ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ — БЕЙБІТ ӨМІР КЕПІЛІ

Ауданымызға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтың тапсырмасы бойынша аталған комитеттің шекара қызметі «2087 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бастығы Олег Васильев келіп, аудан активінің жиынына қатысып, қадам басқалы отырған Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Шалқар ауданы басшылығының мемлекеттік шекараны қорғаудағы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті жұмыстарының өз мәнінде жүруіне риясыз көмегін атап өтті. Және аудан әкімі Бауыржан Қаниевке ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-майор К.Мәсімовтің 10 желтоқсан 2019 жылғы №10097 бұйрығы бойынша берілген шекарашылардың ең жоғарғы наградасы «Мемлекеттік шекараны күзетудегі үздік қызметі үшін» медалін табыс етті. Сонымен қатар мемлекеттік шекараны қорғап жүрген шекарашыларға қамқор болып, көмегін аямаған «Ұлы Борсық» КМК директоры Сахан Оразбайға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Мәсімовтың атынан екінші дәрежелі «Шекара әскери қызметінің үздігі» медалін тапсырды. Және жоғарыда аталған бұйрық бойынша генерал-майор К.Мәсімовтің Құрмет грамотасымен аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов наградталса, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комиеті Шалқар ауданы бойынша бөлімшесінің бастығы Досым Шарғазин аталған комитеттің «Батыс» аймақтық басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Өз кезегінде аудан әкімі Бауыржан Қаниев ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Мәсімовтің өздеріне көрсеткен құрметі үшін және марапаттарды жеткізуге арнайы келген шекара қызметі бөлімінің басшысы Олег Игоревичке аудан жұртшылығы атынан алғысын білдірді, шекарашыларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Берілген наградалардың өздеріне көрсетілген сенім екендігін, алдағы уақытта да шекарашыларға қолдан келген көмектердің берілетініні айтып өтті. Себебі, ауданымыздың оңтүстігінде орын тепкен шекарашылар бекеті «Возрождение» аралының Өзбекстан Республикасымен арадағы мемлекеттік шекараны күзетеді. Шекарашы жауынгерлер күзететін аумақтың ауа-райы қолайсыз болса да оған қарамастан жеке құрам Отан алдындағы борышын үлкен абыроймен атқаруда.
Аудан басшысы алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында кеден бекетін ашу мәселесі шешімін тапқалы жатқанын, ол кезде асфальттанған жол тартылатынын айтты. «Біздің мақсатымыз бір, ол — елдің тыныштығы, бейбітшіліктің сақталуы. Бізге көрсетілген құрмет пен сенім үшін тағы да алғысымды жеткіземін», — деді.
Аудан активі жиынында аудандық сот төрағсасы Оралбек Бақтыгереев аудан азаматтарына көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, шекара қызметінің ерлік пен батылдықтың мектебі екеніне тоқталды.

Қыдыралы ӘЛИН.