Аудандық Мәдениет үйінде облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіповтың аудан тұрғындары алдында есептік кездесуі өтті. Оған аудан әкімі Жанболат Жидеханов, облыстық полиция департаменті мен жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов өңірдегі құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
— Кездесуіміздің басты мақсаты — полиция қызметі туралы халықты хабардар ету, қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмысын жақсарту бойынша сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдау.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асыруда полиция департаменті — құқық бұзушылықтың профилактикасы, қылмысқа қарсы күрес бағытында тиісті шараларды жүзеге асырып келеді.
— Шалқар ауданында криминогендік жағдай тұрақты. Бүгінгі таңда қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және азаматтарымыздың қауіпсіздігі басты басымдық болып қала береді, — деді облыстың бас полицейі.
Сондай-ақ ол есеп беру барысында полиция жұмысындағы жаңашылдықтарға тоқталды.
«Алға қойып отырған мақсатымыз — халықтың полицияға деген сенімін арттыру, бюрократиядан арылтып, азаматтардың сұранысына бағдарланған сервистік модельге көшу. Бұл бағытта жұмыс процестерін автоматтандыру, цифрландыру және оптимизация шаралары жүргізілуде. Яғни, құқық бұзушылықтың салдарымен ғана күресу емес, оның алдын алудың себептері мен салдарларын анықтау басты назарға қойылды.
Біздің негізгі міндетіміз — жаңа Қазақстанның талаптарына сай ашық, кәсіби және құзіретті полицияның жұмысын жетілдіру. Сондықтан осы бағытта тәртіп сақшылары аянбай қызмет ете береді», деп құқық бұзушылықпен қоғам болып табанды түрде күрессек, оң нәтиже болатынын жеткізді.
Кездесу соңында департамент басшысы Абай Қуатбайұлы тұрғындардың толғандырып жүрген сауалдарына жауап беріп, жеке мәселелер бойынша қабылдау жүргізді.
Өз тілшімізден.