ЖҰЛДЫЗДЫ ҚАЛА — ЕЛОРДА

Еңселі Елорданың туған күні елім деп тебіренген әр азаматтың бойына мақтаныш сезімін оятып, ерекше әсерге бөлейтіні сөзсіз. Өйткені, Нұр-Сұлтан қаласы — нағыз өнер туындысы, еркіндік пен елдігіміздің рухын биіктетіп, Қазақстанның шынайы дамуына қарқынды үлес қосқан Елордамыз — Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған алтын көпір, құрлықтар арасын қосқан айшықты қала.  Өтіп жатқан әлемдік деңгейдегі іс-шаралар Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы мойындалған көшбасшы қала екені дәлелденді.

  Аудандық Мәдениет үйінде Елорда күні мерекесіне орай «Жұлдызды қала — Елорда» атты мерекелік шара өтті. Мерекенің басы «Салтанат» би тобының  өнерімен ашылды.  Аудан әкімі Жанболат Жидеханов салтанатты шараға қатысқан жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, астананың бүгінгі келбетін мақтан етті.

—Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді еліміздің жүрегі, береке-бірлігіміздің тірегі болған Елорда күнімен шын көңілден құттықтаймын. Бұл күннің бүкіл қазақстандықтар үшін маңызы зор. Себебі, тәуелсіздігіміздің тірегі, Отанымыздың жүрегі болған бас қаламыз арқылы Қазақстан өзінің еңсесін тіктеген ел екенін жер-жаһанға паш етті. Бүгінде, астанамыз — халқымыздың айбыны, егемен еліміздің символы, зор мақтанышына айналды, — деді аудан әкімі.

Енді сәл шегініс жасап, бас қаламыздың тарихына тоқталсақ, Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа Астананың халық-аралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Ал 1999 жылы Астана  ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық Ассамблеясының мүшесі. 2019 жылдың 23 наурызында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қаласы Нұр-Сұлтан қаласы болып қайта аталды. Елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекет тәуелсіздігінің символына және жаһандық табысына айналды.

Аудан әкімі Ж.Жидеханов  аудан экономикасының дамуына, саяси-әлеуметтік саласының өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі және қоғамдық қызметтегі белсенді еңбегі үшін аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тлембаеваға «Шалқар ауданының Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыстады.  Және  әр салада қызмет істейтін 11 адам ауданымыздың өркендеуі мен қалыптасуына елеулі еңбек еткендері үшін аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.  Сонымен бірге аудан әкімі «Мерейлі отбасы — 2022» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде топ жарған  жанұяларды марапаттады. Бірінші орынды Оспановтар отбасы иеленсе, екінші, үшінші орындарды кезегімен Үсеновтер мен Бердімұратовтар отбасы бөлісті. Аудан басшысы аталған  отбасыларға сый-құрмет көрсетіп, бағалы сыйлықтардың Сертификаттарын табыс етті.

   Елорда мерекесіне орай жиналған жұртшылық аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламаларын тамашалады.