Денсаулық

Аттан түспеген дәрігер

Маусым айының үшінші жексенбісі — медицина қызметкерлерінің күні. Осы орайда құрметті еңбек демалысына шықса да, елге пайдасын тигізіп, кейбір мамандардың жетіспеуінен бір қолын екі ете алмай жүрген медицина саласындағыларға қол беріп, еңбек етіп жүрген ардагерлеріміз де бар. Сондай жандардың бірі де бірегейі, жаны жайсаң ағамыз, Шалқар аудандық ауруханасының дәрігер-рентгенологы Төлепберген Назарбайұлы Назарбаев. Ол кісі «Гиппократ» антына адал, дәрігерлік қызметті аса біліктілікпен атқарып жүрген азамат екеніне ағамыздың өмір және еңбек жолымен танысқан кезімізде көзіміз жеткендей болды.

Хош, сонымен сәл шегініс жасап, ардагердің өткен жолына зер салсақ, ол 1952 жылдың 6 желтоқсанында ауданымыздың Жаңақоныс колхозында шопан отбасында дүниеге келіпті.

—Әкем Назарбай Есенқұлов Ұлы Отан соғысына қатысып, Воронежде қолынан жараланып, аман-есен елге оралған. Келгеннен кейін бірден еңбекке араласып, Жаңақоныс колхозында қой баққан. Ал шешем Балкөш Есенқұлова сол әкеме жәрдемші болған. Мал өсірудің қаншалықты ауырлығын оны баққан біледі. Колхоздың тынымсыз тірлігін атқара жүріп, шешеміз он екі құрсақ көтерген екен, — дейді Төлепберген аға.

Төкеңнің әңгімесін тыңдай отырып, сонау өткен нәубет кезеңдерінде саны азайып кеткен қазақтың орнын толтырып, елдің сақталып қалуына осындай алтын құрсақ аналардың қосқан үлесінің ерекше екенін сезінгендей боласың. Қайран, біздің шешелер, күндіз-түні бел шешпей еңбек ете жүріп, елді ел қылар ұрпақтың өсіп-өнуі үшін аянбаған, қандай қиындық болса да қайтпай, алға ұмтылған нағыз батыр аналар!

Төлепберген ағамыздың көкейдегі бір өкініші — шешесі дүниеге әкелген 12 баланың сегізінің қайтыс болғаны. Жұбатқан, Жарқеткен, Қошанбай деген үш ұлы бірінен соң бірі шетінеген. Және әке-шешесі бес қызынан айырылған.  «Сол көп баладан төртеуміз-ақ тірі қалыппыз» дейді ағамыз. Иә, ол кезде халықты медициналық көмекпен қамту жайының төмен болғаны рас, әсіресе, ауылдық жерлерде. Дейтініміз, ол кезеңде малшы әйелдерінің дені үйден босанып жататын.

Жалпы әңгімеден аңғарғанымыз, сол кезді қазіргі жағдаймен пайымдағанда балалар тіпті қарапайым қызылша, салқын тиген секілді арзымайтын аурулардан өле берген екен, өкінішті жағдай. Бауырларының есін білмей жатып шетінен шетінеп кетуін ой елегінен өткізген Төлепберген ағаны дәрігер болуға, оның ішінде балалар дәрігері болуға итермелеген осындай жағдайдың әсері  ме екен деген ойға қаласың.

Енді осы жерден Төкеңнің балалық шағына ойыссақ, ағамыз балалығын ауылда, әке-шешесінің қасында өткізіпті. —1960 жылы Жаңақоныс колхозының орталығындағы М.И.Калинин атындағы    сегізжылдық мектептің бірінші класына бардым, апамның үйіне жатып оқыдым. Содан бүкіл өңірдің малына нәубет әкелген қоян жылы (1963-тен 1964-ке қараған жылдың қысы) әке-шешем зейнеткерлікке шығып, орталыққа көшіп келіп, оқуымды өз үйімде жалғастырдым, — дейді кейіпкеріміз.

1968 жылы Жаңақоныс колхозындағы мектепті кілең «5»-ке бітірген Төлепберген Назарбаевты әкесі енді жоғары сыныптарды оқыту үшін қайда жіберерін білмей қиналады. Себебі, аудан орталығына жіберейін десе, жатып оқитын үйдің реті болмайды. Бұл жағдай мектеп ұжымын да ойландырады. Дегенмен, сол кездегі мектептің белді ұстаздары Сағитжан Әметов, Құлтасбай Құлахметов бастаған мұғалімдер ақылдасып, оқуға зерек баланы Ақтөбе қаласындағы дарындылар мектебіне жіберуді ұйғарады. Содан құжат дайындалып, сүзгіден өткеннен кейін аталған мектеп Төкеңді бірден қабылдайды. Ол жерде де ауылдан барған бала қатарластарынан қалмай, мектепті жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Мектеп-интернатқа  пединституттың, мединституттың студенттері практикаға келіп жүреді. Оқушы Төлепберген тіпті солардың жанынан да қалмай, пединституттың «Буревестник» спорт клубына барып, бокс секциясына қатысады, республикалық жарыстарға сапар шегеді. Спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне дейін жетеді.

