Жас талап

Жас маман — ел тірегі, болашақ иесі

26 қыркүйек күні қаламыздағы №6 орта мектебінде Еңбек күніне орай аудан әкімінің қолдауымен, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жас келсе, іске» атты жас жұмысшы мамандармен кездесу өтті.

Кездесуге аудан әкімі Жанболат Жидеханов, аудандық мәслихат төрағасы Жарылғасын Шамбалаев, аудандық ішкі  саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қаниятов, ауданның білім бөлімінің басшысы Аянберген Башанов  және жас мамандар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген жас жұмысшылар қатысты.

Қатысушылар әуелі мектеп ғимаратының кіреберісінде жайылған аудандық оқушылар сарайының, көркемсурет лицейінің, Шалқар көпсалалы колледжі оқушыларының қолөнер туындылары көрмесімен танысты. Және мектеп ауласы алаңында «Ауыл аманаты», «Бір ауыл — бір өнім» жобасына қатысушылардың, мектептер жанындағы еріктілер тобының бұйымдары мен тағамдары қойылған қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты.

Бұдан соң аталған мектептің акт залында өткен кездесуде жас мамандар өздерінің ойларын ортаға салып, пікір алысты. Мәселен, өз саласында аянбай еңбек етіп жүрген «Қамқор Вагон» ЖШС-нің «Шалқар вагон жөндеу депосы» филиалының қойма меңгерушісі Ерлан Бисенғалиұлы және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жиырма бірінші маусымында жұмыс жасап жатқан Альмира Қайратқызы өздерінің еңбек жолын, жетістіктерін баяндады.

Кездесуде аудан әкімі Ж.Жидеханов сөз сөйлеп, алда келе жатқан Еңбек күнінің тек мереке ғана емес, еңбек адамын ұлықтау екенін айтты. Өйткені, ауданымыздың өркендеуі, елдің еңсесінің көтерілуі — еңбек адамдарының қолында. Жұмысшы мамандықты таңдаған әр жас — елдің тірегі, болашақтың иесі екеніне тоқталды.

— Бүгін біз еліміздің еңбек адамына арналған айрықша мерекесін атап өтуге жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялап, жастарды еңбекке баулу, жұмысшы кәсіптің мәртебесін арттыру, еңбек адамына деген құрметті күшейту бағытында нақты тапсырмалар берді.

Аудан көлемінде қазіргі таңда 11990 жас бар. Бұл аудан тұрғындарының 28 пайызын құрап отыр. Жастарды еңбекке тарту бойынша бастамалар табысты жүзеге асып келеді. Биылғы жылы   бекітілген жоспарға «Жасыл ел» бағдарламасының XXI еңбек маусымына 180 жас тарту жоспарланған болатын. Қыркүйек айының 5-іне дейінгі дерекке сай 157 жас жұмыспен қамтылды. Оның ішінде «Үлкен Борсық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» арқылы 130 жас, «Атамекен» студенттік құрылыс отряды арқылы 27 жас еңбекке тартылды. Бұл — біздің жастарымыздың табиғатты қорғауға, елді көркейтуге қосып отырған үлесі.

Жалпы, жыл басынан бері аудан бойынша 785 жас жұмыспен қамтылды. Олардың ішінде 447 жас тұрақты    жұмысқа орналасты, 185 жас жастар тәжірибесінен өтуде, 89 жас қоғамдық жұмысқа тартылды. Сонымен бірге, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 11 жасқа  393,2 теңгеден көтерме жәр-демақы берілді.Оның ішінде: білім саласында 8 маманға 3145,6 мың теңге, спорт саласында 1 маманға 393,2 мың теңге, ветеринария саласында 2 маманға 786,4 мың теңге. Бұл — ауылды өркендетуге бет бұрған білім, спорт және ветеринария саласының жас мамандарына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау.

Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алған жастар да өз кәсібін ашып, ауыл экономикасын дамытуға үлес қосуда. Бүгінгі күні жастар арасында аудан көлемінде 84 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 43 жоба қалада болса, 41 жоба аясында жастар ауылдық округтерде өз жұмыстарын жүргізуде. Бұл — ауыл жастарының кәсіпкерлікке қадам жасап, өз ісін бастауына берілген үлкен мүмкіндік, — деді аудан басшысы.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауданның өркендеуіне, қоғамдық  шараларға белсене қатысып, еңбек үлгісін көрсетіп жүрген бірқатар жастарға, жеке кәсіп иелеріне өзінің Алғыс хатын табыстады. Марапатталғандардың ішінде қайтарымсыз грант иегерлері Гүлзат Тәңірбергенова, Бағила Жұбатырова, «Ауыл аманаты» жобасының жеңімпазы Серікболсын Жексенбай, «Бір ауыл — бір өнім» жобасына қатысушы Аманкүл     Ешмағанбетова, Шалқар вагон жөндеу депосының жас маманы Ерлан Сидақов, «Жасыл ел» жасақшысы Альмира Сембай және қала мектептерінің еріктілер топтары, қосымша білім беру ұйымдары, Шалқар  көпсалалы колледжі бар.

