ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА САҚАДАЙ САЙ БОЛҒАН ДҰРЫС

«Апат айтып келмейді», дейді дана халқымыз. Үш ақ ауыз сөз болғанымен, бұның мәні — адамзат ғұмырына тығыз байланысты.
Өмір әр түрлі қауіпті әрі апатты жағдайларға толы болғандықтан, олардан сақтану және алдын алу шаралары — күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелер сапында ылғи да тұрады. Бұл ретте төтенше жағдайлар бөлімдеріне артылған жауапкершілік те жоғары. Бұл саланы таңдаған азаматтар өз істеріне тиянақтылықпен қарап, әрдайым кезіккен қауіптің жолын бөгеуге белді бекем буады. 2008 жылдан бастап ауданымызда жұмыс жасайтын төтенше жағдайлар бөлімін бүгінде азаматтық қорғау майоры Рауан Князов басқарады.

Төменде осы азаматпен жүргізген қысқаша сұхбатымыз бөлімінің мақсат-міндеті, сақтық шаралары хақында өрбіді.
— Рауан Амантайұлы, өзіңіз басқаратын ұжымның негізгі атқаратын қызметі мен мақсатын түсіндіре кетсеңіз…

— Күнделікті тірлікте түрлі жағдайлар орын алып жатады. Оның бірі жеңіл түрде өтсе, енді бірі қоғамға зор қауіп төндіретіндей амалдарды күтіп тұрады. Ең қиыны — адам өміріне тигізер қауіпі. Таяқтың екі ұшы бар демекші, әр нәрсенің екі жағы болады, бастысы адам соны сауаттылықпен ажырата біліп, қауіпті жолға бет бұрмаулары керек. Біздің бөлім осындай тосын жағдайларға тап болмауды жұртшылыққа үнемі насихаттайды және төтенше жағдайларды тұсаулау тұрғысында амалдар жасайды.
Бөлімнің мақсатын ресми тұрғыда өрбітсем, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті Шалқар ауданының төтенше жағдайлар бөлімі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті Ақтөбе облысының төтенше жағдайлардепартаментіне тікелей бағынатын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлімшесі болып табылады.
Міндеттеріне азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру; тиісті аумақта азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық кіші жүйелерінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету; өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру; табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуды және жоюды ұйымдастырулар жатады.
— Міне, қыс мезгілінің де аяқталуына да санаулы күн қалды, алда бірақ қыстың сызы сезілетін ұзақ күнді көктем тұр. «Сақтансаң сақтармын» дегендей, осы тұста тұрғындар қарапайым қандай қауіпсіздік ережелерін ескергендері жөн?
— Тылсым табиғаттың жұмбақ сырын ешкім де тап басып айта алған емес. Жылдың төрт мезгілін де табиғаттың тосын мінездері болатынын баршамыз да білеміз. Қысты жеңдік, көктем деп ерте байлам жасап, арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Әрбір адам шаруасына тас түйін дайын болып, бастысы, қауіпсіздік ережелеріне аса мән бергені абзал. Дегенмен, биыл қыс мінезін кей тұста көрсетті, қардың мөлшеріде өткен жылдарға қарағанда қалың деген пайым қалыптасты. Әлбетте бұдан келетін қауіп — көктемгі су тасқынының алдын алу, одан шығу жолдарына бүгіннен бастап әзірлік жасау. Шалқар жері құмақ болғандықтан далалықта судан көп қауіптене бермейміз, ең негізгісі жеке тұрғын үйлерді суға алдырмауға назар аударуымыз қажет. Қар суы жиналатын аулаларды иелері осы бастан қардан тазартып, қауіпсіздік үшін қазірден қимылдағандары ләзім. Сондай-ақ, Шалқар көліне су жиналар тұста ол аумақта бейқам жүрудің де адамдар үшін, әсіресе, балаларға қауіпті екенін ескергеніміз артық болмайды.
— Осы қыста төтеншеліктердің қар құрсауында қалған адамдарды құтқарғанына әлеуметтік желі арқылы куә болдық. Осы жөнінде айтарыңыз…
— Қарапайым қағидаларды елемеуден кейде адамдардың өздері оқыс оқиғаларға кезігеді, оны естіген дүйім ел дүрлігеді. Осы қыста адамдардың техникамен жолда тұрып қалуы, адасып кетуі сияқты жәйттер тіркелді. Бұл олардың күйбең тірлікті алға қойып, ауа-райына алаңдаушылық танытпай, ұялы телефондарына 112 нөмірінен келетін ескертпе хабарламаларды толық немесе мүлде оқымайтындығы себеп болып отыр. Қазір барлық мүмкіндік бар, тек соны пайдалана білу керек. Көпке сабақ болсын деген оймен сол оқиғалардың бірерін айтып өтсем деймін.
Өткен айдың 25 қаңтары күні бөлімге Тоғыз станциясында 3 азаматтың ертеңгілік шамамен жергілікті сағат 9-дарда «УАЗ» автокөлігімен мал іздеуге шығып, хабарсыз қалғандығы жөнінде ақпарат келіп түсті. Ол күні ауа-райы өте қолайсыз, облыс аумағында қарлы боранды көрсетіп тұрды. Оларды іздестіру жұмыстарына Әйтеке би ауданы Комсомол ауылының №9 өрт сөндіру бекетінен жол талғамайтын «Трэкол» автокөлігі көмекке шақырылды. «Трэкол» Шалқарға келісімен іздестіру тобы құрылып, оған ауданның №7 өрт сөндіру бөлімінің жедел тобынан екі адам (Айбек Майкупов, Нұржан Қарастеков), Әйтеке би ауданының №9 өрт сөндіру бекетінен 2 адам және өзім шықтым. Іздестіру жұмыстары кезінде 220 шақырымды 12 сағат автокөлікпен жүру барысында сол аумақтың жеті жайлауын араладық. Дамылсыз іздестірудің арқасында хабарсыз кеткен азаматтарымыз әйтеуір аман-есен табылды. Абырой болғанда олардың денсаулықтарына зиян келмеген. Осы іздеу шараларындағы айрықша белсенділігі үшін Айбек Майкупов есімді әріптесіміз кеше 12 ақпан күні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Ілгеріде Қуанар Баймурзин есімді азаматымыз да осындай «Ерлігі үшін» медалін омырауына таққан болатын. Ол оқиға өткен жылдың 15 ақпаны күні болды. Сол күні жеке шаруасымен көшеге шыққан Қуанар Кәдірбайұлы қаламыздың Есет Көтібарұлы көшесінің бойындағы үйден өрт шығып жатқандығын көреді. Сол жерде бірден 101 телефонына хабар береді. Өзі жанып жатқан үйге дереу жетіп, үйдің ішінен қарт кісінің дауысын құлағы шалады. Сол мезетте ол терезеден кіріп, шошып есеңгіріп қалған қартты терезе арқылы қауіпсіз жерге алып шығады.
