1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі Жанболат Жидеханов еңбек ардагерлері Қартбай Қабақбаев, Бөпей Көрпебаева, соғыс ардагері Шудабай Тақаев, тыл ардагері Оразбай Әділбаевты мерекелерімен құттықтады.
Ардагерлердің ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолындағы ерен еңбектері мен қосқан үлестерін атап өтіп, оларға құрмет көрсетті және сый-сияпаттар табыстады.
Сондай-ақ аудан әкімі мерейлі мерекеге орай ауданымызға еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз Бөпей Көрпебаеваға «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атағын тапсырды.
— Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың орны біз үшін бөлек. Қарттары бар ел — бақытты да байыпты ел. Өскелең ұрпақ үшін жасаған бар жақсылықтарыңыз ұшан-теңіз, Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр тілеймін, — деді аудан әкімі Жанболат Жидеханов.