АЙТ КҮНДЕРІНДЕГІ ІЗГІ АМАЛДАР

Халқымыз үшін ұлық мереке болы саналатын Құрбан айт күндері ауданымыздағы барлық мешіттерде айт намазы оқылып, құрбандықтар шалынды. Қаламыздағы «Алау» стадионы жанында киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындардан спорттық шаралар ұйымдастырылды. Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев тұрғындарды ізгілік пен имандылыққа үндейтін Құрбан айт мерекесімен  құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.

Мәтей Қоқанұлы атындағы мешіттің бас имамы  Бақыт Абдиисламұлы мейрамның мән-маңызына тоқталды.

—Күллі мұсылман баласы бұл күні тазаланып, мешітке айт намазын оқуға асығады. Құрбан айтта көпшілік дәмдісін әзірлеп, дастархан жаяды. Әрбір үйде өмірден өткен ата-бабаларына Құран бағыштайды. Ренжіскен жандар болса, кешірім сұрасып, өкпе-ренішін ұмытады.

 Айтта орындалатын сауапты амалдардың бірі  — құрбан шалу. Бұл Ибрахим Пайғамбардан қалған сүннет амал. Мұсылмандар құрбан малын сойып, мұқтаж жандарға таратады. Сондай-ақ осы қасиетті күні шамасы келгендер Меккеге аттанып, Алла алдындағы тағы бір парызын өтейді, — деді бас имам.

Аталмыш шарада күрес, қол күрес, арқан тартыс, қой көтеру, асық ату, ләңгі тебу сынды ұлттық спорт түрлерінен, сонымен бірге қашықтыққа жүгіруден сайыстар ұйымдастырылып, жүлдегерлер Дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал стадион алаңында  бүлдіршіндерге арнап батут құрылып, оларға балмұздақтар мен тәттілер таратылды.

«Бұл — имандылық пен адамгершіліктің, мейірімділік пен жанашырлықтың мейрамы. Мұсылмандар осы күндерде мұқтаж жандарға көмектесіп, қамқорлық көрсетеді. Бір-біріне ізгі тілектерін айтып, жақсылық жасауға ұмтылады», деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды айт мерекесімен құттықтау сөзінде айтқандай, бұл мерекеден жылылықтың лебі есіп тұрды.  

Айт күндері тегін таксилер тұрғындарға қызмет көрсетті. Қала маңындағы  ипподромда тай жарысы болды. Бұл күні аудан бойынша 4 ірі қара мен 26 ісек құрбандыққа шалынып, еттері  280 отбасыға қайырымдылық ретінде үлестірілді. Теміржол вокзалында «Алматы-Маңғышлақ» пойызының жолаушыларына ыстық тамақтар берілді.

Осындай ізгі амалдармен ұштасқан айт мерекесін ұйымдастырушыларға жұртшылықтың білдірген ризашылығы да жоғары болды.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».