цехановичтің өлкеміздегі спорт саласын дамытудағы өлшеусіз еңбегін атап өтті. Қасиетті Шалқар жерінен шыққан екі жас аяқдопшыға спорттың биік шыңына шығуларына тілектестігін білдіріп, ақ жол тіледі.
Кешті қорытындылаған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Джуманов шырайлы кездесудің жасөспірім спортшылар үшін пайдалы болғанын, алдыңғы буын ағаларының жетістіктерін көрген жасөспірім ойыншылар алдағы уақытта өздерінің арман-тілектерін жүзеге асыру үшін аянбай алға ұмтылары сөзсіз екеніне тоқталды. Кәсіпқой спортшыларға жанкүйерлердің атынан алғысын айтып, келешекте елдің абыройын көтерер атақты спортшы болуларына тілектестігін білдірді.

Қ. ӘЛИН, «Шалқар».