«Шалқар» газетінің өткен 12 маусым күнгі №24 санында Шалқар ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Г. Құдайсүгірованың «Шалқар ауданы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы» қаулысы шықты. Қаулы Шалқар қаласының аумағында коронавирустық инфекция жағдайларының тіркелуіне байланысты тұрғындар арасында инфекцияның одан әрі таралуының алдын алу мақсатында жарияланған. Әрине, онда шектеулер мен тиым салулар туралы айтылған.
Дегенмен, тұрғындар мәселенің мән-жайына, коронавирустың қауіптілігіне көңіл аудармай жайбарақаттыққа салынуын доғармай отыр. Сондай салғырттықтың кесірінен вирустың таралуы көбейе бастағаны байқалды. Мәселен, осы аптаның басындағы ақпарат бойынша расталған жағдай 44 адам, Шалқар қаласында ем қабылдаушылар 11 адам, Ақтөбе қаласында ем қабылдаушылар 6 адам, жазылып шыққандар 12 адам, үй карантинінде 128 адам болып отыр. Бұл цифрлардың күннен-күнге өсуіне орай, оның алдын алу мақсатында аудан әкімі Бауыржан Қаниев тиісті адамдармен шұғыл жиналыс өткізіп, жаман дерттің алдын алу жайын ақылдасып, тапсырмалар берді.
— «Ауруын жасырған өледі», — деді аудан әкімі, — ауданда бұндай көлемде адамдардың анықталуы қозғалыстағы кісілерді мүлт жібермей тексеруден өткізудің арқасында болып отыр. Сондықтан арнайы шығарылған қаулыдағы талаптарды қатаң сақтау керек. Сонда ғана біз коронавирустық инфекцияның алдын ала аламыз.
Сонымен бірге аудан басшысы қоғамдық орындарда маскалық режимнің қатаң сақталуын, жабық үй-жайларда және көшеде, сауда объектілері, басқа да көпшілік жиналатын орындарда бір-бірінен кем дегенде екі метр әлеуметтік ара қашықтықты сақтау керектігін ескертті.
Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша Шалқар ауданында карантиндік кезде санитарлық-эпидемиологиялық тазалау жұмыстарын қадағалайтын қоғамдық бақылау тобы құрылды. Топ құрамында аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық және ақсақалдар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ, аудандық тауралар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бар. Топ аудан көлемінде сауда және қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық-эпидемиологиялық тазалау жұмыстарына бақылау жүргізеді. Аталған топ құрылғаннан бері 1268 нысанды аралап, 225 ескерту берген.
Сонымен қатар, аудан көлемінде коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Шалқар қаласының қалашықтары бойынша арнайы топтар жасақталған, оның жалпы саны жетеу. Топ құрамында аудандық мәслихат хатшысы, «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, қала әкімі, бөлім және мекеме басшылары, аудандық полиция бөлімінің және аудандық аурухана қызметкерлері бар. Аталған топ мүшелері қалада той, садақа, тағы да басқа жиындарды өткізудің алдын алу, сондай-ақ карантиндік режимнің сақталуы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде және рейдтік шараларға қатысады. Шаралар барысында тойханаларда мерекелік іс-шара жасаудың алты фактісі анықталып, тиісті жазалар қолданылған.
Осы уақытқа дейін аудандық пошта көмегімен тұрғындарға газет арқылы, сондай-ақ карантиндік режимнің сақталуын қадағалау мақсатында құрылған қоғамдық бақылау тобы және волонтерлардың көмегімен 3000-ға жуық ақпараттық парақшалардың таратылуы ұйымдастырылды. 800-ге жуық ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы және 62 мақала баспасөз құралдары арқылы жарияланды. Ауыл ақсақалдары, қоғам арасында, беделі бар адамдар баспасөзде және әлеуметтік желілерде сұхбаттар беріп, медицина мамандарының талаптарын қатаң сақтауға шақыруда.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарына карантиндік режимді сақтау мақсатында дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инфекция таралуының алдын алуға арналған Үндеуі дыбыс күшейткіш арқылы көшелерде, адам көп жиналатын орындарда ұдайы хабарлануда. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде (shalkar_akimat) инстаграм әлеуметтік желісі арқылы 91 тікелей эфир ұйымдастырылып, оған аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме, басшылары, қоғамдық ұйымдардың басшылары, ақсақалдар мен мәслихат депутаттары қатысқан. Эфир барысына 10000-нан аса аудан тұрғындары қамтылып, 3000-ға жуық сұрақ қойылып, тиісінше жауаптар берілген.
Өз тілшімізден.