Сайын даланың сазды аспаптары

Әр халықтың әр ұлттың өздерінің ұлттық өнері, сазды аспаптары болатыны белгілі.
Біздің қазақ халқының да өз ұлттық өнері, өнерпаздары, сазды аспаптары бар.Осы орайда бойымызды зор мақтаныш билей отыра айта кетерлік жәйт, сол сазды аспаптардың кейбірі, тіпті көбі десе де болар, сонау арғы замандардан бері қарай, бүгінгі күнге жетіп отырғандығы. Бұл бір. Екіншіден олардың қай жағынан қарағанда да (әсемдігі, мықтылығы, даусының зорлығы) аса жетілдірілгендігі айқын көрінеді.

Мысалы, ертеректегі томардан ойып, қашап жасаған қылқобыз немесе сондай қара домбыраны қараңыз. Ал енді бүгінгі олардың әп-әдемі, сүп-сүйкімді түрлерін күнделікті бәріміз көріп те, ұстап-тұтып та жүрміз. Әрине, бәрін деп те айта алмаймын. Шындығында сазды аспаптардың көптеген көне түрлерін бәлкім үлкен мұражайлардан ғана көруге болатын шығар… Алайда қазірдегі біздердің өркениетті заманымыздың өнер сүйер өскелең жас ұрпақтарымыз жаңа айтылған және басқа да бұрын-соңды арғы бабаларымыздың алтын алақанынан шыққан асыл мұраларымыз жайлы әрине білгісі келеді, көргісі келеді, игеріп, үйренгісі келеді десем артық айтқандық емес.
Сондықтан да өзіміздің ұлттық сазды аспаптарымызды түгел болмаса да бірсыпырасын атай кетейін. Олар: домбыра, қылқобыз, сыбызғы, сырнай, арфа, шертер, жетіген, сазсырнай, сылдырмақ, асатаяқ, тайтұяқ, шаңқобыз, уілдек, дауылпаз, даңғыра, желқобыз, адырна, бұғанақ, т.б.
Жоғарыда аталған сазды аспаптар, соларға ұқсас түрлері, өзге де көптеген елдерде мысалы, Әзірбайжан, Башқұрт, Татар, Өзбек, Қырғыз, т.б. халықтарында да бар немесе ортақ десе де болады. Тек кейбірінің атауы басқаша болып келеді. Ал жаңа тізіп өткен өзіміздің ұлттық сазды аспаптарымыз жайында жазылып та жатыр. Арнаулы музей де бар екен. Өлең-жыр да арналып жатады. Ал мынау өзімнің арнау өлеңім:
Баяғы бағзы заманда
Ел менен жұрт аманда
Бабаларым күй шертіп,
Әжелерім ән салған.
Айт пенен тойда қауышып,
Қолдан қолға ауысып.
Қылқобыз бен шаңқобыз,
Сыбызғы, сырнай, домбыра.
Әуені әсем сызылған.
Есіне түсіп ел-жұрты
Шәй құйып келін ызылған.
Сағыныштан сарғайып,
Көңілдері бұзылған.
Уілдеп иен дауылпаз,
Дыбысынан үріккен.
Қанаттарын сабалап,
Көлден ұшар аққу-қаз.
Қаратауды қиялай,
Көне керуен шұбаған.
Қасірет шеккен әйелдер.
«Елім-ай»-лап зарлаған.
Ат дүбірі айнымай,
Сай-сүйегің сыздаған.
Аянышты сезімнен
Тұла бойың мұздаған.
Асатаяқ, тайтұяқ
Баяғы бағзы заманды
Көз алдыңа әкеліп,
Тәубеңе салар аздаған.
Дабыл қақса, даңғыра
Далам кетер жаңғыра
Адырна, бұғанақ, кернейім
Желқобыз есіп желдегін,
Тау суындай көктемгі
Тасыған топан селдейін.
Сазды әуенін шалқытып,
Көк аспанда қалықтап
Шертер менен жетіген
Өзгелерден несі кем?
Сиқырлы сазын игерсең
Арта түсер несібең
Қанша қиын болса да
Ар-намысын сақтаған,
Сан-салалы өнерін
Сары алтындай сақтаған.
Ұрпағым аман-сау жүргей
Ғасырға жаңа аттаған.
Аманаты мен үмітін
Бабаларының ақтаған.
Әңгімеміз ұлттық сазды аспаптар жайында болғандықтан әрі қарай сол аспаптардың ең ескілерінің бірі ретінде қылқобыз жайлы көріп-білгенім, түрліше басылымдардан оқып, ілгенімді де айта кетсем артық болмас. Кәдімгі қара томардан ойып жасалған көне қылқобызды мен ең алғаш 5-6 жасар шағымда шамамен соғыстан кейінгі 1946 жылдары көрдім. Жалаңаяқ, жалаңбас 2-3 қара сирақ бала болып, аптаның ол кездегі жалғыз үлкен демалысын «Базар күні» дейтінбіз. Қызықтап базарға бардық. Үйіміз «Селиванда», базар сордың арғы қала жақ бетінде. Кіре берісте бір орта жастағы аға молдасын құрып отыр. Қолында қара қобыз. Танымал сарнаған қоңыр үнін анандайдан құлағымыз шалып, бірден сонда бардық. Алдында кепкісі шалқасынан жатыр. Ішінде бірнеше қара бақыр жылтырайды. Жанында бәлендей көп адам жоқ. Көбі ортаға, яғни базарға өз шаруасымен өтіп-кетіп жатыр. Рабайда біреуі әлгіге бұрылып азды-кемді тиын сылдыр еткізеді.
Ал біздер болсақ, базарлық бұйымымыз да жоқ, қалтамызда тиынымыз да жоқ. Тек қызықтауға келгенбіз, бала да болсақ байқағаным, әлгі аға өнерге онша бейім емес көрінді, қобыз дыбысы болғанымен не күйге, не ән әуеніне жақындамайды. Кішкене өзі қосылып әндетеді, бірақ сөздері тек бірыңғай қала аттарынан тізілген. Күн көрістің қамы екен… Халықтың кем-кетікке деген қайырым-қам-қорлығы, қобыздың да киелігі болса керек тұрмыстың нашар кезі бола тұра аузынан жырып ырым жасап жатқандары. Осындайды біздерден естиярлау адамдар және замандастарымыз көрген болар. Бәлкім осы жәйт біреулерге ой салар.
Жоғарыда айтып өткенімдей, өзіміздің ұлттық сазды аспаптарымыз, әсіресе, қыл-қобыз кім-кімді де қызықтырары сөзсіз. Сондықтан да түрліше басылымдардан оқып, білгенімді бір жағынан ұмытып қалмау үшін де айта жүремін. Сөйтіп өзім де өзгелер де киелі аспап сырына қаныға түсеміз. Қобыздың әлі де болса ашыла қоймаған тылсым, сыр құпиясы көп сияқты. Қара томардан ойып жасаған қарапайым аспап қалай ғана қасқырдың ұлығанын, аққудың қаңқыл-саңқылын, адам дауысын, жел мен өзен судың сылдыр-ызылын шығара алады деген сауал көп жұртты таңырқатып, таңдай қақтырумен келеді. Қылқобызбен Қорқыт бабамыздың есімі егіз айтылады. Аңызға құлақ түрсеңіз жаңа жасалған аспапта Қорқыт баба күй орындай бастағанда, бүкіл дүние күңіреніп, әлемнің астан кестені шыққан деседі. Қобыз үні шыққанда бүкіл даланың топырағын суырған дауыл тұрып, аспанды қара бұлт шалған екен.
Мұны мен «Айқын» газетінің №210 (1877) (10.11.2011) санынан оқығаныма сүйеніп айтып отырмын.
Қылқобызды зерттеген Европа ғалымдары бұл аспапты зерттеп, жоғары бағалаған. Басқа да бірнеше ұлттардың ұқсас аспаптары арасында ежелгі сипатын сақтап қалған қазақтың қылқобызы екен. Бұл тұжырымды Европаның Бернер Бахман және Слави Дончев секілді ғалымдары дәлелдеген. Олар зерттей келе, «Қобызды ойлап тапқан Сырдарияның жағалауын мекендеген тайпалар» деген байламға келіпті. Қобыз көшпелі түрік тайпалары арқылы батысқа жеткен, кескіні өзгеріске ұшыраған, классикалық музыка аспабы бүгінгі скрипка пайда болған көрінеді. Ал негізінде қобызды аса дарынды күйші-бақсылар емдік мақсатқа пайдаланған. Соған қарағанда қобыз тәңірден келген дүние секілді.
Ежелгі көне аспап қазіргі кезде тек қазақтың ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем елдерінің кәдесіне жарап келеді. Бүкіл әлемді мойындатқан классикалық музыка осы қобыздың арқасында дүниеге келгендігін ойласақ, оның тегін аспап еместігіне көз жеткізе түсеміз. Алайда сазды аспап ретінде пайдаланып жүрген бұл қобызда әлі де ашылмай жатқан сыр бары беймәлім заманында адам жанын сауықтырып, дертіне шипа беретін қасиетінің тетігі ұмытылып қалмады ма екен?
Күйімен елін бақытқа кенелткен Қорқыт баба қыл қобызының құдіретін келешек ұрпақ терең зерттеп аша түседі деген үміт пен сенім бар. Қалай десек те әлемнің ең дамыған елдері қатарында еңсеміз көтеріңкі, мерейіміз үстем, өнерпаз ел ретінде қобыз біздің мақтанышымыз деп білемін. Ал оны ойлап тауып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде біздерге қалдырған Қорқыт баба әулие демекке амалың да жоқ. Екеуін бір-бірінен ажыратпай, егіздің сыңарындай, құрметпен қарап, жоғары бағалаймыз.

Сембай Карин,
ардагер-журналист.