Балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізейік

Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Ал кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты тұсаулау, қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды аспектісі болып
табылады.

Осыған орай елімізде кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қадағалаусыз және қараусыз жүруінің алдын алу жөніндегі заңнаманы қалыптастыру және дамыту жұмысының жан-жақты қолға алынғанын баршамыз білеміз.
Мінекей, оқушылар да ата-аналар да тіпті мұғалімдер де асыға күткен биылғы жазғы демалыстың да екі айы артта қалды. Жыл бойы уақытының көбін партада отырып оқып-жазуға кетіретін оқушы, демалысын асыға күтеді емес пе, ендеше сол демалысты тиімді өткізу ата-аналарға тікелей байланысты. Жазғы демалыс уақыты жыл бойына оқушының ең көп демалатын кезі, яғни, бос уақыты да көп болады. Бірақ барлық ата-ана бірдей балаларының демалысын дұрыс ұйымдастырады деп айту қиын. Жазғы демалыс уақытында баланың жыл бойындағы сабақ оқуынан шаршағандығы білінеді, ол тынығып, күш жинап, денсаулығын нығайтып, шығармашылық жұмыс жасау қабілетін арттырады. Бұл — табиғи нәрсе. Тағы бір белгілі болғаны, жасөспірімдер қылмысының 40 пайызы демалыс уақытында жасалады екен. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, алдын алу шараларына ден қою қажет. Балаларымызды балалық шағынан бастап, зиянды әрекеттерден сақтандырып, салауатты өмір сүру түсінігін бойына сіңіру қажет. Біріншіден, кез келген адамның балалық шағындағы ұмытылмас естеліктер — осындай жазғы демалыс кезіндегі қызықты жағдайларға байланысты. Сондықтан балғындар үшін қызыққа толы демалыстың маңызы зор. Екіншіден, жеткіншектер жазғы уақытты дұрыс пайдаланып, ортаға бейімделуді үйренеді. Мұндай демалысты ата-аналардың да қолдайтыны анық.
Жақында қаладағы Питомник көшесіндегі «Ақтілек» ойын алаңында мектеп оқушыларының жазғы демалысын және бос уақытын тиімді өткізу мақсатында 2007-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс өтті. Оған СМП қалашығынан Цеханович және Питомник көшелерінен құрама командалар жасақталып, жарысқа атсалысты. Ашылу салтанатына көше тұрғындары, ата-аналар және спорт ардагерлері Бағжан Жоламанов, Мақсат Салов, Хайдар Тоғызбаев, Қазыбек Муапиков, В.Н.Цеханович атындағы №1 БЖСМ-нің директоры Серік Жоламанов, №2 БЖСМ-нің директоры Мұхтар Құлтасбайлар қатысты.
Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің дене тәрбиесі бойынша нұсқаушы Мейрамбек Жанаманов және №1 Аула клубының нұсқаушысы Жолдыбек Шоқпытов жарысты ұйымдастыруды және төрешілік жасауды өз мойындарына алды.
Жарыс айналмалы жүйе бойынша өткізіліп, жүлдегер командалар анықталды. Атап айтсақ, 3 орынды «Питомник», 2 орынды «Азамат»,1 орынды «Арай» командалары иеленді.
Жабылу салтанатында спорт ардагері зейнеткер Қазыбек Муапиков жүлдегер командаларды құттықтап өз атынан команда ойыншыларына спорттық формаларды сыйға тартса, І.Үргенішбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Бақыт Мақсатұлы да демеушілік жасап, жүлделі орын алған команда ойыншыларына Мақтау грамоталарын табыстады. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналары, Питомник көшесінің тұрғындары жарысты ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, алдағы уақытта балаларды осындай шараларға жиі тартып, бірігіп жұмыс жасауға ниеттерін білдірді.

М. Қосназарова,
аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі, құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі.