ТӘУЛІГІНЕ 2000 ДАНА САБЫН ШЫҒАРАДЫ

Ауданымызда жеке кәсіп ашып, шаруасын дөңгелентіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген кәсіпкерлер баршылық. Солардың бірі қала тұрғыны Нұрбек Мұхамбеталин есімді азамат. Ол өткен жылдың қазан айында Газшылар қалашығынан бір шағын ғимаратты жалға алып, шаруашылық мақсатында пайдаланылатын кір сабын шығаратын цех ашты.
Біз органикалық, табиғи таза өнім шығарып, халыққа өнімін ұсынып отырған кәсіпкерге жолығып, қолға алған кәсібі жөнінде сұраған едік.
— Мен бұл кәсіпті бастамас бұрын 2-3 жыл қандай кәсіп ашсам екен деп көп ойландым. Содан халықтың күнделікті көп пайдаланатын шаруашылықтағы кір сабынды шығаруды жөн көрдім. Қажетті арнайы құрал-жабдықтарын Алматы қаласынан алдыртып, тәуекел деп кәсібімді бастап кеттім. Оған қажетті шикізат өнімі Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе қалаларынан келеді. Аппараттың тәулігіне 200 грамнан 2000 дана, 300 грамнан 1500 дана сабын шығаруға толық мүмкіндігі бар. Сапасы жақсы, халық сұранысына ие. Мен шалқарлықтарды өзімізде өндірілетін жергілікті өнімді пайдалануға кеңес беремін.
Әзірге бір адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамытып, басқа да түрлерін ашу ойда бар. Сонымен бірге оған өзім және інім көмек береміз.
Осы сәтті пайдалана отырып, мен секілді отандық өнімнің өрлеуіне атсалысып жүрген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие берілсе ісіміздің дамуына үлкен қолдау болар еді, — дейді Нұрбек Қанатұлы.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
«Шалқар».