СОҒЫС АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

9 мамыр — Жеңіс күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Бауыржан Қаниев Шалқар өңірінде көзі тірі, Екінші дүниежүзілік соғысының жалғыз куәгері, соғыс және еңбек ардагері, 94 жастағы Шудабай Тақаевтың шаңырағында болып, ардагерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. Адамзат баласына зор қасірет әкелген сұрапыл соғысқа тойтарыс беріп, бейбіт өмірге жол ашқан ардагерлердің асқан ерлігі мен ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынына тоқталды. Қайта жыл өткен сайын жаңғырып, тағылымды даңқы арта беретінін айта келіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын тапсырды. Онда: «Сізді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің адамзат тарихындағы ерен ерліктеріңіз бүгінгі бейбіт өмірімізге, жарқын болашағымызға жол ашты. Бұл ешқашан ұмытылмайды. Ардагерлердің даңқты өмір жолы — Отанға қызмет етудің және патриотизмнің озық үлгісі. Өскелең ұрпақ әрдайым өздеріңізге қарап бой түзейді. Сізге зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін!» делінген.
Бұдан соң Шудабай ақсақалдың кеудесіне Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай дайындалған мерекелік медаль тақты. Сонымен бірге соғыс ардагеріне өз атынан Алғыс хат тапсырды, иығына шапан жауып, сый-сияпаттар ұсынды және ардагердің қосағы, тыл майданында күндіз-түні еңбек етіп, Жеңісті жақындатқан Бәдигүл Тақай әжеге де Алғыс хат беріп, камзол жауып, сый-сияпаттар жасады.
Аудан әкімі соғыс ардагері Ш.Тақаевқа «Nur Оtаn» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Құттықтау хаттарын, жылы лебіздерін жеткізді. Облыс әкімінің өз атынан жаздырып, арнайы дайындаған қол сағатын табыстады.
Өз кезегінде соғыс және еңбек ардагері Шудабай Тақаев сонау соғыс жылдарынан естеліктер айтып, соғыс даласында қаза тапқан, елге жете алмай көз жұмған майдандас, қатарластарын ойлайтынын, оның бір үлкен өкініш екенін әңгімеледі.
Өзіне, өзі секілді соғыс ардагерлеріне жасалып жатқан қамқорлығы үшін ел Президентіне, облыс, аудан басшыларына, басқа да азаматтарға шын жүректен алғысын айтып, ақ батасын берді.