Аудан әкімі кездесу соңында «Барша еңбек адамдарын, жастарымызды алда келе жатқан Еңбек күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әрқашан еңбектеріңіз жемісті болып, жетістіктеріңіз мол болсын» деген тілегін айтты.

  *          *         *

Серікболсын ЖЕКСЕНБАЙ, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушы:

— Мамандығым — агроном. 7 жыл бұрын ағам Нағашыбай Қазинмен бірге жылыжай өндірісімен айналысуды бастадық. Қияр, қызанақ ектік, жыл сайын тәжірибемізді арттырдық. Жылтыр ауылында құм көшкіні болғандықтан, өсімдік шаруашылығымен айналысу қиын.

Дегенмен  2022 жылы «Ауыл аманаты» жобасының басталғанын естіп, қатысып көруге, сол арқылы табысымызды молайтуға бел будық. Сол мақсатта 2,5 пайызбен 18 миллион теңге несие алдық. Аталған қаражатқа жылыжайдың санын арттырып, түрлі тұқымдарды, өзге де керек-жарақтарды сатып алдық. Көкөністі жылына екі рет егеміз, тиісінше сонша рет өнім жинап аламыз. Жылыжай болғасын қысы-жазы жұмысымыз тоқтамайды.

Менің жастарға айтарым, қиындықтан қорықпай, алға ұмытылып жұмыс істеу керек. Тек талап, қызығушылық болса, тәжірибе өзінен-өзі жинақтала береді. Ізденіп, еңбектену керек, сол кезде бәрі де болады. Ондай адамға аудан әкімшілігі де, кәсіпкерлік бөлімі де, жастар ресурстық орталығы да көмектерін береді, қолдайды.

*      *     *

Ерлан БИСЕНҒАЛИҰЛЫ, «Қамқор вагон» ЖШС Шалқар вагон жөндеу депосы филиалының қойма меңгерушісі:

—Теміржол саласы елімізде үлкен рөл атқарады. Менің атам да, кейін әкем мен ағам да осы мамандықты таңдады.

Мен 2017 жылы  теміржол оқуын аяқтап, Шалқар вагон жөндеу депосына жастар тәжірибесінен өтуге қабылдандым. Ұжымдағы білікті мамандардан тәжірибе жинай жүріп, бұл салаға деген қызығушылығым арта түсті. Тәжірибемді аяқтағаннан кейін техник маманы болып қабылдандым. Жұмысқа деген ынтамды байқаған басшылық мені қойма меңгерушісі етіп тағайындады. Жауапкершілігі мен қиыншылығы қатар жүретін бұл жерде жұмыс жасап жатқаныма жеті жарым жыл болды.

Сонымен қатар 2018-2020 жылдары түрлі марапаттарға ие болдым. Соның ішінде 2021 жылы «Жыл жасы» номинациясын алдым. Осы мекемеде жүріп 2021 жылы өз жарымды жолықтырып, отбасын құрдым. Ол да осы Шалқар вагон жөндеу депосына 2019 жылы қабылданып, қазіргі таңда оператор қызметін атқарып келеді. Екі бала тәрбиелеп отырған жас отбасымыз.

Мекемеміздің басшысы Нұрым Әлжанов спортқа көп көңіл бөледі. Футболдан мекемеміз аудан көлемінде және Астана, Тараз, Ақтөбе қалаларында ойын көрсетіп,  чемпион атанды.

Бүгінгі кездесуге келген жастарға әр саланың өз қиындығы болады. Кез келген кедергіден қаймықпай, бар ынта-жігермен жұмыс жасаса, барлық ортада да орын табылады дегім келеді.

 *       *      *

Альмира Сембай,  «Жасыл ел» жастар еңбек  жасағының мүшесі:

— Жылына жастарды осы бағдарлама игілігіне тартып, олардың   достық қарым-қатынасын нығайтып, қоғамға  қамқорлықпен қарап, өзінің туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырған осы — аудандық жастар ресурстық орталығы деп білемін.

Биыл екінші жыл қатарынан мен де еңбек етіп, ата-анама жәрдемдесу мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жұмыс жасап жүрмін. Ауданды көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары бойынша «Үлкен-Борсық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде» оқушы, студент және жұмыссыз жастар болып жұмыс атқарудамыз. Бос уақытты тиімді өткізу мақсатында маусымдық жұмыспен бірге бірқатар жастар арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Бағдарлама өзіме деген сенімімді арттырып, үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Бұл жерден  жақын дос, ақыл мен парасат ұғымдарын ұштастырған орта таптым. Жыл сайын үлгілі еңбек еткен сарбаздарды 3 күндік жолдамамен Астана қаласына жібереді деген ұсыныс бізге үлкен серпіліс берді, соған орай бар күш-жігерімізбен жұмыс жасадық.

Осы орайда, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша бірнеше ұсыныстарым бар: біріншіден, бағдарламаға қатысушы жастар квотасын көбейтілсе, екіншіден, бір адам бірнеше ай жұмыс істесе, себебі, бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік болар еді…

Қ. ӘЛИН, «Шалқар».

 

Басқа материалдар

Back to top button