Уақыт диірмені айналған сайын, оның өзгерістерін қоғам айнасынан көру қиын емес. Бақандай бес жыл бұрын газетіміздің Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мейрамына арналатын мерекелік нөміріне үлкеннің батасын жариялау мақсатымен I санаттағы тыл ардагері Қартбай Қабақбаев ақсақалдың шаңырағына бас сұғып, өзінен бата жазып
алғаным бар.
Сол жүздесуімізде ардагер маған: «Реті келсе, газетіңе осы суретімізді жарияларсың…» — деп немерелерін ортаға алып марқұм қосағы Несібелі Сексенбайқызымен бірге суретке түсті. Осы мақаланы жазар алдында архивімде қалған сол кадрға зер салып, одан уақыт ағымы мен өмір сабақтастығын елестетіп, сөзімнің де әлқисасын уақыт деген қастерлі сөзден бастауды жөн санадым.
Негізінен сөзі уәлі үлкендермен жиі әңгімелессең көп нәрсенің қадіріне де терең бойлайсың. Кейде алдыңғы аға толқыннан: «Бейбіт замандағы әр күннің қадірін біліңдер, бұрынғының адамдары бір күнін текке жібермей, бос өткен күніне қатты күйзелген», —деген сөздерді жиі естіп жатамыз. Былайынша қарағанда бұл құлаққа жаттанды өсиеттердің бірі болғанымен оның төркінінде терең мән жатыр. Үлкендердің өмір жолын сараласаң, үнемі текке өткізбен күндердің өшірілмес іздерін ғана көресің. Бүгінгі буынның көп уақыты алақандай заттағы аласапыран ақпаратпен тұсалып тұрғаны ақиқат енді. Қартбай қария да құмға сіңген судай болып өтетін қайран уақыттың қадіріне жастарымыз мейлінше мән берсе екен деп тілейді. Аға толқын қай нәрсенің де қадір-қасиетін ерте ұғынды. Бұғанасы бекісімен, балалық шақтың шадыман шақтарын қол жұмысқа айырбастап, уақытпен санаспай үлкендерше ризық тапқан заманның бір баласы біздің бүгінгі кейіпкеріміз — Қартбай аға. Кісіліктің абырой биігіне өрлеу жолында небір соны соқпақтарға, өткел берместей көрінетін бұралаң асуларға ол табандылықпен шығып, жастайынан жауапкершіліктің жүгін нардай көтереді .
№8 Алғабас ауылдық кеңесіне қарасты (қазіргі Жаңақоныс ауылдық округі) «Қызылту» колхозында 1930 жылдың 2 ақпанында өмірге келген Қартекең 1936-1942 жылдар аралығында Қалияр орталау мектебінде (қазіргі Мөңке би ауылы) оқып, 7-класты тәмамдайды. Өзінің айтуынша, ол кезде бастауыш сыныптарды үздік оқыған оқушыларды 2-ден 4-класқа аттатып оқытқан екен. Ардагеріміз де оқушы кезінде кластан класқа аттап оқыған үздіктердің бірі. 1942 жылдан 1946 жылдың аяғына дейін туған ауылы «Қызылту» колхозында соғыс салған қоңырқай тірліктің қамытын киіп, қара жұмыста ширығады. 1942 жылдың мамыр айында әкесі Жұмағали майданға аттанғасын, бала Қартбайды әкесінің туған ағасы Мұқан шаңырағына Бибіш анасы мен әжесі Жанбаланы бірге көшіріп алады. Бала кезінен ол өзі қатарлы құрдастарымен бірге жер жыртып, тұқым сеуіп, егін орып, оны Шалқардағы астық дайындау орнына жеткізіп, нағыз еңбек адамдарының жанында жүріп білегі жуандап, жұмысқа ширайды. 1944 жылы колхоздың малы жері жылы, қыс болып жарымайтын, жайылымы мол аумақ — Аяққұмға көшіріліп, оның барлық ұйымдастыру жұмыстары Мұқан әкейге міндеттеледі. Жарқамыс деген жерге малшыларға арнап үй, мал қораларын салу көзделіп, оған құрылыс материалы ретінде құмның ішінде өсетін жиде ағаштар, шымнан қаланып салынған үйлерге есіктер киізден, терезе әйнегі малдың қарнынан жасалып, төбелері тал, шыбық, шілік, қамыс, топанмен жабылатын болған.
Мал азығын әзірлеуде де осындай жоқтан бар жасауды талап еткен тегеурінді тапсырмалар тұрды. Мұқан әкей ойға алған шаруаны үлкен жауапкершілікпен тыңғылықты орындап шыққанша өзіне де өзгеге де дамыл бермейтін талапшыл адам болады. Ол кісіні бүгінде ырысты мекенге айналған Аяққұмның алғаш іргесін қалағандардың бірі десе де болады. Ол — 1943 жылы ауданда алғаш болып, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталғандардың бірі.
Туған әкесі Жұмағали 1945 жылы жарақатпен майданнан оралып, жастайынан еңбекке араласқан баласы Қартбайды Темір қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумға оқуға жібереді. Осы білім ошағында жүріп Мырзалы Қаналин, Таймұхамбет (Таймыш) Өтемұратов, Зағит Тілеужанов, Сейітзада Қосаев, Үбайдулла Насраддинов, Төреғали Жанғабылов, Айтқұл Сейтмағанбетов, Елеусіз (Елеш) Қалдыбаев, Кеңес Нокин сынды замандастарымен дос болып, үлкен биіктерге бірге жетуді барлығы мақсат тұтады. Жас бала әке үмітін ақтап, бұл оқу орнын зеректілігімен үздік бітіреді. Осы тұста ауыл баласының үміт шоғын үрлеушілер көбейген сайын, өзі де алға деген ұмтылысынан жаңылмайды. Сөйтіп, 1949-1954 жылдар аралығында Алматы қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын ойдағыдай аяқтап, мал дәрігері маманы болып шыға келеді. Ауыл үшін мал дәрігері — қашаннан да мәртебелі мамандықтардың бірі. Осыны иеленген Жұмағали баласының алғаш қызметке араласқан жылдары елімізде қатаң стилдік тәртіптің дәуірі аяқталып, ауыл шаруашылығын дамыту жұмыстары жаңаша қарқынмен жүріп жатқан тұс еді. Жас жігітке сенім артылғасын ол төрт жылдай ауданымыздың машина, малшаруашылығы станциясында бас мал дәрігері қызметін атқарады. Малшы қауыммен тікелей араласа отырып, тізе қосып бірге жұмыс істеу барысында ол молынан тәжірибие жинақтап, ұйымдастыру қабілетімен көзге де түсіп жүреді. Көп ұзамай басшылық оны «Жамбыл» атындағы колхозға төраға етіп сайлайды. Техника тапшы, колхоздағы жұмыстардың дені қол күшімен тындырылатын. Көбіне адам күшінің аздығы басқарушылық жұмыста көп қиыншылықтарға кезіктіретін. Сылтау айтып шаруашылықты босаңсытуға жол берілмейтін, керісінше үнемі белгіленген межелерді дер кезінде ойдағыдай орындау талабы тұратын. Осы талаптар ағаның іскерлік қабілеттігін арттырып, шаруашылықта шыңдалуына септігін тигізеді.
Басшылық ұйғарымымен 1965-1972 жылдары «Мұғалжар» жылқы совхозында директорлық қызмет атқарып, ауданда жылқы шаруашылығының дамуына елеулі үлесін қосады. Аталған кеңшар ол кезде Шалқар ауданына қарады. Өмір өзің ойлағандай өріліп, алдыңда тақтайдай тегіс жолдар бола бере ме?! Осы кеңшарда қызметте жүргенде ағаның бір баласының оқыстан қаза болуы ата-ана жүрегіне оқтай қадалды. Бұл қайғыны арқалап, жауапкершілігі орасан қызметте белсенді болу әулет азаматына оңай соқпайды. Көп ұзамай отбасылық жағдайына байланысты кеңшар директорлығы қызметін өз еркімен тапсыруға бел буады.
Кеңес дәуірінде де мал басын көбейту, тұқымын асылдандыру, ет, жүн дайындау, оны орталыққа жөнелту жұмыстары кең көлемде жүргізілетін.
Шикізат көлемінің мол болуы малдың арасында болатын түрлі індеттерді болдырмау, оның алдын алып отыру шараларының сауатты да тиімді жүргізілуіне тығыз байланысты болатыны белгілі. Осы тұста Қартбай аға Шалқар ауданында алғаш ашылған мал дәрігерлік бактериология лабораториясының басшылық қызметіне бекіп, еңбек жолын жалғастырады.
Басшылық қызметтерде жүргенде аудан экономикасын, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын түзетуге атсалысып, негізгі қызметімен қатар ауданның қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласады.
— Әрине, бәріне төреші халық қой. Өзіме жүктелген қызметтерді қал-қадірімше атқардым деп ойлаймын. Ел егемендік алған тұста — 1991 жылы Құрметті еңбек демалысына шықтым.
Бір жылдан соң Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің ауданымыздағы халық депутатының жәрдемшісі-хатшылық қызметін атқардым. Халық егемендіктің елең-алаң шағында нарық дегенін түсінбеді. Кеңес сұрағандарға тәжірибеммен бөлісуді өзімізге парыз санадық. Қызмет еткен шақта аудандық партия комитетінің пленум мүшелігіне кандидат, мүшесі, Мұғалжар аудандық атқару кеңесінің депутаты, Шалқар қалалық кеңесінің атқарушы комитетінің мүшесіне бекідім.
Өзімізден тараған үш ұл, үш қыздан қазір 12 немере, 23 шөбере, 2 шөпшек тарап отыр. Алла қалған өмірімде солардың қызығын көрсеткей деймін. Солар аман болсын! Өмірлік серігім марқұм Несібелі екеуміз үлкен әулеттің іргесіне берік болып, 63 жыл сыйластық сәулесі төккен шуақты сәттерді бірге өткіздік. Біздің замандастарымыз ашаршылық жылдары дүниеге келді, балалық шағымыз Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыртпалық кезеңдермен өрілді.
Ересек адамдардың жасайтын жұмыстарын біз ашқұрсақ жүріп тындыра салатынбыз, тәуліктегі 24 сағаттың 5-6 сағатын дем алумен ұйқыға жіберсек, қалған 18-19 сағатын күн-түн демей колхоздың жұмысына арнадық. Қан майданда әкелеріміз бен бауырларымыз елді жаудан қорғау үшін оқ пен оттың ортасында жүргенін ерте сезіндік, сондықтан бейбіт ортада шаршадық деп айтуға ауыз бармайтын.
Жер жырту үшін түйе, өгіздер және олар аздық етсе кейбір отбасының таңдайына татып отырған сауын сиырды жегіп пайдаланатын. Жұмыстар қол күшімен атқарылғандығын ойласам қазір барлығы да ертегі сияқты. Сол тұста еңбек майданында өзіммен бірге иық тіресіп еңбек еткен Қапан Мұқанов, Қыдырбай Сейтімұратов, Қалғабай Сүйеумағамбетов, Ізмұқан Қарасаев, Әбілқайыр Құдабаев, Қапар Дүйсембин, Қаният Обаев, Әмин Мұхамбетов, Ілияс Сыдықов, Рысқали Мұхамбетова, Тәрбия Көрпебаева, Сапа Көрпебаев, Құлыш Ниязмағамбетов, Шәріп Қойшыбаев, Жұқаш Дабылов, Мұхат Айнағұлов, Мұхамбетқали, Аймағамбет, Құлдық би Ізмағамбетов, Ахан Әлиев сынды азаматтардың барлығы о дүниелік болды.
Марқұмдардың жанкешті еңбектері әлі де көз алдымда. Жастар өткен кездердегі тұрмыс-тіршілікпен қазіргі таңдағы жағдайдың ара-жігін ажырата білсе ол өздеріне өмірлік сабақ болар еді. Ол үшін ата-бабаның өмір жолына жиі үңілу керек, көп оқу керек, іздену қажет.
Алдыңғы буын бабаларымыз тегеурінді болмаса бүгінгідей мамыражай заман бола ма? Ол шаққа қарағанда қазіргі кезең «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» ғой.
Келешек осыны ұғынып, білімді, еңбек сүйгіш болып есейсе, үлкенді сыйласа, біздің ел ешкімнен де төмен болмайды, — дейді ақсақал өткен күндерді саралап.
Иә, әр адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны болады. Алайда, атқарған еңбегі, көрген бейнеті мен жеткен зейнетіне қарай әркімнің алар асуы мен бағындырар биігі әрқалай өріледі. Ардагер ағаның алған асуы мен шыққан биігі бір төбе. Бейнетті күндеріне берілген бағадай омырауында «Құрмет белгісі» ордені мен бірқатар медальдары жарқырап тұр. Бір әулеттің тамырлы діңгегіне айналған қазыналы қария торқалы тоқсан жасына осындай аласармас абыроймен келіп отыр.
Мұхтар МЫРЗАЛИН