Тарифтер төмендетілді

Төтенше жағдай кезінде халықты әлеуметтік қолдау және қаржылық ауыртпашылықты төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар шеңберінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Үкіметіне бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Оның ішінде коммуналдық қызметтердің тарифтерін төмендету де бар.
Аталған тапсырманы орындау мақсатында облыс әкімдігі Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып, тұрғындар үшін коммуналдық қызметтердің тарифтерін төмендетіп отыр. Осылайша, коммуналдық қызметтерге наурыз айына есептелген төлемдері осыған дейін қарастырылған деңгейден төмен болады. Ауыртпашылықты бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мекемелерге жүктеу арқылы төмендегі кәсіпорындар бағаны төмендетіп отыр.
«Ұлы Борсық» КМК директоры Сахан Оразбайдың айтуына қарағанда, аталған кәсіпорын бойынша тарифтері 50%-ға төмендеді, оның ішінде:
сумен жабдықтау қызметі бойынша 1м3 116,27 теңгеден 58,13 теңгеге;
су бұру қызметі бойынша 1м3 125,17 теңгеден 62,59 теңгеге дейін;
жылумен жабдықтау қызметіне 1 гКал жалпы үйге ортақ есептеу аспаптары бар тұрғындар үшін 3332,27 теңгеден 1666,08 теңгеге дейін;
жылумен жабдықтау қызметіне 1 гКал жалпы үйге ортақ есептеу аспаптары жоқ тұрғындар үшін 4407,13 теңгеден 2203,57 теңгеге дейін.
«Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС Шалқар аудандық энергожабдықтау бөлімінің басшысы Жәнібек Қалқаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті хатының негізінде, «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС директорының бұйрығы бойынша электр жарығы жеке тұлғалар үшін тарифы 10 пайызға төмендетілді. Яғни 9,4 теңгеден 8,22 теңгеге дейін болып бекітілді.