МАССАЖ ЖАСАУ ШЕБЕРІ

Бір отбасын ұйытып, перзенттерінің асқар таудай тірегі болған нәзік жандар қаншама?! Олардың бойынан үнемі қандай іске де ептілік, шаруаға алғырлық байқалып тұрады. Бүгінгі кейіпкеріміз де үй мен түзді тең ұстаған, тұрмыста кезігетін кедергілерге мойымайтын қайсар қыздарымыздың бірі.
Жаңылсын Жұбаниязова 1963 жылы өңіріміздің 8 март селосында қарапайым отбасында дүниеге келіп, сол ауылда ержетеді. 1980 жылы Шалқардағы №1 орта мектепті бітірген соң ақ халатты абзал жан атанып, елге пайдасын тигізуді мақсат етеді. Ол 1982-1984 жылдары Ақтөбе медициналық колледжінде медбике мамандығын игеріп, еңбек жолын Ырғыз ауданында «Нұра» учаскелік ауруханасында мейірбике болып бастайды. Кейін 1996-1997 жылдары Шалқар аудандық ауруханасындағы оташы бөлімінде, 1999 жылы жұқпалы аурулар бөлімінде жұмысын жалғастырады. Ал 2012 жылдан бастап Шалқар аудандық емханасында физио-ем бөлмесінде массаж медбикесі болып табысты еңбек етіп келеді.
Жаңылсын Данағұлқызы арнайы медициналық білімі бар, массаж түрін және оның әдістерін, тәсілдері мен методикасын жетік меңгерген маман. Ол өз жұмысын дәрігердің нұсқауы бойынша мүлтіксіз жасап отырады, массаж техникасына ерекше мән береді. Массаж мойынға, көкірек клеткаларына, биологиялық активті нүктелерге жасалады. Органдарға және тері қабаттарына арнайы қимыл, механикалық әсер ету арқылы беріледі.
Еліміздегі «Ана мен бала денсаулығын қорғау» бағдарламасы — саламатты келешектің кепілі. Республикамызда Тәуелсіздік алғалы ана мен бала денсаулығына аса мән беріліп келеді. Жалпы дәрігерлер балаға туылғаннан бастап массаж алған дұрыс деп болжайды. Ол баланың жасына сай жүргізіледі және өсіп-жетілуіне, сүйектерінің қатаюына көмектеседі. Массаж ең алдымен арнайы нұсқаулықтар арқылы жүргізіледі. Жаңа туылған нәрестелерге жеңіл гимнастикамен массаж жасау алдында бөлме дайындалады, ол 22-24 градус жылы болу керек. Оның сәбиге пайдалылығын айтсақ, қан айналымына, сүйегінің өсуіне, физикалық жүйесінің дамуына жақсы әсер етеді.
— Бас ішілік, гипертензиясы бар нәрестеге мойнындағы нерв жиылған бөлігін, содан соң екі аяғын, екі табанын уқалаймыз. Себебі, уқалау барысында ұйқы безі ашылады. Балаларға массаж бес тәсіл бойынша жасалады. Массаж нәрестенің психикалық дамуын, ағзадағы зат алмасуын реттейді, — дейді Жаңылсын Данағұлқызы.
Жаңылсын Жұбаниязованың еңбек жолы жетістіктерге толы. «Емдік массаж» циклі бойынша мейірбике мамандығын игеріп, «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша жоғары біліктілік санатының куәлігіне ие болған. Шалқар аудандық емханасы бас дәрігерінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірнеше мәрте Алғыс хаттарын иеленіп, грамоталармен марапатталды. Емдік бөлмеден сауығып шыққан баладан бастап, науқас пациенттердің Жаңылсынға деген алғысы — өз жетістігінің барометрі. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін еңбек алаңының — термометрі, механикалық массаж әлемінің кардиограммасына айнала білді.
Тағдырдың жазуымен жұбайы қайтыс болса да төрт баласын оқытып, ел қатарына қосқан жігерлі жан Жаңылсын Данағұлқызы бұл күнде бақытты әже болып отыр. Балалары мамандықтарын алып, отбастарын құрып, одан немере сүйіп отырған жайы бар. Үлкені Ақмарал мұғалім болса, екінші перзенті Мая да ана жолын қуып ақ халат киді, қазір дәріханада жұмыс істейді. Ұлы Ғазиз теміржолшы, кенже қызы Рима Оқушылар сарайында жеткіншектерге дәріс береді. Олардан 13 немере сүйіп отыр. Сол балалары мен немерелерінің бақытын, амандығын тілеп, бақытты күн кешуде.
Мейірбикелер де медицина қызметкерлерінің де илейтіні бір терінің пұшпағы. Яғни, ем-дом жасап, емделушілердің алғысына бөлену. Ендеше, медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай мамандығын шексіз сүйген Жаңылсын Данағұлқызына әркез еңбекте алда болып, абырой биігінен көріне беруіне тілектеспіз.

М. БОҚАН, Шалқар қаласы.