Міне, біздің тәжірибесі мол жігіттердің осындай да жетістіктері бар.
— Қандай да жұмыс ісіне тиянақты адамдар мен техникалық базаның зор мүмкіндігімен өлшенеді. Өзіңіз басқаратын бөлімнің қызметкерлер саны, материалдық-техникалық әлеуеті жайында айтсаңыз…
— Әңгіме барысында байқағаныңыздай, бізде қызмет жасайтын жігіттердің қай-қайсысы да өз міндеттеріне шетін қарамайды. Барлығы да ыждағатшыл, соның арқасында көптің алғысына бөленіп жүр. Жоғарыдағы бір-екі азаматымыздың иеленген марапаттары баршасына ортақ екенін терең ұғынады. Шалқар ауданының №7 өрт сөндіру бөлімінде қазір 25 адам және төтенше жағдайлар бөлімінде 4 қызметкер еңбек етеді. Техникалық мүмкіншілікке келетін болсақ, 4 өрт сөндіру көлігі және 1 «УАЗ» маркалы автокөлігіміз бар. Барлық автокөліктер кез-келген шақыртулар мен төтенше жағдайларға дер кезінде көмекке шыға алады.
— Жеке тұрғын үйлерге рейдтік іс-шаралар қай кезде жүргізіледі, оның барысында нендей олқылықтар көбіне анықталады?
— Жалпы Шалқар ауданының №7 өрт сөндіру бөлімімен және төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері елімізде жылыту маусымы басталуына байланысты ауданда рейдтік іс-шараларды жиі жүргізіп тұрады. Бұндай бақылаулар сол маусымдық кезеңмен ғана шектелмейді, жыл бойы өткізіле береді. Жергілікті басылымдарға мен ақпараттар орналастыру көздеріне қауіпсіздік ережелері туралы мақалалар, жадынамалар жариялап тұрамыз. Дегенмен жылыту маусымында шалағайлыққа жол берілмеуі керек. Оттан шыққан опық жегізген оқиғалар, газдан улану тұрғысында неше түрлі жағдайлар елімізде орын алып жатқанына бәріміз де куәміз. Сайып келгенде соның басым көпшілігіне тұрғындардың өзі кінәлі болып жатады. Себеп белгілі — қатаң назарға алатын жәйттерге немқұрайлы қарау, ережелерді елемеу.
Біздің бөлім тарапынан жасалатын рейдтік іс-шаралар барысында да бірқатар талаптарды бұзушылықтар кездесіп жатады. Оның ішінде тұрғын үй мұржаларының тазаланбауы, пешті жағу кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, пештің бұзылған күйде пайдаланылуы, электр сымдарының зақымдалған түрде жұмыс атқарып тұруы, өз бетінше құрылыстар жүргізе беру, т.б. Осындай жәйттер өрттің немесе қандайда бір жайсыз оқиғаның тұтануына әкеп соқтыруы ықтимал. Сондықтан тұрғындар әр іске мұқият болулары керек, отбасы амандығы өз қолдарында екенін естен шығармаса екен дейміз.
Осы ретте жұртшылыққа тағы бір айта кетер жәйт, ұялы телефондарға 112 нөмірінен келетін ескертпелерді және «Darmen» мобильді қосымшасынан келетін хабарламаларды мұқият оқып, сол бойынша шаралар қабылдауды күнделікті қағидаға айналдыру, қауіптің алдын алудың бірегей белгісі деп ұғынғанымыз жөн.
— Төтенше жағдайларға әзірлік ретінде өтетін науқандық оқу-жаттығулар жылына неше рет өткізіледі?
— Аудандық азаматтық қорғау қызметтері құрылған мекемелердің қатысуымен жыл сайын қыс және көктемгі мезгілдерде маусымдық жаттығулар өткізіледі. Ауылдық округтер мен шаруа қожалықтары және орман шаруашылығы мекемелерінің қатысуымен жазғы уақытта далалық өрттің алдын-алуға бағытталған тәжірибелік оқу-жаттығулар өтіп тұрады. Сонымен қатар тұрғындар мен балалардың қатысуымен бөлім жоспарларына сәйкес, білім беру және халық көп шоғырланатын сауда орындарында да осындай жұмыстар жүргізіледі. Мақсат—жергілікті тұрғындарды құлақтандырып, төтенше жағдайға кез-келген сәтте әзір болуды насихаттау.
— Ақпараттың рөлі қашанда маңызды. Елді құлақтандыру мақсатында қандай мүмкіндіктеріңіз бар? Және қызметкерлердің спорттағы жетістіктері қандай?
—Аудан тұрғындарын құлақтандыру мақсатында «Баршаның назарына» дыбыстық сигналы және екі рупор, жылжымалы және стационарлы дыбыс зорайтқыш жабдықтары, жергілікті телеканалдарды үзіп алу арқылы теледидармен ақпараттандыру да жолға қойылған. Әр айдың екінші күні осы жұмыстарға дайындықтармен ақауларының бар-жоғы тексеріліп тұрады.
Қызметкерлер арасында күнделікті норматив орындау, жылу түтін камерасынан, кедергі жолағынан өту, нысандық өрттерді сөндіруге бағытталған өрт тактикалық жаттығулар өткізіледі. Сонымен қатар ауданымызда мемлекеттік қызметкерлер арасында ұйымдастырылатын шағын футболдан жүлделі орындарға ылғи ие болып келеміз. Жыл сайын төтенше жағдайлар горнизоны арасында ұйымдастырылатын жарысатарға қатысып, жүлделі орындарды бағындырсақ, өрттен құтқару сайыстарынан да кейін қалған емеспіз. Негізінен спорттық жаттығулар бізде аптасына екі рет ұйымдастырылады.

