Еліміз Тәуелсіздігінің 29 жылдық мерекесі қарсаңында Шалқар ауылдық округінің орталығы Жылтыр ауылында тұрғындарды қуанышқа бөлеген жақсы жаңалықтар болды. Атап айтсақ, ауыл тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында аудан әкімі Жанболат Жидехановтың қолдауымен бюджеттен қаржы бөлініп, заман талабына сай шағын спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Сонымен бірге осы ауылда Елбасы Жолдауында айтылған «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында «Картел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Белайн» байланыс жүйесін орнатты. Бұл — елді мекен тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы арқылы Жылтыр ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Мұхтар Сапарбаев 500 мың теңге грант ұтып алып, шаштараз бөлмесін ашып, тұрғындарға қызмет ете бастады.
Мереке қарсаңында осы ауылда бастау алған игілікті істердің куәсі болған аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. «Жасөспірімдеріміз, жастарымыз, тіпті қандай жастағы адам болсын спортпен айналысып, денсаулығын дұрыстауға ұмтылулары керек. Алдағы уақытта да осындай спорт нысандары елді мекендерде ашылатын болады. Себебі халық денсаулығы Қазақстанның стратегиялық мақсаттарға жетудегі табысының ажырамас бөлігі. Міне, бүгінгі ашылған спорт алаңы соның бір көрінісі» деді.
Аудан әкімі мемлекет басшысының ауылдарды көркейтуге, ауыл шаруашылығын дамытуға көптеген қамқорлықтар жасауда екенін айтты. Төрт түлікті көбейтуге, оның жем-шөбіне субсидиялар, жеңіл пайызбен несиелер беріліп жатыр, көшелер асфальттануда. Мәселен, Жылтыр ауылына кіре беріс жолды асфальттау жоспарға кіргізілді. Жұмыс істеймін деген жастарға қайтарымсыз гранттар берілуде. Елді мекендерде «Белайн» байланыс жүйесінің орнатылуы ауыл тұрғындарының жылдам хабар алуына, оның игілігін пайдалану үшін жасалған жақсы жағдай екеніне тоқталды. Алдағы жақын уақытта бұндай байланыс Шетырғыз, Жаңақоныс, тағы да басқа байланысқа мұқтаж елді мекендерде орнатылмақ. Ауыл тұрғындарын, жастарын мемлекеттік қолдауға сүйеніп, қолдан келер шағын кәсіптер ашып, тұрғындарға қызмет істеуге шақырды.
Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Орынбасар Жұбаев елді мекендерде бүгінгідей жүзеге асып жатқан жақсы істердің барлығы Елбасының, мемлекет басшысының қамқорлығы екенін айта келіп, оны ұйымдастырып, мереке қарсаңында тарту еткен аудан әкімі бастаған азаматтарға Жылтыр ауылы тұрғындарының атынан алғысын айтып, батасын берді.
Қыдыралы ӘЛИН.