БҰЙЫМДАРЫ ХАЛЫҚ СҰРАНЫСЫНА ИЕ

Ауданымызда кәсіптің түр-түрімен айналысып, халыққа талмай қызмет етіп жүргендер баршылық. Солардың бірі — қала тұрғыны, ұстаз Сабыр Еңсеп.
Он үш жылдан бері Шалқар халқына пластик терезе, оның бер жағында үй, кеңсе жиһаздарын жасаумен танымал болған кәсіпкердің кәсібі алға жүріп, халық алғысына бөленіп келеді. Біз Сабыр Бердімжайұлына жолығып кәсібі туралы әңгімелескен едік.
Сонымен…
— 1961 жылы Шалқарда туып-өстім. №2 мектеп-гимназиясының түлегімін. Бала кезімнен сурет салуға бейім болдым. Сондықтан болар, менің оған деген қабілетімді байқаған әке-шешем маған Орал қаласындағы педагогикалық институтының көркем сурет-графика факультетіне оқуға түсуге кеңес берді. Содан осы оқу орнының студенті атанып, оны ойдағыдай бітіріп шықтым.
Ауылға келіп, бұрынғы №39 орта мектепте (қазіргі №5 мектеп-лицейі), Әліби Жангелдин атындағы орта мектепте оқушыларға сызу, сурет пәндерінен сабақ бердім. Ал жиырма жылдан бері өлкеміздегі білімнің қара шаңырағы атанған №1 мектеп-гимназиясында ұстаздық етіп келемін, — дейді жоғары санатты мұғалім.
Сәкеңнің айтуынша, бұл кәсіпті мектепте бірге жұмыс жасаған әріптесі Давид Өтеп екеуі бірге бастапты. Мұғалімдердің жазғы кезекті еңбек демалысында екеуі бірігіп, төбе көтеру, кірпіш қалау сынды құрылыс жұмыстарын жасап, қосымша табыс табады. Сөйтіп жүргенде ойланып, ақылдаса келе екеуі бірігіп, қандай да бір тұрақты кәсіп ашуды ойлайды. Тәуекелге бел буып, 2007 жылдың жаз айында бірігіп кәсіп ашып, пластик терезелер жасай бастайды. Қолға алған игілікті істері жүйелі жүріп, оңға басқанда «Ақсер» деп аталатын жиһаз жасайтын цех құрылысын жүргізіп, оны салып алады.
— Кәсібімізді жүргізу үшін «Даму» қорынан 5 жылға 6 пайызбен несие алдық. Арнайы құрал-жабдықтарды Қытайдың Үрімші қаласынан әкелдік. Арада уақыт өте келе корпустық жиһаздар (ас әзірлейтін, қонақ, жатын, балалар бөлмелеріне, кеңсеге арналған) жасауға көштік. Міне, жиһаздар жасауды кәсіп қылғанымызға тоғыз жылдай болды, халық біз әзірлеген бұйымдарды жоғары бағалап жатады. Біз көптің ризашылығын алғасын, тұтынушыларға адал қызмет етуге барынша тырысамыз. Жанымдағы көмекшілерімнен де осыны талап етемін.
Ұлым Ақжол да осы кәсіптің қыр-сырына үңіле бастады. Қазір осы кәсіптегі сенімді көмекшім — балам десем де болады, — дейді әкесі.
Сабыр Бердімжайұлы кәсіп бастағалы «Даму» қорынан бірнеше рет несие алғанын, оның пайыздық үстемелері кәсіпкерлерге тиімді екенін, жалпы қазір қолынан іс келетін, кәсіп істеймін деген адамға мемлекет тарапынан мүмкіндіктің мол екенін айтады. Жиһазға қажетті материалдарды Ақтөбеден, Қостанай қаласындағы «Партнер» фирмасына тапсырыс беріп алдыртады. Кейде өздері барып әкеледі екен. Сапасы өте жақсы.
— Қазір станоктарды жаңалап жатырмыз. Алматы қаласына тапсырыс бердік. Шүкір, қазір халықтың жағдайы жақсы. Жылда жаңа үйлер салынады. Жаңа үйге жаңа жиһаз дегендей… Халықтың сұрасына, талғамына қарай жасаймыз. Тапсырыс қабылдар алдында үй иелеріне жасаған жиһаздарымыздың суреттерін көрсетеміз. Ауылдық жерлерден де тапсырыстар береді. Жиһаз дайын болған соң апарып, орнатып береміз.
Оның жасалу уақыты күрделілігіне байланысты. Бір жиһаз шамамен 15-20 күнде дайын болады. Соңғы үлгіде шыққан ас бөлмеге арналған классикалық платина жиһаздарына тапсырыстар беруге болады. «Хоум» және «Евразия» банктері арқылы келісім-шарт бойынша да несие, мемлекеттік тапсырыспен де мекемелерге, кәсіпорындарға, сауда орындарына да жиһаздар жасаймыз. Өзім тапсырыс қабылдап, сызбасын сызып беремін. Алдағы уақытта цехымызды кеңейтпек ойымыз бар, — дейді кәсіп иесі.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ.