«ӨЗ ҮЙІМ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ПӘТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

2019 жыл «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банк» клиенті Мирамкүл Хұдайсүгір үшін нәтижелі болды. Себебі, биылғы жылы оның өміріндегі бақытты оқиғалар отбасылық мерекелермен байланысты, ең бастысы, немерелі болды, үлкен баласы лауазымды жұмысқа орналасты, кіші ұлы да жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа тұрды. Міне, жылдың соңына қарай тағы бір тамаша жаңалық — Ақтөбе қаласынан тұрғын үй сатып алды.
Мирамкүл Байтілеуқызы Шалқар қаласында тұрады, жеке кәсіппен айналысады. «Менің шағын бизнесім бар, тігін ісімен айналысамын. «Бір күні «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкісінен» қызметкерлер келді. Олардың мақсаты — халыққа банк арқылы пәтер сатып алу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Содан соң осы банктен депозит ашқым келді. Бұл 2010 жыл болатын», — дейді. Ол кезде Мирамкүл Хұдайсүгір үш баланы тәрбиелей отырып өз депозитінде ақша жинақтауға мүмкіндік алды. Себебі оның басты мақсаты — Ақтөбе қаласынан пәтер сатып алу.
«Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінде «Өз үйім» бағдарламасы бойынша пәтер сатып алдық, ол үшін тұрғын үй құнының 20 пайызы қажет болды. Сәті түсіп, біздің жинақтарымыз Ақтөбеде екі бөлмелі пәтер сатып алуға мүмкіндік берді», — дейді Мирамкүл Байтілеуқызы.