ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС АЗАЙМАЙДЫ

Бүгінгі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты болдырмау.
Аудандық жастар ресурстық орталығының басты бағыттарының бірі — жастар арасындағы ынтымақты нығайтуға үлес қосу, достық пен бірліктерін бекемдеуге күш салу болып табылады. Осы ретте орталық тарапынан да еліміздегі төтенше жағдай мен карантиндік режимнің талаптарын сақтай отырып, түрлі деңгейде жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ұжымдарда қызмет істейтін жастардың өзара тығыз қарым-қатынаста болуына жағдай жасап, қайырымдылық шараларда белсенділік танытуларына мүмкіндіктер берілді. Сонымен қатар ерікті жастар ұйымдарын тарта отырып аз қамтылған, жалғызбасты және қарт ардагерлерімізге көмек қолын созуда да ұйымшылдық танытудамыз. Бұл жерде ерікті жастардың атқарған еңбектері көп.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауданымызда жастар арасындағы бұзақылық деңгейі өткен жылдармен салыстырған да едәуір төмендегенін көрсетуде. Оның төмендеуіне бірден-бір себеп жергілікті жердегі құқық қорғау органдары мамандарымен бірлесе жүргізіліп жатқан рейдтік іс-шаралар және өткізілген жиналыстар мен тәрбиелік мәні бар лекциялардың үлесі деп білеміз.
Жыл сайын жаз маусымы басталып, оқушылар демалысқа шыққанда жасөс-пірімдердің тәртібін қадағалау жұмысы екі есе көбейеді. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін қоғамдық орындарда болуға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Оқушылар демалысқа шығып, мектеп сабағы мен үй тапсырмасынан қолдары босағанда, жоғарыда айтылған ережелерді барлығы бірдей сақтай бермейді. Әсіресе, жасөспірімдердің жасаған қылмыстары мен құқық бұзушылықтар жаз мезгілінде көп тіркеледі. Сондықтан да біз өзімізге міндеттелген жұмыстарды нақты орындап қоғамдық тәртіптің сақталуына өз тарапымыздан атсалыса бермекпіз.
Сөз орайы келгенде айта кететін мәселе жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі ата-ананың бақылауының аз болуынан. Ал, енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтылғандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді. Сондықтан да әр азаматтың міндеті — заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан өзіне жүктелген міндетін орындау. Заңды білмеу, оны бұзу жауапкершіліктен босатпайтынын ескерсе екен дейміз.

Ж.Абденова,
кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі.