КОМАНДАЛАР АРАСЫНДАҒЫ ТАРТЫСТЫ ТУРНИР

Қаңтар айының 23-26 күндері №5 мектеп-лицейінің мұз айдынында Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Рафкат Туюшев атындағы дәстүрлі допты хоккей турнирі өтті. Шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Жұманов, ардагер-ұстаздар Нұрлан Майкөпов, Равиль Туюшев, В.Цеханович атындағы №1 жасөспірімдер-балалар спорт мектебінің басшысы Серік Жоламанов, №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұхтар Құлтасбай қатысты.
Амангелді Қонақбаев Жеңістің 75 жылдығы аясында өткізіліп отырған шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Рафкат Туюшев 1919 жылы Ырғыз ауданында дүниеге келген. 1938 жылы Ленинград қаласындағы жоғары әскери училищесіне түскенге дейін Шалқар қаласындағы Локомотив депосы жанындағы фабрикалық училищесін тәмамдаған. 1939 жылы ерікті ретінде Финляндия фронтына аттанып, Батыс Украина және Прибалтық елдерін азат етуге қатысқан. Ұлы Отан соғысы кезінде Прибалтық жағалауындағы жоғары әскери округінде болған. Днепр өзенінің және Днепр пландарым жанындағы шайқастардың қатысушысы және Польша елін азат етуде ерен еңбегімен танылған. Сонымен қатар Кенисберг (Шығыс Персия) және Германия астанасы Берлинді басып алушы сапында болған. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Чехияның астанасы Праганы азат еткен. Осы азат ету жолындағы ерен еңбегінің арқасында үш мәрте Ұлы Отан соғысының, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және Венаны азат етуші медалімен және Прусия, Прага елдерін азат етуші ордендерімен, Фашистік Германияның тұтқынынан азат етудегі жеңісі үшін медалімен марапатталған. 1947 жылы Шалқар қаласына келіп, әскер қатарынан шықты. Жас ұрпақ Отан қорғау жолындағы қаһармандық пен қайсарлығын ешқашан ұмытпайды.
Рәсімде 5-сынып оқушысы Д.Ертөстік «Ұлы дала» әнін орындап, мұз айдынында мәнерлеп сырғанаған ер балалар көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Ойын барысында қатысушыларға ыстық шәй мен бауырсақ ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздарды №5 мектеп-лицейінің директоры Әлия Әбдіғапарова жеңіске деген жігерліктері үшін «Дархан» командасының ойыншыларын Алғыс хатпен марапаттап, Кіші кубок табыс етті. Дәл осындай жеңіске деген жігерліктері үшін Алғыс хатпен «Ұстаз» командасының ойыншыларын марапаттап, Кіші кубок табыстады. Дәстүрлі допты хоккей турнирінде жүлделі III орынға «Юность» командасы ие болды. Команда ойыншылары Алғыс хат және командаға ақшалай сыйлық табысталды. Аталған турнирде жүлделі II орынды иеленген «Айша Тұрар» командасына да ақшалай сыйлық және Алғыс хат табыс етілді. Жеңімпаздарды ардагер-ұстаз Ильяс Резванов марапаттады.
Жарыста шебер ойын үлгісін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінген «№5 мектеп-лицейі» командасы жүлделі I орынды иеленіп, командаға ақшалай сыйлық, естелік алқа, Алғыс хат және арнайы турнир Кубогі табыс етілді. Жеңімпаздарды аталған турнир ұйымдастырушысы және демеушісі ардагер-ұстаз Равиль Туюшев марапаттады. Сондай-ақ, аталған турнирде ерекше ойын үлгісімен көзге түскен «Үздік шабуылшы» атағымен «Юность» командасының ойыншысы Нұрдәулет Қуаныш, «Үздік қорғаушы» атағымен «Айша Тұрар» командасының ойыншысы Ақайдар Бөлекбай, «Үздік қақпашы» атағымен «Юность» командасының ойыншысы Ұлықбек Ұлықпанов, «Үздік ойыншы» атағымен «Юность» командасының ойыншысы Арун Тьяглаков марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Турнирде төрешілік жасап, «Үздік төреші» атағымен Дияр Фаткуллин мен Андрей Панов марапатталып, «Ұстаз» командасының ойыншысы Давид Өтек ақшалай сыйлыққа ие болды.

С. ҰЛЫҚПАНОВ.