Бозой орта мектебінде «Балалар игілігі үшін!» ұранымен «Ризашылық» қайырымдылық фестивалі өтті. Мақсаты — оқушылардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру. Балаларды жауапкершілікке, татулық пен достықтың жарқын құндылықтарына ұмтылдыру.
Шараға аз қамтылған отбасы балаларының материалдық жағдайына демеушілік көрсеткен меценаттар шақырылып, концерт пен жүрек тебірентер қойылымдар қойылды. Одан түскен қаржы аз қамтылған отбасы балаларын 1 жылға толық газет-журналдарға жазуға жұмсалды. Жас ұрпақ бойына білім нәрімен бірге адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді үйретуден жалықпаған Бозой орта мектебінің ұстаздары осы акцияға зор үлестерін қосты. Кеште ауыл әкімі Ж.Жұбаназаров «Мектепке жол» акциясына демеуші болған азаматтарға алғыс айтты. Өскелең ұрпаққа берген біліміміз бен тәрбиеміз, қамқорлығымыз бен жанашырлығымыз келешекте балаларымыздың ел дамуына өз үлестерін қосуға жұмсаларына сеніміміз мол.
Күләш Шаншарова,
Бозой орта мектебінің мұғалімі.