Бір ағамызға «Мен қойшының баласы болдым…» деп әңгіме айтып отырсам, — «Қойсайшы, бәріміз де қойшының баласы емеспіз бе» дегені бар еді. Сол айтқандай жалпы ата-бабамыз күні кешеге дейін төрт түлігін жайлап күн көрген ғой. Әке-шешелеріміз совхоздың малын бақты, біздерді оқытты, тоқытты, қызмет істедік, зейнеткерлікке жақындағанда «мал шаруашылығымен айналыссам ба екен, балалар еңбекке ұмтылар» деген ой келді. «Сөйтсем қайтеді?» деп жанашыр адамдармен ақылдассам «Ой, малға да малдай адам керек» деп жасқап, ойландырып тастайды. Бірақ, мен сол шаруа қожалығын ашуға тәуекел еттім. Оңай емес екен, баяғы совхоз кезіндегідей алдыңа ешкім ештеңе әкеліп бермейді. Өзің ұмтылуың керек, өзің табуың керек.
Енді тәуекел еткенімнің тағы бір себебін айтайын. Ол ештеңеден тайсақтамауға, еңбек етуге жетелеген алдыңғы буын ағаларымыздың үлгісі еді. Сондай жандардың бірі — сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал Қалабай Нұрмашев болатын. Шалқар ауылдық округінен қыстау, жайлауға жер алып, төрт түлікті өргізіп отырған Қалекеңді көргенде өзімнің бірер жыл бұрын шаруашылық ашуға шегіншектегеніме ұялдым. «Кештік өмірің болса, түстік мал жина» деген ғой атам қазақ, бұл күнде жасым келді деп отырып қалмай алға ұмтылып, ата кәсіпті жалғастырып жүрген ақсақалдың игі ісі жастар түгілі біз секілді жігіт ағаларына да үлгі болып отыр. Осыдан он жыл бұрын ашылған Қалабай ақсақалдың «Нұрдәулет» шаруа қожалығында бұл күнде бір отар қой, үйір-үйір жылқы, бірнеше табын сиыр жайылып жүр. Шөп шабатын техникалары да сақадай сай.
Қарттар мерекесі қарсаңында шаруашылық барысында ақылдасар ағамыздың бірі Қалекеңнің үйіне бас сұғып, құттықтап шықтық. Ағамыздың көл жағасынан «Аэропорт» кооперативін ұйымдастырып, бау-бақша егетінін білетін едім, сөйтсем, ауласы да жеміс-жидекке толы екен. Әрине, бұл істе өзімен тең жүріп еңбек ететін құдай қосқан қосағы Жаналтай жеңгеміздің де еңбегі зор.
Ауланы жасыл желекке бөлеу де үлкен еңбек. Қалекең бір жолдасының әңгімесін айтты. Үйіне қонаққа келген бір кісі кетіп бара жатып «аулаң кең жақсы екен, бірақ өлі екен» депті. Ойы сан-саққа кеткен жолдасы келген қонақтан оны қандай мағынада айтқанын сұрапты. Сонда қонақ: — Өлі емей немене, аулаңда бір тал немесе бір жеміс ағашы жоқ, — деген екен. «Тіршілікте ешкімге жалтақтамай еңбек ету керек, балаларды соған баулу керек. Еңбек етпесең кейін кетесің», — деді Қалабай ақсақал.
Қалекең дастархан басында аз-кем өзінің өмір жолына да тоқталып өтті. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген, жігіттік кезі одан кейінгі тұралаған кезеңдерде өтіпті. Басынан өткен қиындықтарды айтқанда басыңды еріксіз шайқай бересің. Шешеден сегіз жасында қалса, әкесін тіпті көрмепті. Аяғынан тұрып, ел қатарына ілігуде өзіне қамқор болған ұстаздарын, жол көрсеткен ағаларын үлкен ризашылық сезіммен есіне алды.
— 1938 жылы 20 сәуірде Шалқардағы водакачканың түбінде дүниеге келіппін. Жылтырдағы Дамбар мектебінде жетінші класты бітірдім. Ол кезде 1-4 класс оқушылары аралас оқитын. Алғашқы ұстаздарымыз Бейсенбі Омашев, Қаншайым деген апай болды. Кейін Исағали Базарбаев деген ағай сабақ берді. Сол ұстаздардың тәлім-тәрбиесімен біз үлкен өмірге қанат қақтық. Одан бері Фахат Беркімбаев, Задаш Мұстафин деген ағаларымыз ауыл шаруашылығы саласы бойынша оқуларға жіберіп, үлкен қамқорлық жасады. Мен сол кісілердің сенімін ақтап, зейнеткерлікке шыққанша «Шалқар» совхозында еңбек еттім. Кеңес заманында «Еңбек — бәрін де жеңбек» деген жігерлендіретін сөз болатын. Бұл қай кезеңде де өз мәнін жоймайтын даналық, — деді Қалабай ақсақал.
Қалекең соңғы кезде басшылардың бар мүмкіндігінше халыққа қамқор болуға ұмтылатынын әңгімеледі. Сонау 90-шы жылдары жабылып қалған «Аэропорт» бау-бақша ко-оперативін қайта жандандырып, жұмысын жолға қоюға күні кешеге дейін ауданды бас-қарған Бауыржан Қаниевтің көп қолдау көрсеткеніне ризашылығын білдірді. Жалпы, еңбек етемін деген жанға мүмкіндіктің табылатынын айтты.
Біз, кейінгі буын інілері бұл күнде сексен деген жасқа дес бермей, ерен еңбек үлгісін көрсетіп жүрген Қалабай ақсақалға балалары мен немерелерінің қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешуге тілектестігімізді білдірдік.
Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».