ГҮЛСАМАЛДЫҢ ЖЫРЛАРЫ ОҚЫРМАНДАР КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Кестелі сөз бен жүйрік ойды оқырманға әсерлі етіп жеткізу шынайы таланттылықтың белгісі. Осындай шын таланттардың бірі, өзінің өлеңдерінде өмірдің сан қилы құбылыстарын, болмыс бедерін жыр сүйер қауымға барынша шынайы жеткізіп, оқырман қауымын елең еткізер жырларымен тербеп жүрген, Шалқар топырағынан өнер көгіне шабытпен самғаған жерлес ақын қыздарымыздың бірі — Гүлсамал Аймаханова.
Гүлсамал Төрединқызы 1962 жылы Шалқар қаласында дүниеге келген. І.Үргенішбаев атындағы орта мектепті бітірген соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсіп, журналистика факультетін тәмамдайды. Еңбек жолын Алға аудандық «Жұлдыз» газетінде тілшіліктен бастаған. Мұғалжар газетінің әдеби қызметкері, Ұлы Отан соғысының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы музейінің ғылыми қызметкері, Ақтөбе облыстық телерадиокомпаниясында редактор болып қызметтер атқарған ақын апамыз қазіргі күні Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы болып жұмыс жасайды.
Әрі ақын, әрі журналист Гүлсамал Аймаханованың ауыз толтырып айтарлықтай атқарған істері көп. Өңірде ұлттық құндылықтардың жаңғырып-түлеуінің жаршысы болып қана қоймай, қоғамның белсенді мүшесі, тіршіліктің ұйытқысы болып, 90-жылдардың басында Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысын ақтөбелік ер-азаматтармен бірге алғашқылардың бірі болып батыл қолдап, Байғанин ауданындағы полигонды жабуға қайрат қылған журналист қыз болды. Ақын қыз туралы әріптестері: «Гүлсамалдың қос қанаты бар, бірі —журналистика, екіншісі — поэзия. Тәуелсіздік толқынында қанаттарын қомдап, шыққан биігі де жоқ емес», — деп баға берген болатын.
Расында поэзия мен журналистиканы қатар ұштастырған ақын әр жерде лайықты бағасын алып жүр. Ол қазіргі күні ҚР Журналистер Одағы, ҚР Жазушылар Одағы және Қазақ Авторлар Қоғамының мүшесі, «Көкемарал», «Еңлікгүл», «Ғарышнама», «Жұлдыздарға жол» жыр кітаптарының авторы. Ішкі сезімді сұлу суреттеп, әсершіл көңілдің әдемі әсерін өлеңмен жеткізіп, бақытын поэзиядан тапқан Гүлсамалдың Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Елінің ерке Еңлікгүлі» деген атпен шығармашылық кеші өтті. Поэзия кешінде ақын апамыздың шын тебіреністен, шын шабыттан, шын күйзеліс пен қуаныштан, шын сағыныштан туған «Тал бесік», «Өзіңсіз өмір көктемі», «Дала», «Сүйген жүрек қимайды», «Адал хат», «Еңлікгүл» өлеңдерін мектеп оқушылары мәнерлеп оқып, шығармашылық кештің ажарын ашты. Тылсым сырдан өрілген ақынның әрбір сыршыл өлеңдері көптің көңілінен шықты. Сонымен қатар оған батасын беріп, арнау өлең жазған ағалары М.Құрманалиннің «Абыз ақын тілегі» және М.Кенжебайдың «Гүлі, әрі самалы Ақтөбенің» атты өлеңдері де жатқа айтылды. Ақындық қабілетімен ғана емес, сазгерлік қырынан да көрініп жүрген ақынның сөзіне жазылған Ақтөбенің Әнұранына айналған «Айналдым, Ақтөбем!», өскен елге арналған іңкәр жыры «Айналдым, Ауылым», «Айналайын, жыр-Астана» әндері, сонымен бірге авторлық «Сағындым» әні сахна төрінде шырқалды. Саясынан өзі секілді сан қыранды самғатқан, өзі білім алған ордасының 60 жылдығына арнаған авторлық шығармасы «Мерейлі мектебім» әні хор түрінде шырқалып, алғашқы ұстазы Зияш Дәулетов ағайының рухына арналған «Әліппенің сәулесі» атты өлеңі оқылды. Кештің басталуында ҚР Журналистер Одағының мүшесі Өрік Наурызғалиева Гүлсамал Аймахановамен қызметтес болып, телерадиода жұмыс жасаған кезеңдері туралы бір үзік естеліктермен бөліссе, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев ақынның шығармашылық табыстарға жете беруіне тілектестігін білдіріп, аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің атынан ақынға арналған Құттықтау хатын табыстады. Бұл ғана емес әдеби кеште Гүлсамал апамыздың оқушы кезіне куә болған ұстаздары сахна төріне көтеріліп, оның өте алғыр, білімді шәкірт болғаны туралы естеліктер айтып, жеткен жетістіктеріне қуанып, шынайы тебіреніспен сөз сөйледі. І.Үргенішбаев атындағы орта мектебінің директоры Шолпан Мұқанова да ақынға алғыс сөз айтып, сыйлығын табыстады. Тоғыз ауылдық округі кітапханасының кітапханашысы Жұмабай Әбішев ақынға арналған өлең шумақтарын оқып, шығармашылық кешімен құттықтады.
Айтулы кеште Гүлсамал Төрединқызы халық игілігіне жасап жатқан жұмыстары, шығармашылығындағы жаңалықтары және алдағы уақытта туған өңірден жастарды әдебиетке, шығармашылыққа баулитын әдеби клуб ашу туралы ұсыныс айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Кештің аяқталар тұсында Гүлсамал Аймаханова сахна төрінен түсіп журналистикаға бағыт-бағдар беріп, шығармашылыққа баулыған ұстазы М.Есмағамбетовке шәкірттік шынайы алғысын айтты. Әдеби кештен кейін ақын қыздарымен кездесуге келген оқушылар қалам иесінің шығармашылыққа бет бұруы, сөз өнерін меңгерудің қыр-сыры, ақындық қабілетті шыңдау туралы сауалдар қою үшін коворкинг орталығына жиналды. Әдебиетке жаны құштар оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, нақты, тұшымды жауаптар алды. Гүлсамал Төрединқызы өзі секілді ақын боламын деген жыр сүйер жастарға ең бірінші ана тілін сүю қажет екенін, көп білім ғана адамды шыңға жетелейтінін айтып, ақыл-кеңес берді. Ақынмен бетпе-бет жүздесуді асыға күткен оқушылар естелік суретке түсіп, қолтаңба алысты. Гүлсамал апамыздың лирикасы жайлы: «Мен Гүлсамал лирикасынан жазғы жауыннан соң жарқырап ашылған Тазалық, Пәктіктің Аспанын көремін. Оның ақындық мәнер-машығына үш түрлі ерекшелік тән: бірінші — суреткерлік, екінші — шын ақиқатты шынайылықпен жеткізу, үшінші — сезім сұлулығы. Шығармашылық өнерінің бұл үш қадір-қасиеті әр өлеңінен де анық байқалып тұрады», — деп жоғары баға берген екен Есенбай Дүйсенбайұлы. Расында жерлес ақынның өлеңдерін оқи отырып, ақынның тіл өнері мен сөз құдіретіне ерекше ден қоя білген қабілетін аңғаруға болады. Жауқазын жырларының қауызынан тазалық пен адалдықтың, мөлдірліктің исі аңқиды. Поэзиясында жүрегіндегі мейірім мен парасат, ізгілік пен адалдық шынайылықпен суреттелген.
Өлеңімен өмірді гүлдендеріп, рухты биіктетіп, жан дүниені сұлулыққа малындырар осындай ақындар шығармашылығы қай уақытта да керек-ақ. Адамгершілік, ізгілік атаулыға тәрбиелейтін Шалқардың төл перзенті Гүлсамал Аймаханованың поэзиясын іздейтін оқырманы, ел жұрты бар. Ақын апамыздың шығармашылық шабыты арта берсін.

Арай СИДАҚОВА. Шалқар қаласы.