СПОРТТЫҚ-САУЫҚТЫРУ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратының алдында Воркаут спорттық-сауықтыру алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шарада аудан әкімі Бауыржан Қаниев жиналған қауымды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай пайдалануға беріліп отырған спорттық-сауықтыру алаңының ашылуымен құттықтады. Аудан басшысы осы игілікті істі қолға алып, оны жүзеге асырған «Шалқар саясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Алдашовқа алғысын білдіріп, оның еңбегін жоғары бағалады және қолынан іс келетін осындай азаматтарды әркез қолдайтынын тілге тиек етті. Сөз алған Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры Гүлмира Сражова, спорт ардагері Аманғали Төлебаев Ерланның еңбегін ерекше бағалап, оған табыстар тіледі.
Шарада Ерлан Алдашов осы игілікті істе өзіне қолдау көрсеткен спорт ардагері Аманғали Төлебаевты, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тлембаеваны, Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры Гүлмира Сражованы, Біріккен Ұлттар ұйымының өкілдері Еділ Аймағамбетовты, Медина Төлегенованы, №5 мектеп-лицейінің директоры Әлия Әбдіғапарованы Алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттар табыстады.
Алаңның лентасы қиылып, шашу шашылды.
— Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық «Мәңгілік ел» деп аталатын идеясының «Ұлт денсаулығы — біздің табысты болашағымыздың негізі» атты тарауында салауатты өмір салтының орнығуы, спортпен айналысу, ұлт денсаулығын жақсарту — барлық қазақстандықтардың міндеті», — деп ерекше атап өтті. Егеменді еліміздің жарқын болашағы — жалынды жастардың дені сау, жақсы азамат болып қалыптасуына мемлекет тарапынан мүмкіндік мол. Тек оны тиімді пайдалана білу керек.
Бұл жобаны әзірлеуге негіз болған — Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы. Яғни мен осы жобаға қатысып, арнайы бөлінген грантты иелендім. Осындай алаңдардың жастар үшін пайдасы зор. Ісіме әркез үлкен қолдау көрсететін аудан әкімі Бауыржан Нұралыұлына және жобаны әзірлеуге атсалысқан №5 мектеп-лицейінің ұжымына алғысымды білдіремін. Бұл — біздің жалынды Жастар жылына жасаған тартуымыз, — дейді Ерлан Алдашов.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ, «Шалқар».