«Ерлігі үшін» медалінің
ИЕГЕРЛЕРІ

Қуанар Баймурзин, азаматтық қорғау старшинасы:
— Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 12 жылдай болды. Талай мәрте төтенше жағдайларға тап болған адамдарға көмек қолымызды созып, әріптестерімізбен бірге алғыстарды алып келеміз. Көмек көрсету — адамдық іс. Әрбір ер-азамат осылай жасауға міндетті де — дейді ол.
Екі қыз, бір ұлдың әкесі Қуанарды әріптестері ерекше құрметтеп, сол күнгі ерлігін жұртшылыққа мақтанышпен әлі айтып жүр.

Айбек Майкупов, азаматтық қорғау аға сержанты:
— Өрт сөндіру бөліміне 2015 жылдың шілде айында жұмысқа орналастым. Сол кезден бері осы салада еңбек ете жүріп, түрлі жағдайға душар болған жандарға шама-шарқымызға қолғабыс жасадық. «Алғыс алған арымас» деген емес пе?! Көптің берген бата-тілегінің өзі бізге жетіп жатыр. Тосын оқиғаларға тап болғандарды құтқару — біздің міндетіміз. Сондықтан басты міндетке қылаудай кірбің түсіруге болмайды,—дейді Айбек.
Кеше ғана омырауына таққан «Ерлігі үшін» медалі екі ұл, бір қызына әкелерінің үлгілі ісін айшықтап тұр…

Материалды әзірлеген Мұхтар КӘДІРБЕРДІҰЛЫ