Қоғам назарын жиі аударатын өзекті мәселелердің бірі — жастар арасында құқық бұзушылықтың тиылмауы. Жастар демекші, соңғы кезде бұл олқылықтар қатарын кәмелеттік жасқа толмаған оқушылар да толтырып тұр.
27 қаңтар күні Шалқар қаласындағы «Ақ Отау» мейрамханасының маңында Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп пен №2 мектеп-гимназиясының 9-10-сынып оқушылары өзара жанжалдасып, арты Ә.Жангелдин атындағы орта мектебі 9-сынып оқушысының ауыр пышақ жарақатын алуымен аяқталған. Бұндай оқиға тура бір жыл бұрын да болып, арты қайғылы жағдайға ұшырағанын жұртшылық жақсы біледі. Осындай ел абыройына нұқсан келтіретін жастар арасындағы жалған намысқа құрылған кикілжіңдердің алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, насихат жұмыстары күн тәртібіне енгізілгенімен, өкінішке орай, оның жолы әлі де толық кесілмей тұр.
Кешегі оқыс оқиғаға байланысты №8 орта мектеп акт залында ата-аналар мен жоғарғы сынып оқушылары, мектеп мұғалімдерінің қатысуымен үлкен жиын өтті. Оған арнайы Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қанат Нұрмағанбетов келіп, аудан орталығында орын алған жастар арасындағы құқық бұзушылыққа орай пікірін білдіріп, көпшілік ойына құлақ түрді. Жиынды ашып, жүргізген аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев барлық қатысушылардың осы оқиғаға орай өз ой-пікірлерін еркін білдіруін сұрады. Өз кезегінде сөз алған аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы, полиция майоры Нариман Мұхтаров кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ауданда жүргізілген іс-шараларды баяндады.
— Өткен жылы аудан аумағында кәмелетке толмағандармен үш қылмыс дерегі орын алып, оның ішінде адам өлтіру аса ауыр қылмысы болып, қылмыс жасаған жасөспірім соттың үкімімен тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Өкініштісі, бұндай опық жегізер оқиғалар әлі де жастарға сабақ болмай тұрғаны. Мына оқиға осылай айтуымызға дәлел болды.
Өткен жылы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу мақсатында аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі ювиналдық полиция тобының қызметкерлерімен аудан көлеміндегі барлық мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 185 кездесулер мен дәрістер оқылды. Сол жылдың есебі бойынша, аудандық полиция бөлімінің есебіне 21 кәмелетке толмаған жас тіркелсе, қазір есепте 8 кәмелетке толмаған жас тұр, — деді полиция майоры Н.Мұхтаров.
Аудан прокуроры Арон Әбілов те оқушылар мен олардың ата-аналарына, ұстаздар қауымына тәрбиені назардан тыс қалдырмай, балалардың бос уақыттарының тиімді өтуіне жіті назар аударып, заңсыз әрекеттерге барып, жастық шағын қор қылмауы үшін әлде де жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін қадап айтты. Сондай-ақ, прокурор өткен жылы оқушылар арасында орын алған қылмыстар, соның кесірінен қайғыға батқан отбасының уайымы, баласынан тірідей айырылған ата-ананың зары баршаға сабақ болуы керектігін айтып, осындай қисынсыз әрекеттердің кесірі ата-анаға арқасына аяздай бататынын жастар отбасынан ұғынып, есеюлері керектігін түсіндірді.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай өз ойларын ортаға салған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қорғанбек Исаев тәрбие мен тәртіпке арналған жиындарды тек мектептердің аясымен шектемей, ата-аналары қызмет ететін орындарда, үлкен ұжымдарда жиі өткізу керектігін айтса, №5 мектеп-лицейіндегі әкелер кеңесінің төрағасы Жайлау Айымбетов жастар тәртібі бір-бірімізге ысыра салатын жеңіл дүние емес екендігін, ол баршамызға ортақ, оның ішінде ата-аналардың тағылымы басымдырақ болу керектігін жеткізді. №1 мектеп-гимназиясы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, спорттан бірқатар жетістіктері бар Мерей Ырсалин мектептің жоғарғы сынып оқушыларына жас ретінде ақыл-кеңесін айтып, біреудің өміріне балта шабу адамдыққа жат іс екендігін өз пайымымен жеткізді. Ата-ана ретінде сөз алған Сартай Ақжанов кәмелетке толмағандар арасындағы «компания» мәселесін түбегейлі жою керектігін көптің талқысына салды. Өз үйінің іргесіндегі пайдаланусыз тұрған «Бағарыс» кафесінің қуысында жастардың жиі жиналатындығын полиция қызметкерлерінің назарына салды. №8 орта мектептің 9-сынып оқушысы Ерсұлтан Құдайбергенов мектеп пәніне енгізілген тәрбие сағаттарына ата-аналарымызды да қатыстырып, пәннің мақсаты мен міндетін кеңейтіңкіресе деген ойымен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев бала тәрбиесінен артық ата-ана үшін өткір мәселе болмауы қажет. Аудан бойынша 8400-дей оқушы бар. Оның барлығының соңында мұғалім немесе полиция қызметкерлері аңдып жүруі керек деген қате ұғымды қалыптастырудың дұрыс емес екендігін айта келіп, бала есейіп, жан-жағын толық танығанша онымен балаша сөйлесіп, әрбір қадамына жіті көңіл бөлуге ата-аналар қауымын шақырды.
Ата-аналар атынан Сұлтанғали Баймұрат үндеу оқып, жастар тәрбиесіне баршаның жауапты болуын еске салды.
М.МЫРЗАЛИН.