—Менің бокстағы жетістігімді байқаған жаттықтырушы мұғалімім пединституттың спорт факультетіне оқуға түсуге ұсыныс жасады. Бірақ, мен,  неге екенін білмеймін, мединституттың аппақ халатымен келіп, жұмыс істеп жүрген студенттеріне қатты қызығатынмын. Содан 1970 жылы дарындылар мектебін бітіргеннен кейін бірден мединститутқа құжат тапсыруды ұйғардым. Ол кезде байқау қатты, бір    орынға бірнеше бала таласады, бірінші кезекте біліміңе сенесің. Әлі есімде, биологиядан – 4, физикадан – 4, химиядан – 3, диктанттан – 4 алып, оқуға түсіп кеттім, — дейді Төкең.

Төлепберген Назарбайұлы мединституттың педиатрия факультетін таңдайды, яғни, балалар дәрігері болуды қалайды. Ал, ол оңай мамандық емес еді, себебі, бала ауыратын жерін айта алмайды, дәрігердің өзі диагнозын дәл тауып, емдеуі керек. Төкең осындай қиындықты біле тұра, балалар дәрігері боламын деп шешім қабылдайды. Ол үшін білімің мықты болу керек. Студент Төлепберген барлығын ысырып қойып, оқуға ден қояды. 1976 жылы педиатрия факультетінің алғашқы түлегі болып,  мединститутты бітіргеннен кейін, бір жыл Ақтөбе  теміржол балалар ауруханасында педиатрлық мамандығы бойынша интернатурадан өтеді. Бұл таптырмас мүмкіндік еді, себебі, осы жерде білікті дәрігерлер жұмыс істейтін. Осыны пайдаланған жас дәрігер теорияны практикамен ұштастырады, көп нәрсені үйренеді. «Әсіресе, Корымыч деген еврей әйелі, Нина Ивановна Рогожина деген балалар дәрігерлерінен көп тәлім алдым» дейді Төкең.

Бұдан кейін 1977 жылы балалар дәрігері Төлепберген Назарбаев жолдамамен Шалқар тораптық теміржол ауруханасына дәрігер-педиатр болып жұмысқа келеді. Және балалар дәрігері бола жүріп, өмірге жаңа келген сәбилерді қарайтын неонтолог қызметін қоса атқарады.

—Жасыратыны жоқ, мен Шалқарға келіп жұмыс бастағанда балалар өлімі көп болды. Көбі үйден қазақша ем қолданады, шаныштыруға қорқады екен. Күн тәртібіне балалардың өлімін азайту мәселесі қойылды. Күндіз-түні жұмыс істедік, нәтижесі болды, көрсеткіш жақсарды. Мақтанғаным емес, мен сол кезде газет беттерінен түспедім, талай өмір мен өлім арпалысқан қиын жағдайды өткердік. Соның бір мысалын айтсам, еліміз егемендік алғаннан кейін біздің өлкеге де Моңғолиядан қазақтар келіп қоныстанып, мал баққан болатын. Сол оралмандар отбасынан аяғы ауыр әйел босана алмай жатыр деген хабар жетті. Ол кезде теміржол бойында жұмыс істеймін, екі гинекологты алып, медбикелер бар, бірден жеттік. Барсақ, екі бөлмелі қоржын үй, бір жағында әйелдер жиналған, екінші жағында еркектер темекіні бұрқыратып отыр екен. Бөлмелер ағып-тамып жатыр, антисанитария. Әйел көкпеңбек болып кетіпті, өлім аузында жатыр. Бірден наркоз беріп, қан тобын анықтап, шешесінен тікелей қан құйдық. Системалар салып, бес-алты сағаттай арпалыстық. Сөйтіп, әйелді аман-есен босандырып, тірі алып қалдық, бала да аман. Міне, кей уақыттарда осындай қиын жағдайлар да кездесетін. Бірақ, барлық білім мен тәжірибені салып, ауырған адамдарды қолдан келгенше ажалдан арашалап қалатынбыз, — дейді Төлепберген аға.

Төлепберген Назарбаев 1977 жылы Шалқар тораптық теміржол ауруханасына жолдамамен келіп, балалар дәрігері болып еңбек жолын бастаған кезден-ақ білгір дәрігер болып, абырой-беделге ие болады. Ешкімге жалтақтамай, бірден жұмысқа беріліп, адал қызмет етеді. Себебі, ол интернатурадан өткен кезінде-ақ бір жыл бойы өте білгір балалар дәрігерлерінің жанында жүріп, осы мамандықтың қыр-сырын барынша меңгерген болатын. Және мединституттың қабырғасында жүргенінде оқуға ден қойғаны да көп көмегін тигізеді.

—Мен теміржол ауруханасында еңбек жолымды бастағанда Жұбаныш Бимағамбетов деген ағамыз бас дәрігер екен. Өте жайлы, жақсы басшы болды. Ем-дом іздеген жандармен қалай сөйлесу керек, жалпы адамдармен қарым-қатынас, дәрігерлік этика, т.б. көп нәрсені сол кісіден үйрендім, — дейді Төкең.

Жақсы қызмет істеген адамға қай жерде де қолдау бар. Жоғары басшылық жас дәрігер Төлепберген Назарбаевты Ақтөбе, Ташкент қалаларына білім көтеру курстарына жібереді. 1982 жылы дәрігер-рентгенолог мамандығы бойынша мамандандыру курсынан өтіп, осы қызметке кіріседі. 1984 жылы білгір дәрігерді теміржол ауруханасының емхана меңгерушісі қылып тағайындады. 1995 жылы оған медицина саласының ұйымдастыру-басқару жөніндегі 1-категориясы беріледі. Төкең емхана меңгерушілігін тораптық теміржол ауруханасы жабылған 1997 жылға дейін атқарады.

Шалқар тораптық теміржол ауруханасының ұжымы, 1990 жыл.

—Содан 1998 жылы Шалқар аудандық ауруханасына дәрігер-статист болып жұмысқа қабылдандым. Ал 1999 жылдың қаңтар айынан бастап Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалдым. Ол кезде аурухананың жағдайы қиын болды. Ғимараты көмірмен жылытылды, электр қуаты есептеулі. Ауруханада дәрігерлер жетіспейді, өйткені айлық аз, көбі жұмысты тастап кетті. Халықты емдеуге дәрі тапшы, компьютер жоқ, рентген плюнкалары жетіспейді. Тек күрделі жағдайды басты назарда ұстап отырамыз, халықтың тұрмысы да төмен болды, арыз көп.  Дегенмен, сол кезеңде менің қарамағымда антына берік, мықты дәрігерлер болды. Мәселен, білікті хирургтар Мұрат Майлыбаев, ол қазір Алматыда, медицина ғылымының кандидаты, Әлжаппар Ахметжанов, Қуантай Махамбетов, Жанболат Итеғұлов, Есенғали Көпенов секілді, міне, осындай әріптестерімнің арқасында бір ескерту не сөгіс алмай, бас дәрігерлік қызметті 4 жыл бойы абыроймен атқарып шықтым. Содан соң 2003 жылдан бастап, зейнеткерлікке шыққанға дейін ауруханада ұйымдастыру-әдістемелік бөлімнің меңгерушісі болып жұмыс істедім, — деді Төлепберген ағамыз.

Қазіргі күнге дейін кейбір мамандықтар бойынша дәрігерлердің жетіспейтіні белгілі жағдай. Осыған орай, басшылық әлі де Төлепберген ағаның қызметін пайдалануда екен. Бұл күнде Төкең жасы жетпісті еңсерсе де шаршадым демей, дәрігер-рентгенолог болып халыққа қызмет істеп жүр.

—Аға, бүгінде дәрігердің еңбекақысы жақсы, неге кейбір мамандықтар жетіспейді? — деп сұрадым.

—Иә, дұрыс айтасың, дәрігерлердің еңбекақысы жақсы, бірақ, менің ойымша жастар уақытын қимайды. Мәселен, 6 жыл мединститутты оқу қажет және белгілі бір маман болу үшін 2 жыл тағы да қосымша оқу керек, барлығын қосқанда 8 жыл. Сондықтан жастардың көбі оқу бітіріп келгеннен кейін, емдеуші учаскелік дәрігер болып жұмысқа тұрып алады да, айлығын алып жүре береді. Сондайдан мамандар жетіспейтін болады, — деп жауап берді Төкең.

