Мәдениет

Мен сенің өміріңнің жалғасымын…

Соғыс өрті ушықты болжамдардан,

Естелік сұра тірі қалғандардан.

Жамағат, біздің тарих — алтын шынжыр,

Әр жерден жиі үзіліп, көп жалғанған.

Сонау сұрапыл соғыстың сұмдығын көрген аталарым туралы білу де, айту да менің перзенттік борышым деп білемін. Тілеу атамыздан тараған, Қуат  руының ұрпағы Рах баласы Әбдрайм және Әбдрайм баласы Қуанышбай атамды мақтан етемін.

Атам Әбдрайм Рахұлы  1899 жылдың 18 қыркүйегінде Шалқар ауданында дүниеге келген. Атам 1934 жылдың 25  маусымынан 1941 жылдың 20 тамызына дейін Шалқар  қаласындағы Орынбор темір жолында бригадир қызметін атқарғаны еңбек кітапшасында жазылған.

Атамыз екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен Шалқар аудандық әскери комисираттың шақыртуымен қатардағы жауынгер ретінде соғысқа аттанып, 1942 жылы 12 шілдеде Воронеж қаласын қорғау операциясында жараланып, тұтқынға түскен. Бұл деректерді айғақтайтын құжаттар бар.

Раков Әбдрайм 7644 номерлі «Шталаг 9 В» концентрациялық лагерінде тұтқынға түсіп, 1944 жылдың 25 ақпанында қаза тауып, «Ламсдорф» лагерінде жерленген. Тұтқынға түскен кеңестік әскерлер үшін қамау тән азабымен қоса, жан азабын да таттырған. Әрбір әскери тұтқынға неміс тілінде карточка жүргізіліп, онда аты-жөні  туған жері, жерленген жері жазылған. Сол құжатта «Ракова Тойдық» деп әжеміздің аты жазылған. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы, Киров көшесі 50 «а» үй деп толық жазылған. Бұл қазіргі Шалқар қаласындағы Ұран  Бақтыбай көшесі.

Баба өзіңнің ерлігіңе сыйынғам,

Ұрпақтарың іздеу үшін жиылған.

Уыс топырақ туған жерден бұйырмай,

«Ламсдорфтың» топырағынан бұйырған!…

Менің Қуанышбай атам, 1926 жылы дүниеге келген. Әр шаңырақтан бір азамат соғысқа  аттану керек деген  бұйрықпен Әбдрайым атам баласын қалдырып, өзі 42 жасында соғысқа аттанған. Ал Қуанышбай атам 16 жасында әкесінен айырылып,  анасы Тойдық азаматының орнына жұмыс жасап жүрген жерінен темір жолда пойыз қағып қайтыс болады… Ата-анасының аманатымен жалғыз қарындасы Сұлубике Әбдраймқызын (1928-1989) ертіп, Қуат әулиетінің ортасына барады. Өз еңбегімен, қол шеберлігімен  ағайынға араласып, 1950 жылы Ұлбике Имамадинқызымен (1932-2022) шаңырақ құрады.

1951 жылы әскерге шақырылып, Қиыр Шығыста (Владивосток) байланысшы болып  4 жыл Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары мен қауіпсіздік үшін сонша жыл әскерде болады екен. Әскерден оралған соң отбасында менің атам Сағитжан Қуанышбайұлы 1956 жылы дүниеге келген. Бауырлары Сәуле, Бақытжан,  Базаргүл, (Бақберген), Мирамгүл атты аға-апаларым дүниеге келген.

Атамның еңбекқорлығы мен шеберлігі  бізге үлгі әрі мұра. Атамның қолынан жасалған керемет бұйымдар Қайдауыл станциясындағы үлкен әкем мен анам Бақыран мен Зәуренің шаңырағында сақтаулы тұр. Еңбекпен қатар, атам музыканы жақсы көрген. Оны балаларының бойына дарыта білген. Оған дәлел үлкен апамыз Сәуле, Атырау қаласында Мәдениет саласының үздігі, музыкант әрі мәдениет үйінің басшылығынан зейнеткерлікке шықты. Ал Қуанышбайқызы Базаргүл апам баянмен керемет ән айтады.

Өмір мен өнерді, еңбек пен ерлікті ұштастыра білген аталарым мен үшін мақтаныш. Спорт саласындағы әрбір жеңісім мен жетістігім аталар сабақтастығы деп ойлаймын.

Жоғалтты талай ұлын сайын далам,

Ұрпағы бар сонда да мойымаған,

Менің бабам — елімнің мақтанышы,

Ерлігіне ескерткіш қойылмаған.

«Мәңгілік Ел» танып-өстім жасымнан,

Бейбіт күннің әлемі боп ашылған,

Бабаларым Ұлы Отанды қорғады,

Жүрегіне  оттай мөрі басылған !!!..

Сіздердің есімдеріңіз —  мәңгілік  есімізде!..

Сәулемай САҒИТЖАН, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің 1-курс студенті. Дзюдодан Азия чемпионы.

Басқа материалдар

Back to top button