Кітапхана — рухани байлық мекені

Әлемдік өркениетте кітапхананың алатын орнын ешкім де жоққа шығара алмайды. Осы орайда ауданымыздың еңселі қара шаңырақтың бірі — орталық кітапхана жұмысына тоқталсақ…
Баршаңызға мәлім еліміз үстіміздегі жылдың 16 наурызынан бастап төтенше жағдай режиміне көшті. Әрине, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық.
Барлық мекемелер жабылып, қызметкерлер үйде отырып, жұмыстарын жүргізе бастады, кітапхана да осы тұста өз оқырмандарымен байланыстарын үзген жоқ, керісінше нығайту жолына көшті. Пандемия жарияланғаннан бастап қашықтық режимінде оқырмандарға онлайн қызмет көрсетуде. Бұл орайда Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасы күнделікті жұмыс істеп тұр. Қазір еліміздің электронды кітапхана қызметін әлемнің 60-тан астам елінен пайдаланушылар қолдануда. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ елдері бар. Сондай-ақ порталды ТМД елдері, Финляндия, Германия, Болгария, Румыния, Жапония, Оңтүстік Корея және т.б. мемлекеттер оқиды. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қашықтан оқып жатқан студенттер мен мектеп оқушылары және қала тұрғындарының бос уақытын рухани байыту мақсатында наурыз айынан бастап instagram, youtude және facedook желілерін пайдаланып, балалар кітабы апталығын, ақын-жазушылармен тікелей эфирде кездесулер, мотивациялық бас қосу, тұсаукесерлер, викториналар, кітап оқу челенждерін, хит шеру, байқаулар, бейнелеу өнері т.б. онлайн сабақтар өткізуді ойдағыдай атқарып келеді.
Атап өтетін болсақ «Абай оқулары — 2020» байқауы, отбасылық мақал-мәтел жаттау эстафетасы, Нұрпейіс Байғаниннің шығармаларын насихаттау мақсатында онлайн марафондар өткізілді.
Жалпы, кітапхананың онлайн қызметі бойынша болашақта да көптеген жұмыс атқарылмақ. Алдағы уақытта кітапхананың атаулы оқу залдарының ұлттық қоры туралы ақпараттық сағат, жаңа терминологиялық сөздіктер мен «XXI ғасырдағы Қазақстан және әлем» онлайн-шолулар, жаңа кітаптар, әдеби кештер, «Қазақстан жазуының және кітаптарының тарихы» видеолекциялар, балаларға арналған онлайн-поэзия және суреттер сайысы, балалар әдебиеті мен ертегі терапия онлайн дәрістер, ақын-жазушылармен, абайтанушылармен онлайн кездесулер, сирек кітаптар мен құнды қолжазбалар онлайн лекциясы, ақпараттық технологиялар жөніндегі вебинар, Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай онлайн конференция мен онлайн лекциялар өткізеді. Әлбетте әңгімеміз кітапхана төңірегінде болғандықтан биыл мерейтойы кең көлемде аталып өтіп жатқан Абай атамыз туралы сөз қозғамай кету мүмкін емес. Жалпы, Абайтану мәселесінде науқаншылық басым деген сөз жиі айтылып жатады. Алайда бұл пікір кітапханаға қатысты деуге келмейді. Абайды оқып-тану науқаншылық емес. Президентіміз өзінің мақаласында: «Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деуімізге болады. Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет», — деп жазған болатын. Мемлекет басшысының бізге артқан сенімін ақтай отырып, Абай жырларын оқу эстафетасын жаңа форматта, оған жастарды кең ауқымда қатыстыра отырып, тартымды әрі қазіргі заман талабына сай етіп өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның үстіне, аталған іс-шараларды науқаншылыққа айналдырмай, тұрақты түрде, жыл сайын өткізіп тұру қолға алынуда. Жалпы Абайдың 175 жылдығын тойлауды біз жаңа жылдан бастап кеткеніміз белгілі.
Жалпы, кітапхананың биыл атқаратын іс-шараларын бір мақалада айтып беру мүмкін емес. Кітапханашы бүгінде тек қана оқырманға кітап беріп қана қоймай, көптеген маңызды жұмыстарды атқарады. Бүгінгі заманға сай күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жетелеуші, сонымен қатар кітапхананың бай қорын сақтаушы, насихаттаушы, түрлі іс-шаралар мен әдеби кештерді ұйымдастырушы, Қазақстанда ресми түрде бекітілген атаулы күндер мен белгілі ақын-жазушылардың, ғалымдардың мерейтойларына арналып тақырыптық көрмелер қоюшы, оқырманның талап-тілегіне сай кеңес беруші, кітап пен кітапхананы, ұлттық құндылықтар мен оқырман арасын жалғастырушы да кітапханашылар бүгінгі қоғамға ең қажет мамандық иесі болып табылады. Әбіш Кекілбаев атамыз кезінде: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын», — деп, бекер айтпаса керек. Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ордасы кітапхана ешқашан мәні мен маңыздылығын жойған емес. Кітапханашы да осы киелі орданың мәртебелі иесі болып қала бермек!

Айнұр Қабышева, кітапханашы.