ҚҰҚЫҚ

РЕЖИМДІ БҰЗСАҢ ЖАУАПКЕРШІЛІК БАР

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 жаңа коронавирус пандемиясын жариялауына байланысты, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 16 наурызда 08 сағат 00 минуттан бастап 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минутқа дейінгі мерзімге Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізілгені туралы жариялады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың өсу салдарынан сәуір айының соңына дейін елдегі төтенше жағдай режимін ұзарту туралы мәлімдеді.
Төтенше жағдай: оны енгізуге негіз болған мән-жайларды жою;
қауіпсіздікті қамтамасыз ету; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;
Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау үшін енгізіледі.
Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін қандай қауіп төнеді?
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейді (егер қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса). Атап айтқанда:
1) келу мен кетудiң ерекше режимi;
2) белгiлi бiр жеке тұлғалар үшiн белгiленген мерзiмге белгiлi бiр жерден, өзiнiң пәтерiнен (үйiнен) кетуге тыйым салу;
3) жиналыстар, митингiлер, шерулер және демонстрациялар, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды өткiзуге тыйым салу;
4) ереуiлдер өткiзуге тыйым салу;
5) қарумен, күштi әсер ететiн химиялық және улы заттармен, сондай-ақ алкогольдік iшiмдiктермен және құрамында спирт бар заттармен сауданы шектеу немесе оған тыйым салу;
6) карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзу;
7) көбейту техникасын, сондай-ақ радио- және теле хабар тарату аппаратурасын, аудио- және бейнежазу техникасын пайдалануға шектеу қою немесе тыйым салу; дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды алып қою туралы нұсқамалар; бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауды қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар;
8) байланысты пайдаланудың ерекше қағидалары;
9) көлiк құралдарының жүруін шектеу және оларды жете тексеруден өткiзу;
10) коменданттық сағат кезінде жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын арнайы берiлген рұқсаттарсыз және құжаттарсыз көшелерде немесе өзге де қоғамдық орындарда жүруiне не жеке басын куәландыратын құжаттарсыз өз үйiнен тыс жерде болуына тыйым салу бөліктерінде орындамау;
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бұл үшін ескерту, 10 АЕК айыппұл (2020 жылы 1 АЕК=2 778 теңге), 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы көзделген.
Соған қарамастан, Шалқар ауданының тұрғындарымен осындай құқық бұзушылыққа жол берілуде. Дәлірек айтсақ, Шалқар аудандық сотында 6 тұлғамен ҚР-нің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабының 1,3,6-тармақтарымен құқық бұзушылық жасалып, сот қаулысыменқұқық бұзушыларға10 АЕКяғни, (26510 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Құрметті азаматтар, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Шалқар ауданының прокуратурасы карантин шарттарын сақтауға шақырады.
Өткізілетін іс-шараларға түсініс-тікпен қарауды, билік өкілдерінің заңды талаптарын сақтауды және оларға инфекцияның алдын алуға көмек көрсетуді сұраймыз.

А.Акзамова,
Шалқар ауданы
прокуратурасының
прокуроры.

ТОҒЫЗ ЖҮРГІЗУШІ ЖАЗАЛАНДЫ

2019 жылдың 27 желтоқсанында әкімшілік заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, заңына сәйкес талап күшейтілді.
Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің ескі редакциясының 608-бабының 1-бөлігінде яғни,бұрын «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беруі» бойынша тек 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза көзделген болса, қазіргі талап бойынша дәл осындай құқық бұзушылыққа жол берілсе, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және7 жылға көлікті басқару құқығынан айыру көзделген.
Осы Заң 2020 жылдың11 қаңтарынан бастапзаңды күшіне енді. Содан бері Шалқар қаласының 9 тұрғыны аталған құқық бұзушылықты жасағаны үшін жаңа заң талаптарына сәйкес жазаланды.
Дәлірек айтсақ, олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін, Шалқар аудандық сотының қаулысымен 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Сонымен қатар, аталған Кодекстің ескі редакциясында жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған адам жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын бүлдіруге әкеп соққаны үшін 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген болса, ал қазіргі жаңа заң бойынша 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген. Сондықтан, аудан тұрғындарына осы Заң талаптарынқатаң сақтап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға шақырамыз.

А.Акзамова, Шалқар ауданы прокуратурасының прокуроры.

ЗАҢДЫ БІЛМЕГЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БОСАМАЙДЫ!

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзі бар. Шынында да әрбір еңсе түзеген ел өздерінің заңдылықтарын жасап, ондағы азаматтар сол заңды сыйлап, әрі өздеріне басты ұстаным етсе Елдің өміршеңдігі артады. Осы ұстаным дін саласында да қатаң бақыланып, жамағаттардың сол жолды берік ұстауы парыз. Бірақ өкінішке орай кейбір азаматтардың мешіт тәртібіне бағынбай, ол жердегі имамдар мен діни басқарма қызметкерлерінің айтқанын жасамай, өзімбілемдікке салынуы біздің ауданымызда да көрініс беріп қалады.
Ақтөбе облысының дін істері басқармасымен ағымдағы жылдың 1 тоқсанында «ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 490 бабының 2 бөлігі бойынша, яғни занды діни қызметке кедергі келтіргені үшін (мешітте намаз оқу барысында «Әмин» дұғасын дауыстап айтқаны үшін) Шалқар қаласының 1 тұрғынына(Суюндиков Нұрбол Муратович), әкімшілік хаттама толтырылып, 50 АЕК (92785 тг) көлемінде айыппұл салынды.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, Ханафи бағытындағы Исламның және Православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.
2016 жылғы 16 қарашада өткен Ғұламалар кеңесінің XIV мәжілісінде бекітілген «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігі мешіттерітің ішкі тәртіп ережесінің» 3-тармағының талаптарына сәйкес, мешітке келушілер ханафи мәзхабына сай құлшылық жасауға, намаздағы «Әмин» дұғасын іштей айтуға міндетті екендігі көзделген.
Ереженің тәртібіне сәйкес, бес уақыт және жұма намаздарына келуші жамағат ішкі тәртіп-ережелерін мұқият сақтауға, көрсетілген талаптарды орындауға, сонымен қатар, мешіт өз қызметінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жарғысына сәйкес, Әбу Ханифа мәзһабы мен Имам Матуруди ақидасы бойынша сүнни бағыттағы Ислам дінінің қағидаларын және шариғат ережелерін сақтауға міндетті.
Осы ішкі ережеге сәйкес, жамағаттарға мешітте дау-жанжал шығаруларына, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстанған Әбу Ханифа мәзһабына қарама-қайшы іс-қимыл, әрекеттер жасауларына, оның ішінде намаз барысында кедергі келтірулеріне тыйым салынады. Сондықтан әрбір азаматтан ҚР заң талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз.

Тоқтар Тобажанов,
Шалқар аудандық дін мәселелері және қоғаммен байланыс орталығының директоры.