Мәдениет

Ел таныған партизан

Әбдіғали Нұрғалиұлы Төлегенов 1917 жылы 1 қаңтарда Ордақонған болысы №11 ауылында дүниеге келген.1924 жылы осы ауылдағы Дүйсен ағайдан дәріс алады.1928 жылы бастауыш мектептің 4 класын бітіріп, 1930 жылғы зобалаңға байланысты, Мақтаарал ауданына қоныс аударады. Осы аудандағы «Қызыл еңбек» деген газетте жұмыс істеп жүрген кезінде 1939 жылы әскерге алынып, 1940 жылы 12 қаңтарда Финдермен соғысады. Бұл соғыс бітіммен аяқталып, 1941 жылы сәуірде немістермен шекаралас Гродно қаласына әкеледі. 22 маусым күні немістер қаланы басып алады. Қалада тұрған әскер жанқиярлықпен соғысып, қаланы қайтарып алғанымен, оны ұстап тұруға шамалары келмегендіктен шегінуге бұйрық беріледі. 10 тамызда Могилев облысында қалған әскерлердің барлығын жинап, 2-Клетнянск бригадасы деген атақ береді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Ресейдің Смоленск, Брянск, Белоруссияның Могилев облысындағы Т.М. Коротченко басқарған 2-Клетнянск бригадасында партизан болған. Былинкович станциясы маңындағы көпірді талқандап, Кричев-Унеча темір жолындағы неміс эпиолондары қозғалысын 27 тәулікке тоқтатуға қатысып, немістің 20 солдатын жойған. Осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «І дә-режелі Отан соғысы», «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордендері, «Отан үшін» медалі т.б. марапаттары бар.

Сондай-ақ жазушы Әди Шәріповтың «Партизан қызы», «Арбасу», «Ормандағы от», «Ұлы Отан соғысы жылдарында» кітаптарында соғыстағы ерліктері баяндалған. Әскерден елге 1946 жылы аман келіп, шаңырақ құрып,  балалы болды, немере, шөберелер сүйді.

1947 жылдан Шалқар ауданының орман шаруашылығы мекемесінде бригадир болып, 1977 жылы осы мекемеден зейнеткерлікке шықты. Шалқар қаласында Әбдіғали Төлегенов көшесі бар. Қазақтың партизан батыры, жазушы Әди Шәріповтың өмірі мен ІІ Дүниежүзілік соғыстың қасіретін баян еткен «1941 жылдың жазы» атты кинофильмде Әбдіғали Төлегеновтің өр тұлғасы, батыл қадамдары көрсетіледі. Ерлікпен астасқан партизан әкеміздің жауынгерлік болмысы ешқашан ұмытылмайды.

Құдайберген ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҚР Білім беру ісінің үздігі.

Басқа материалдар

Back to top button