Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев ағамызға бірқатар жасы үлкендердің отбасына барып, сәлем беріп, құттықтап шығайық деп ұсыныс жасадым. «Онда жастары үлкейсе де еңбектеніп жүрген кісілерге барайық» деп өзіме қарсы ұсыныс тастады. Келісе кеттім.
— Қалада 83-ке келген Мәдина Әуелбаева деген апамыз бар, ауласы тұнып тұрған бау-бақша көрінеді, сол кісіден бастайық, — деді Қуекең.
Содан, биссмиллә деп ардагер апайдың ауласына аяқ бастық. Айтса айтқандай екен, жемісі жайқалған бау-бақшаны көргенде таңырқап тұрып қалдық. Аула қанша кең болғанымен көкөністен бос орын жоқ. «Бұның бәрін кім игеріп жатыр екен, апай үлкейді ғой» деген ой келді.
Үйге кіріп, дыбыстадық, «Бері келіңдер!» деген бұйрықты дауыс шықты. Апай диванда демалып жатыр екен, тіктеліп отырып қасына шақырды. 1990-шы жылдардың басында аудандық партия комитетінде бір кабинетте отырып жұмыс істегенбіз. Таныр ма екен деген ой келді, күмәнім бекер болды. «Сен Қыдыралысың ғой, сен Қуанышбай емессің бе?» деп жазбай таныды.
— Жаңа ғана шарбақтан екі шелек помидор жинап келіп, демалып жатыр едім, — деді апай.
— Ауладағы бау-бақшаларға кім қарайды, — деп көкейде тұрған сауалымызды бірден қойдық.
— Мен де, басқа кім, банкілерді де өзім жабамын, — деді Мәдина апа. Біз сенер, сенбесімізді білмедік.
— Сендер асықпаңдар, мен айтайын, — деп әңгімесін бастап кетті. Біз тапжылмай тыңдай бердік.
— Қай істің де нәтижелі болуы үшін оған ынта-жігеріңмен, жан-тәніңмен кірісуің керек. Сол іске құмартып, жақсы көргенің ләзім. Сонда ғана жетістігің болады. Бау-бақша деп жатырсыздар ғой, сол туралы айтайын. Мен бау-бақша өсіруге құмар болдым. Сонау 80-90-шы жылдары интернет қызметі жоқ кезде білетіндерден сұрап, жеміс-жидектерді қалай өсіру керектігін блокнотыма жазып алып жүретінмін. Райкомда есепші болып жүргенімде ішінде кітапхана болды, оған түрлі журналдар келетін. Соның ішіндегі бау-бақша туралы жазылғандарын көп оқитынмын. Содан бір күні Красноярскіде тұратын бағбан орысқа хат жаздым. Ол кісі жеміс ағаштарын қалай өсіру жөнінде кеңестер беріп, маған пошта арқылы үш түрлі жүзімнің тұқымын жіберді. Міне, содан бастап мен ауламда жеміс ағаштарын өсіруге ден қойдым, — деп апай әңгімесін жалғастыра берді.
Тыңдап отырып, шындығында, бау-бақша өсіру үшін көп ізденіп, зерттеп, беріліп еңбек ету керектігін түсіндік. Апай бізді ауласына ертіп шығып, жеміс ағаштарын көрсетті. Өзі өсірген төрт түрлі жүзім сорттарынан бізге үзіп берді. Шабдалы, алма, өрік, шие дейсің бе, қарауға көз керек, барлығынан да жеміс алыпты. Одан басқа аулаға картоп, сәбіз, қызанақ, қияр, қауын, қарбыз егіп, піскендерін жинап алып жатыр екен. «Ой, апа, не деген еңбек, мынадай жұмыс атқарған адамның ауыруға да уақыты болмайды ғой» деп басын шайқады Қуанышбай ағамыз.
— Менің ермегім осы ғой, — деп апай бау-бақша туралы әңгімесін тағы да жалғастыра берді, біз тыңдай бердік. — Мен Красноярскідегі зейнеткер орыстан келген жүзім сортынан баданадай мейіз жасадым. Оны жасаудың тәсілін марқұм күйеуім Мәукен екеуіміз санаторияға барғанда бір өзбек бағбаншыдан жазып алғанмын. Қайнатып алған суға ас содасын салып, басқа да компоненттерін қосып, кептірілген жүзімді соған малып дайындап қойған ағашқа ілесің, астына күкірт түтетіп ыстайсың. Өзбекстаннан келген өрік пен мейізден күкірттің иісі шығатыны сол.
Мәдина апа өзі жинаған бау-бақша туралы жазылған кітап, журналдарды алдымызға жайып тастады. Өзі қолдан өсірген жемістері қойылған дастарханға шақырды. Әрине, әңгіменің бәрі бау-бақша туралы болды. Сөз арасында «Мен әскер семьясынанмын» деп өзінің өмір жолын да айтып өтті. Әкесі Әуелбай Алдашев соғысқа дейін ауданымыздың Айшуақ жерінде ел басқарып, көп жандарға қамқор болған, халық сыйлаған адам екен. Ұлы Отан соғысына аттанып, 1942 жылы ерлікпен қаза тауыпты. «Мен 1937 жылы 16 қазанда №13 Елтау ауылдық советінде дүниеге келдім. Өмірімше школ-интернатта, райисполком, райкомда есепші болып зейнеткерлікке шықтым. Әке-шешемде ер бала болмай, мен ер баланың орнында жүрдім» деді апа. Бұл кісінің ер мінезді, қайсар болып өсуі де осыдан болса керек.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген, біз сексеннің үстіне шыққан Мәдина апайдың бағынан үлкен көтеріңкі көңіл-күймен шықтық. «Әттең, барлық үлкендеріміз осындай еңбек үлгісін көрсетсе, мекеніміз, жалпы өңіріміз гүлдей жайнап кетер еді-ау» деген ой Қуанышбай ағай екеумізге қатар келгені анық еді.
Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».