ЗЕРДЕЛІ ҒАЛЫМ ӨЛКЕ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде жерлесіміз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, белгілі ғалым, Шалқар ауданының Құрметті азаматы Жұманазар Асанның мерейлі 70 жасына арналған «Талмас талап, биік мұрат иесі» атты кездесу кеші өтті. Асылхан Дәрібаев жүргізген шара шымылдығы Бақытқали Жанқұловтың орындауындағы Үмбетбай Уайдиннің сөзіне жазылған, Емберген Терековтің әні «Шалқар вальсімен» ашылды.
Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев ғалымның үлкен ғылыми ізденіс жолындағы белгілі тарихи тұлғаларды зерттеудегі еңбегін ерекше атап өтіп, оған аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің атынан Құттықтау хат табыстап, иығына шапан жапты. Жиналған қауым экраннан ғалымның ғылыми-зерттеу еңбектері әзірленген бейнероликті тамашалады.
Жұманазар Асан 1950 жылы Шалқар қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген соң орта мектепте мұғалім, мектеп директоры болып қызмет атқарды.
1980-84 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының Ядролық физика институтында, 1984-1990 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика факультетінде инженер, ғылыми қызметкер болды.
2002 жылы «ХVІІІ-ХХ ғасыр басындағы Ырғыз, Шалқар өңірі ақындарының әдеби мұрасы» тақырыбында филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бойынша Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті жанындағы ғылыми кеңесте диссертация қорғады. Мөңке Тілеуұлы, Сарышолақ Боранбайұлы, Жөкей Шаңғытбайұлы, Ақпан Әйтбекұлы сынды ХVІІІ-ХІХ ғасырда, ХХ ғасыр басында өмір сүрген халық ақындарының шығармалары алғаш рет арнаулы ғылыми кеңесте талқыланып, олардың туындыларына жоғары баға берілді. Ғылыми айналымға түсті. Қазір тек қазақ тілінде ғана емес орыс, неміс, ағылшын тілдеріндегі басылымдарда «Екінші Нострадомус» атанған Мөңке ұлт мақтанышына, әлемдік тұлғаға айналды. Мөңке тек алдағы жүздеген жылды дәл болжаған сәуегей ғана емес ұлы жырау да еді. Ғалым мұны дәлелдеп, көрсете білді. Дала данышпаны қазір орта мектеп бағдарламасына енгізіліп, оқытылуда. Бір өзі онбес дастан шығарған Жөкей Шаңғытбайұлы жоғары оқу орнының оқулығына енді.
Жұманазар Асан 2010 жылы ҚР Ғылым Академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жанындағы филология ғылымдарының докторы дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңесте «Едіге» жыры — тарихи-қаһармандық эпос» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Ғалым алпыстан астам мақала, төрт монография жазды. Төрт монографияның екеуі мемлекеттік тапсырыс бойынша басылды.
Ол 1999-2004 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде, 2004-2013 жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, ғылыми-зерттеу орталығының директоры болып қызмет атқарды. 2013 жылдан 2016 жылға дейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің казақ әдебиеті кафедрасының доценті. 2016 жылдан С.Бәйішев атындағы университеті ғылыми-зерттеу орталығының директоры, «Рухани жаңғыру» орталығы директорының орынбасары болып еңбек етіп келеді. Аталмыш екі университеттің де Құрметті профессоры.
Ол — 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Республикалық ғылыми басылымдарда, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ресей, Қытайда, Түркияда, Англия мен Болгарияда жарияланды. Сондай-ақ, республикалық белді басылымдар «Жұлдыз», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» мен шетел газет-журналдарында шықты. ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен басылымдарда, Халықаралық Scopus, РИНЦ ақпараттық базасындағы басылымдарда жарық көрді. 2001 жылы «Шекті Мөңке би Тілеуұлы» монографиялық зерттеуі, 2011 жылы «Сарышолақ Боранбайұлы», 2016 жылы «Ер Едігенің тарихы» атты кітаптары Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша баспадан шықты. Мамандығы әдебиетші болғандықтан, көркем шығармалар жазумен де айналысады, әңгімелері мен хикаяты биылғы жылы жеке кітап түрінде баспадан шықты. Жазған әңгімелері «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан әйелдері», «Алтын Орда», «Жұлдыз», «Жалын» «Таң-Шолпан», «Қазақ әдебиеті», т.б. таңдаулы басылымдарда үздіксіз жарияланып келеді.
Шарада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаровтың, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаевтың, т.б. мерейтой иесіне арнайы жолдаған құттықтаулары оқылды. Мыңжылдығын болжаған Мөңке би Тілеуұлының ұлағатты сөздерінен дайындалған монологтан сахналық үзінді қойылды, белгілі күйші, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов Қазанғаптың «Ноғайлының жыры», «Көкіл» күйлерін орындады.
«Есет батыр Көтібарұлы атындағы қоғамдық қорының» төрағасы Аманғали Мұхамбетулин Жұманазар Асанның тарихи тұлғаларды зерттеудегі өлшеусіз еңбегін ерекше бағалап, табыстар тіледі. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев, «Шалқар» газетінің редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Мырзалин, «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының төрайымы Роза Дәуітова, Сарықамыс негізгі мектебінің директоры Ұлан Нияз, №1 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Жарасхан Көбенов, еңбек ардагері Қалабай Нұрмашев кештің құрметті қонағына деген ыстық ықыластарын білдіріп, Құттықтау хаттары мен сый-сияпаттарын табыстады.
Шара соңында Жұманазар Асан өзіне көрсетілген құрмет үшін отбасының атынан алғысын білдірді.

С.МҰХАМБЕТСАДЫҚҰЛЫ.