Ел Президентінің рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім мен ғылымға маңыз беруі — тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен кемел келешегі үшін алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Ғаламдық ғылымды игерген шығармашыл ұрпақ көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат.
Әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялануға байланысты білім берудің барлық жүйесін жаңғырту үдерісі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды ұйымдастыруға жоғары талаптар қойып, осы үдеріске жаңа, барынша тиімді сапалы бiлiм беру қызметiн ұсынуға 4 К моделiне бағдарланған бiлiм беру процесiн жетiлдiруге (креативтiлiктi, сыни ойлауды, коммуникабельдiлiктi және командада жұмыс iстей бiлудi дамыту), функционалдық сауаттылығы жоғары жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған. Қоғамның заманауи даму сатысында инновациялық үдерістер, бірінші кезекте баланың әлеуетті қабілеттіліктерін ашудың бірінші деңгейі ретінде мектепке дейінгі білім беру жүйесіне әсер етеді. Сондықтан да заман талабына сай балаларға тәрбие, білім беруде шығармашылықпен, жаңашылдықпен жұмыс жасауды мақсат еттік.
Бүгінгі таңда «Еркемай» бөбекжай-бақшасында 7 топта 170 бала тәрбиеленуде. Мекемемізде жас ұрпақты жан-жақты дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Баланың ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымдық көзқарастары мен танымдық белсенділігін арттыруда, шығармашылық икемділігін дамытуда, біліктілікке ұмтылуда, яғни тұлғаны жан-жақты дамытуда ұжымымыздағы әр маман иесі атсалысуда. Басты міндетіміз — бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес баланың білімі терең, ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын жаңашыл тұлғаны қалыптастыру. Осы мақсатта жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру курсынан өткен педагогтарымыз бүлдіршіндерді оқытып, тәрбиелеуде тиімді әдістер жүйесін қолданып, шығармашылықпен жұмыс жасауда.
Инновациялық білім беру құралдарын аудио, видео құралдар, компьютер, интерактивті тақта, интернет, мультимедиялық құрал, электрондық оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерді кеңінен пайдаланудамыз. Бүлдіршіндердің жастайынан ана тілін біліп, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойларына сіңіру, сонымен қатар, ел болашағы үшін өзге тілдерден хабардар ету, ұшқыр ойлы, қиялы жүйрік, орыс-ағылшын тілдерінде алғашқы түсініктері бар жаңа заман баласын тәрбиелеу мақсатында үш тілді білім берудеміз.
Жыл сайын мектепалды даярлық тобынан 25 түлекті тәрбие, білім нәрімен сусындатып, мектеп қабырғасына шығарып саламыз.
Балабақшамызда талапқа сай, күнделікті жүйелі жұмыс жүргізілуінің нәтижесінде балалардың шығармашылық қабілеттері жақсы қалыптасып, танымдық белсенділіктері артып, өз жемісін беруде. Педагогтарымыз кәсіби біліктіліктері мен білімдерін дәлелдеп, үлкен жетістіктерге жетуде. Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда бүлдіршіндеріміздің биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізудеміз. Халықаралық, республикалық, облыстық өнер-білім байқауларынан 8 тәрбиеленушіміз бас жүлде иеленсе, 11 тәрбиеленушіміз 1 орын, 8 тәрбиеленушіміз 2 орын, 14 тәрбиеленушіміз 3 орын иесі атанды. Бас жүлдеге ие болған 3 бүлдіршініміз Алматы қаласында өткізілген ІІ халықаралық «Ұлы дала ұрпағымыз» атты жобаға арнайы берілген жолдамамен қатысып, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық халық аспаптары оркестрінің киелі сахнасында өнерлерін паш етіп, лауреат атанды және «Гавая» аквапарк балалар демалыс орталығына тегін жолдамаға ие болды.
Өнерлі балалардың мерейін өсіріп, үлгі ету мақсатында дайындалған І республикалық«Балабақша жұлдызы»энциклопедиясына 4 тәрбиеленушіміздің жетістіктері жарияланды. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ауданымыздың мектепке дейінгі мекемелері арасында «Үздік мектепке дейінгі балалар мекемесі» атағына және бағалы сыйлыққа ие болдық.
Бөбекжай-бақшамыздың іс-тәжірибесі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының ұйымдастыруымен балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытудағы педагогикалық ұжымның қажырлы еңбегін насихаттау, тарату мақсатында соңғы жылдардағы жеткен жетістіктеріміз сараланып, «Балалар мен балабақшалар» республикалық энциклопедиясы жинағына ендік. Білім саласындағы жаңалықтарды балабақша жұмысына енгізіп, педагогтар жұмысының сапасын көтеруге ықпал етіп, іс-тәжірибелерді таратуға үлкен көңіл бөлініп келеді.
Өткен оқу жылында балабақшамызда төрт аудандық, бір облыстық-аймақтық семинар өз деңгейінде өткізілді. Бірнеше педагогтарымыз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, әріптестері тарапынан жұмыстары жоғары бағаланды. «Еркемай» бөбекжай-бақшасы аудандық мектепке дейінгі ұйымдар рейтингісі бойынша көш бастап келеді.
Алға қойған мақсатымыз:
- балабақшамызда Монтессори модульдері мен құралдарымен жабдықталған арнайы М.Монтессоридің ғажайып әлемі кабинетін ашу;
- балаларға работотехника элементтерін үйретуді енгізу. Робототехникалық құрал-жабдықтарды қолдануға үйрету. Бұл балаларды бір мезгілде оқыту мен техникалық шығармашылыққа баулу болып табылады. Болашақта да ізденісті, жаңашыл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып,тәрбиеленушілеріміз шығармашылықтың әлі талай шыңдарын бағындырып, келешекке кемел біліммен аттанатынына сенімдіміз.
Гүлсім ОРАЛМАҒАНБЕТОВА,
«Еркемай» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.