ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ

КӨМЕККЕ РИЗАМЫЗ

Төтенше жағдай кезінде халықты әлеуметтік қолдау мақсатында жергілікті бюджет (облыстық) есебінен 2493 адамға 49,860,0 мың теңге қаралды. Бүгінгі күнге 1872 адамға 37440,0 мың теңге көлеміндегі 20000 теңгеден біржолғы көмек сәуір айының 15-не дейін белгіленген санаттардың есеп шоттарына аударылған болатын. Аталған әлеуметтік көмек І, ІІ, ІІІ топ мүгедектеріне, мүгедек баланың күтімімен айналысатын ата-аналарға, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға, жалғыз басты және жалғыз тұратын зейнеткерлерге, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастарға (қатерлі ісік, туберкулез, АИТВ/ВИЧ), атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларын қоспағанда отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы Ақтөбе облысы бойынша күнкөріс деңгейі мөлшерінен бір еседен аспаған жағдайда аз қамтылған отбасыларына төленді.
Біз осы орайда аталған әлеуметтік көмекті алған бірқатар азаматтармен тілдескен едік.

Жалғас ӘЛЕКЕШҰЛЫ, зейнеткер:
— Балам Дәулет жұмыс істемейді, яғни өзін-өзі қамтушы. Келінім Венера да жұмыссыз. Көп балалы ана. Яғни төтенше жағдай кезінде мемлекет тарапынан көп балалы отбасы ретінде 20 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алды.
Берілген көмекке немерелерімнің атынан аталық алғысымды білдеремін. Егеменді еліміз бұған дейін де көптеген қиындықтарды бастан кешіріп, береке-бірлік пен ауызбіршілік және ерен еңбектің арқасында оны жеңе білді. Елдегі қалыптасып отырған қазіргі жағдай — уақытша қиындық. Біз — алдағы күнге үлкен үмітпен қарайтын ынтымағы жарасқан халықпыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сондықтан сын сағатта сабыр сақтап, бір-бірімізге демеу болып, ұйымшылдық танытайық дегім келеді.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Орманбек ОРЫНБАЕВ, ІІ топ мүгедегі:
— Мемлекетіміз қай сала болмасын соның ішінде әлеуметтік салаға деген қамқорлықты аяған емес. Бұның барлығы — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың егеменді еліміздің ертеңгі жарқын болашағы үшін жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасы деп білемін. Елдегі қазіргі күрделі ахуалға байланысты көмек ретінде беріліп жатқан 20 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдауға алғысымды айтамын.

Бақыткүл ТІЛЕСОВА қала тұрғыны:
— Біз аз қамтылған отбасы санатынанбыз. Кәмелеттік жасқа толмаған үш баланың анасымын. Өзім жұмыс істемеймін. Жолдасым кіші қызметкер болып еңбек етеді. Қандай да жағдай болмасын мемлекет егеменді еліміздің әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Әркез халыққа үлкен қолдау көрсетіп келеді. Бұны біз ешқашан ұмытпағанымыз жөн.
Елдегі төтенше жағдай кезіндегі мемлекет тарапынан 20 мың теңге көлемінде берілген әлеуметтік көмекке отбасымыздың атынан алғысымызды білдіреміз. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтылмаса керек. Мемлекет басшысының уақытша қиындықтарды еңсеру тұрғысында қабылдаған шараларын ұйымшылдықпен қолдауымыз қажет.

Өз тілшімізден.