Төлепберген Назарбаев тек білікті дәрігер болып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене ара-ласқан адам. Ол 1994-1999 жылдары Шалқар аудандық мәслихатының I шақырылымы бойынша депутаты болып сайланып, аудандық мәслихат депутаты есебінде халықтың мұң-мұқтажына араласып, қолынан келгенінше көмегін берді.

Әрине, ағамыздың табысты жұмыс істеуіне, еселі еңбек етуіне жағдай жасап отырған үйдегі Зоя жеңгеміз екені анық. Зоя Ғаббасқызы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданының тумасы екен. Ол — қасиетті де киелі, небір елімізге белгілі атақты адамдардың кіндік қаны тамған жері. Атақты әншілер Мұхит Мералыұлы (Сал Мұхит), Ғарифолла Құрманғалиев, ақын Қадыр Мырзалиев, композитор Ескендір Хасанғалиев, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова осы өңірде туып-өсіп, елге танылған        таланттар.  — Ғарифолла менің жездем болып келеді, араласып тұратынбыз. Мен қарапайым отбасында туып, Оралдың педучилищесін бітірдім. Қаратөбе қазақы аудан, мал шаруашылығымен айналысады, табиғаты керемет, халқы қонақжай. Қасынан Қалдығайты деген өзен өтеді, көктемде сарқырамасынан үлкен мұздар көшіп, құлап ағады, соны арнайы барып тамашалайтынбыз.., — деп Зоя жеңгеміз туған жерін мақтанышпен біраз әңгімеледі.

Ағамыз Төлепберген мединституттың 5-курсында оқып жүргенінде осы Зоя Ғаббасқызымен көңіл жарастырып, бас қосыпты. Биыл шаңырақ көтергендеріне — 50 жыл, яғни — Алтын той!

Төкең Зоя жеңгеміз екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, қатарға қосыпты. Қызы Рауан өзінің жолын қуып, дәрігер болған екен, Ақтөбе қаласында жеке клиникасы бар. Үлкен ұлы Роллан теміржол саласында қызмет көрсететін америкалық компанияда менеджер көрінеді. Ал кенжесі Сағыныш жеке кәсіпкер. Бұл күнде Төлепберген аға мен Зоя жеңгей осы балаларынан немерелер мен шөберелер сүйіп отырған бақытты ата мен әже.

Әңгіме барысында Төлепберген ағамыз: «Менде нағашы жоқ!» деп қалды. «Ол қалай болғаны…» дедім. «Оны маған шешем айтып кеткен» дейді Төкең.

Оның себебі былай болған екен. Төлепберген ағаның шешесі Балкөш болса, оның әкесі Жүсіпбай деген кісі өткен ғасырдың басында Байғанин ауданының Жарқамыс деген жерінде мешіт ұстаған, бай-қуатты адам болыпты. 1920 жылдың аяғында бай-кулактарды қудалау басталғанда Кеңес үкіметі Жүсіпбайды және оның жігіт болған алты баласын атып тастайды, яғни, тұқымымен құртады. Ал  аман қалған Балкөшті Төкеңнің әкесі Назарбай жақын маңдағы Доңызтаудан келіп, алып кетеді. Шешесінің «Сенің нағашың жоқ» деуі содан екен. Қандай қиянат!

Төлепберген Назарбаевтың медицина саласынан қол үзбей, талмай еңбек етіп келе жатқанына жарты ғасырға жуық уақыт болды. Еңбегі еленіп те, бағаланып та келеді. Республикалық, облыстық, аудандық басшы органдардан алған Мақтау қағазы, Алғыс хаттары бір бөлек, 2012 жылы облыстық ден-саулық сақтау басшылығының «Н.Ч.Пирогов» медаліне, 2019 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне ие болады. Және 2023 жылы Республика күні мерекесі қарсаңында Ел Президентінің Жарлығымен мемлекеттік награда «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тағады.

—Бүгінгі күні еліміз әділетті Қазақстан құру жолына бет бұрды. Сондықтан қай салада болмасын жастарымыз қазіргі заманға сәйкес дамып, қоғамға бейімделуі керек. Ол үшін әрбір отандасымыз өз саласында адал еңбек етсе ғана айқын  мақсаттарға қол жеткіземіз, — дейді Төлепберген Назарбай-ұлы.

Иә, өз әріптестерінің және елдің арасында сыйлы, абыройы жоғары, тәжірибесі мол Төлепберген дәрігердің әлі де қызмет етіп, халыққа пайдасын тигізеріне сеніміміз мол.

Және алдағы медицина қызметкерлері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Ағамызға мықты денсаулық, табысты еңбек, отбасы бақытын тілейміз.

Қ.ӘЛИН, «Шалқар».

 

 

Басқа материалдар

Back to top button