Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 2020 жылғы 26 наурыздағы №6 хаттамасының 4,1 және 4,4-тармақтарын және ҚР БжҒМ-нің 2020 жылғы 31 наурыздағы «Пандемия кезегінде білім беру ұйымдарында, COVID-19 короновирустық инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларды күшейту туралы» №121 бұйрығы негізінде Шалқар ауданының білім бөліміне қарасты 35 жалпы білім беру ұйымдарының 8432 оқушысы қашықтықтан білім алады.
Соның ішінде 7722 оқушыда электрондық құрылғы, нақтырақ айтатын болсақ, 3333-де компьютер, 4389-да смартфон, планшет бар, еш кедергісіз қашықтықтан оқыту технологиялары негізінде оқыту ұйымдастырылатын болады. Бүгінгі күні мектептеріміз алғашқы сынама сабақты «ZOOM» бағдарламасымен, білім беру платформаларымен, әлеуметтік желілермен бастап кетті. 701 білім алушыда ешқандай электронды құрылғы жоқ. Осы электронды құрылғылармен қамтамасыз етілмеген отбасыларға мектеп балансындағы компьютерді келісім-шарт арқылы беру қазіргі таңда жүргізілуде. Ал үй жағдайында интернет, wi-fi желісі қосылмаған отбасы балаларына тапсырмалар мен кері байланыс курьерлер арқылы жеткізілетін болады. Бұл жерде курьерлердің сабақ материалдарын тасымалдауда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы қатаң тапсырылып отыр.
Барлығыңызға белгілі, жалпы орта білім беру саласы бұған дейін қашықтықтан оқыту технологиясын тәжірибеден өткізіп көрген жоқ. Осы орайда педагогтар, ата-аналар мен оқушылар үшін бұл технологияны, электрондық техникаларды, бағдарламалар мен түрлі платформаларды пайдалану қиындық туындатуда. Сол қиындықты еңсеру мақсатында аудан мұғалімдері Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік ұсынымдарын, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының мамандарымен өткізіліп отырған онлайн семинарларға үнемі қатысып, ата-аналар мен оқушыларды нұсқамалармен таныстыру жұмыстары жүргізілуде.
Абзал ӘБДІКОВ,
ауданның білім бөлімінің басшысы.