ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Құрметті ардагерлер, құрметті жерлестер!
Баршаңызды Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Жеңіс мерекесі біздің еліміз үшін өте қымбатқа түскені баршамызға белгілі. Бүгінгі бақытты ұрпақ сол отты жылдарды үнемі жадында ұстап, оның ұлылығы мен қасиетін келер кезеңге жеткізе білуі тиіс. Осынау батырлық пен отансүйгіштіктің символына айналған қасиетті мерекені ұлықтау арқылы біз ата-баба алдындағы перзенттік борышымыздың бір бөлшегін өтей аламыз. Өйткені сұм соғыстың қасіреті әрбір адамға, әрбір отбасына өз салмағын, жылдар өтсе де жазылмайтын жарасын салып кетті. Бұл күндері бейбіт өмір сүріп отырған бақытты ұрпақ сол зұлмат кезеңдегі әлемді фашизмнен азат етуші ерлердің алдында бас иіп, аталарымыздың ұлы ерліктерін мақтан етеміз.
Жауды жеңуге еліміздің барша азаматтары секілді Шалқар ауданының халқы да өздерінің үлкен үлестерін қосты. Ауданымыздан аттанған жеті мыңнан аса жауынгердің туған жеріне жартысынан көбі қайтпай қалды. Сол жылдардың ызғарлы күндерін көзімен көрген жалғыз ардагер, жерлесіміз Шудабай Тақаев ағамыз ғана сол зұлматтың куәгері болып отыр.
Сонымен қатар Ұлы Жеңіске еңбектерімен өлшеусіз үлес қосқан тыл ардагерлерінің де қатары сиреп барады. Соғыс пен еңбек қаһармандарына мемлекетіміз ерекше көңіл бөліп, үлкен қамқорлық жасап отырғаны баршаға аян. Ендігі тілек осы ақсақалдарымыз жастардың ақыл айтар кемеңгері, арқа тұтар айбары болып арамызда ұзақ та бақытты өмір сүрсін деп тілейміз.
Қадірлі шалқарлықтар!
Баршаңызға еліміздің аспаны әркез ашық болып, біздің ұрпақтарымыз соғыс қасіретін білмей өссін деген тілек айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев.