Аудан әкімі Бауыржан Қаниев Қауылжыр, Мөңке би, Ақтоғай, Бершүгір ауылдық округтерінің орталықтарында болып, тұрғындар алдында «Шалқар ауданының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2020 жылға арналған міндеттері туралы» есебін берді. Әуелі ауылдық округтер әкімдерінің, сосын аудан әкімінің есебін тыңдаған халық атқарылған жұмыстарды оң бағалап, өздеріндегі мәселелерді де қозғап, талап-тілектерін ортаға салды.
Қауылжырлықтар теміржол стансасындағы шағын мектепке қосымша спорт зал салынса деген тілегін, сол станса ішіне тартылған газ құбырларының жүруге кедергі келтіретінін айтты. Енді бір тұрғындар өткен жылғы 3 қараша күні қарлы боран басқанда жеке үйлеріміз бірден тазартылмады десе, енді бірі балаларының мектепте жарты ставкамен жұмыс істейтініне қынжылды. Бұл сауалдарға жауап берген аудан әкімі саманнан, қамыстан салынған шағын мектептерге қосымша құрылыс жүргізуге болмайтынын түсіндіріп, оны шешудің басқа жолдарын қарастыру керектігін айтты. Ауданда мектепке мұқтаж елді мекендерде жыл сайын жаңа ғимараттар салынып жатқанын айтып, бұндай мәселелер кезегімен шешілетінін жеткізді. Ал станса ішіндегі тартылған газ құбырлары бас жоспар бойынша атқарылған жұмыстар, оны өзгертудің өзіндік тәртіптері бар екенін түсіндірді. Ал 3 қараша күнгі төтенше жағдай болған кезде округте орын тепкен Шалқар тораптық-өндірістік басқармасына берген зор көмегі үшін алғыс айтқан ауыл әкімі Тұрлан Балымов сол күні мектепке, стансаға баратын жолдардың басқын қардан үлкен күшпен тазартылғанын, келесі күндері ғана көшелер, тұрғындардың үйлерінің айналасын тазартуға мүмкіндік болғанын жеткізді. Осындай төтенше жағдай орын алғанда техникасы бар Серік Сарманов есімді азаматпен келісім-шарт бар екенін де еске салды. Сауалдарға жауап беру барысында аудан әкімі кез-келген мекемеде адамдардың жарты ставкамен жұмыс істеуіне қарсы екенін мәлімдеді. «Адам мейілінше толық ставкамен жұмыс істеу керек, қалғаны кәсіппен айналыссын, оған мүмкіндік көп»,—деді.
Мөңке би ауылының тұрғындары атынан сөйлеген ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Тарғын Әміралин ауданда атқарылып жатқан істерге көңілі толатындарын айтып, соның ішінде өздерінің округтеріне жыл сайын көңіл бөлініп, халыққа пайдасы тиер жұмыстардың жүзеге асып жатқанына тоқталды. Міне, биылғы жылы да жақсы істер атқарылмақ, соның бірі — округ орталығының бір көшесі асфальттанады, бұл — аудан тарихында болмаған жағдай. Ауылдың ауыз су мәселесі де шешімін тапқалы тұр, бұны үлкен игілікті іс деп айтуға болады. Ардагер: «Енді округіміздің орталығына заман талабына сай Мәдениет үйі болса…»— деген көптің тілегін де жеткізді. Аудан әкімі берген бағаға алғысын айтып, алдағы уақытта да елдің тұрмысын түзеу жолында жұмыстардың жасала беретініне тоқталды. Тиісті адамдарға округ орталығына жаңа клуб ғимаратын салу үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасауға тапсырма берді.
Аудан әкімі ақтоғайлық тұрғындармен кездесу барысында көне клуб үйін жарақты қылып осы уақытқа дейін ұстап келе жатқан клуб меңгерушісіне алғысын білдіріп, жаңа клуб ғимаратын салу үшін жобалық құжаттарын жасауға жауапты адамдарға тапсырмалар берді. Шығып сөйлеген ауыл ақсақалдары электр энергиясы, газымыз, суымыз бар, жалпы ауылымыздың жағдайы жақсы дей келе, Жұмысшылар пойызы сенбі, жексенбі күндері жүрсе жақсы болар еді, себебі, той, садақаларымыз бар…» — деген тілектерін айтты. Ақсақалдарға «Жұмысшылар пойызы тек теміржол бойына қатынайтын жұмысшы-қызметкерлерге ғана арналған, сондықтан, ол жұмыс күндері ғана жүреді»,— деген жауап берілді. Және «Ақтөбе-Шалқар» аралығына қатынайтын қалааралық пойызына жаңа жылдан бастап екі вагон тіркелгенін жеткізді. Жастар атынан сөйлеген Асқар Омаров тұрғындарды ауыл көшелеріне Бершүгір таулы қыраттарында өсетін ақ теректердің өскіндерін алып келіп, егуге шақырды. Сол кезде ауыл көріктенбек, ауасы тазармақ. Және ауыл маңындағы малға, адамға қауіп төндіретін батпақ шұңқырларды қоршап, бітеу керектігін ортаға салды. Аудан басшысы «Ақыл жастан шығады» дей келе, ауыл жастары ойларының дұрыстығын әңгімелеп, көпшілікке айтылған ұсынысты қолдауға шақырды.
Бершүгірліктер 1905 жылы салынған балабақша ғимаратына жөндеу жүргізілсе, қазіргі күні бос тұрған бұрынғы интернат ғимараты қайта жарақталып, жастардың демалыс орнына айналса деген тілектерін білдірді. Аудан әкімі бұл айтылғандарды қолдап, істің оң шешілуі үшін жауапты адамдарға тапсырмалар берді. Газ құю стансасын салып жатқан тұрғын сол үшін алған жерінің мерзімін жыл аяғына дейін созып беруді сұрады. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаев өтінішін берсе, комиссия арқылы қаралып, мерзімі созылатынын жеткізді.
Аудан әкімі Бауыржан Қаниев есепті кездесулердің еркін әңгіме, сауал-жауап түрінде өткені дұрыс деген пікірін білдірді. Себебі, атқарылған жұмыстардың барлығы баспасөз бетінде жарияланды. Дегенмен, басты-басты жүзеге асырылған жұмыстар, алдағы міндеттерге қысқаша тоқталып өтті. Биыл аудан қатарынан үш жыл жарты миллиард теңге пайдамен аяқтады. Бұл бүкіл аудан тұрғындарының еңбегі екенін, жақсы оқыса, тәртіпті болса оқушының да оған қосқан үлесі болатынын әңгімеледі. Тұрғындардың өздері де пікір алысу барысында қаншама мектептер, денсаулық сақтау орындары, мәдениет ошақтары, спорт алаңдары бой көтеріп жатқаны жөнінде газеттен оқып, өздері де куә болып жүргендерін айтты. Сонымен бірге тұрғындарды алдағы уақытта Шалқар көлі табанының тазартылатыны, Өзбекстан шекарасынан кеден бекетінің ашылатыны, Бозойға дейін жолдың асфальтталатыны, Шалқардан Қандыағашқа дейін тақтайдай тегіс жолдың салынатыны қуантты. Жолдар тартылса жүргіншілер көбейіп, оның бойында тіршілік жанданбақ. Жұртшылық соңғы жылдары аудандағы елді мекендердің қай-қайсысының да назардан тыс қалмай, мәселелері ретімен шешіліп келе жатқаны көпке аян екенін білдірді. Мәселен, Тоғыз, Шілікті бағытындағы құны 1 миллиард теңгеге жақын ауыз су тарту жағдайы шешілсе Қарашоқат елді мекенінде мектеп ғимаратының салынатыны айқын болып отыр. Басқа да елді мекендерде клуб, медпункт, спорт алаңдарын салу көзделуде. Ауыл тұрғындары қоғамда тәртіптің болғаны дұрыс деген ойларын айтты. Мысалы, қоғамдық жерді ластау, бүлдіру, тәртіпсіздік жасау жәйттері тиылуы тиіс. Әсіресе, мал ұрлығына, көлікті мас күйінде жүргізуге, пәтерлерді, көліктерді тонаған ұрыларға заң талаптарының қатайғанын бірауыздан қолдайтындарын жеткізді. Аудан әкімі де елдің бірлігі, ауызбіршілік болған жерде жұмыстың жүретінін, әр елді мекенде қауымдастық, ардагерлер ұйымдары бар, белсенді жастар бар, атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп, ақылдасып жұмыс атқарса бітпейтін шаруаның жоқтығын айтты.
Кездесулерге облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл қатысып, облыстың өткен жылғы жетістіктеріне тоқталды және елді мекендерді экологиялық сауықтыру үшін жасалатын жұмыстарды әңгімеледі. Сонымен бірге, кездесулерге халыққа қызмет көрсететін бөлім басшылары да қатысып, тұрғындардан түскен сауалдарға жауап берді, жеке қабылдаулар өткізді.
Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».