Қаламыздағы №8 орта мектебінің акт залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне орай ауданымыздың ұстаздары бас қосқан «Тәуелсіздік — еркіндігім, елдігім» атты салтанатты жиын өтті. Ол азаттық туын желбіреткен бабалар Абылай, Кенесары хандардың, халық батыры Амангелді Имановтың, Желтоқсан көтерілісінің құрбаны, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің есімдерін ұлықтаудан басталды. Ұстаз Бибігүл Қарағұлова «Ана — Жер — Ана» толғауын толғады, музыкант Нұркен Сырлыбаев «Көк тудың желбірегені» әнін әуелетіп, жиналған көптің көңілін толқытты.
Аудан әкімі Бауыржан Қаниев салтанатты шараға қатысушы мұғалімдер қауымын еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, қандай адам болмасын ұстаздың алдында бас иетінін атап өтті. Ауданымыздың ұстаздар қауымының еселі еңбегінің арқасында шәкірттеріміз биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алды, мерейімізді асқақтатты.
Аудан әкімі ауданымыздың жыл қорытындылары бойынша үш жыл қатарынан жарты миллиард теңге пайдамен аяқтап отырғанына тоқталды. Соның арқасында халыққа пайдасы тиер көптеген игі істер атқарылып келе жатыр.
— Осындай табыстардың нәтижесінде біз өткен жылдан бастап мектеп басшыларын ақшалай түрде марапаттауды қолға алдық. Міне, үш жылдық бюджетті бекіттік, айта кететін қуанышты жағдай, қаламыздағы №5 орта мектеп-лицейінің құрылысы басталатын болды. Ол үшін облыстық бюджеттен 400 млн. республикалық бюджеттен 500 млн. теңге бөлінбек. Ал Қарашоқат орта мектебі аудандық бюджеттен салынбақ, бұл тарихта болмаған жағдай, — деді аудан басшысы.
Сонымен бірге Б.Қаниев аудан мектептеріндегі тозығы жеткен спорт алаңдарының жөнге келтірілетінін, Бозой, Мөңке би ауылдық округтерінде көшелердің асфальттанатынын, жалпы алдағы жылы ауданымыздың инфрақұрылымын дамыту үшін бюджеттен тыс 1 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлініп отырғанын жеткізді. Тағы да басқа атқарылатын игі істерге тоқталды.
Бұдан соң аудан әкімі Тәуелсіздік мереке-сіне орай еліміздің өркендеуіне өз үлестерін аянбай қосып жүрген бірқатар ұстаздарға марапаттар тапсырды. ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен Бершүгір орта мектебінің мұғалімі Алтынгүл Қонақбаева, Тоғыз орта мектебінің мұғалімі Шынар Мәндібаева марапатталды. Осы минис-трліктің Алғыс хатын №6 орта мектебінің мұғалімі Роза Қарабасова, №1 Аула клубының нұсқаушысы Жолдыбек Шоқпытов және осы министрліктің Алғыс хаты мен «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің Құрмет грамотасын Оқушылар сарайының директоры Қайрат Тілешов алды. Сонымен қатар, облыс әкімінің Алғыс хатына №1 спорт мектебі директорының орынбасары Әсем Исмайлова ие болды. ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай білім мен тәрбие берудегі айрықша еңбегі үшін аудан әкімі Б.Қаниевтің 100 000 теңге сыйақы сертификатымен 27 мектеп директоры, 50 000 теңге сыйақы сертификатпен 30 ұстаз марапатталды. Сегіз ұстазға «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалы төрағасының Алғыс хаты, он бір ұстазға аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Ауданның білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков Ақтөбе облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен 30 ұстазды, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен 11 ұстазды марапаттады.
Салтанатты жиынның өн бойында үлкен экран арқылы Тәуелсіздік алған жылдарға дейінгі еліміздің басынан өткізген қилы тұстары және мемлекетіміздің даму кезеңдері көрсетілді. Сонымен бірге мерекелік жиында ұстаздар қауымы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Қыдыралы ӘЛИН,
«Шалқар».